Қазақстанда салықтан жалтару үшін Ресей арағын бояуға кірісті

2116

Республика көршісінің қарау қарекетімен күресіп көрмек.  

Қазақстанда салықтан жалтару үшін Ресей арағын бояуға кірісті

Қазақ еліне Ресейден шығу-тегі күмәнді ішімдіктердің әкелінуі – мемлекетаралық деңгейдегі проблема. Әсіресе, ол "Жаңа жыл" мерекесі қарсаңында өзекті бола түседі. Өйткені осы мейрам күндері арақ-шараптан улану жағдайлары көбейеді. Дегенмен бұл мәселенің шын ауқымы белгісіз. Азаматтардың үлкен бөлігі құсып, жаны қысылып жатса да жедел жәрдем шақырмайды. Халық одан өз бетінше айығудың түрлі "дәстүрлі" тәсілдерін меңгерген.

Арақты неге бояйды?

Осы орайда тағы бір проблема туындады. Ресей Қазақстанда жоғары салық төлемеуі үшін арағын бояп, таси бастады. Себебі ереже бойынша арақ деп, түссіз, мөлдір, қызуы жоғары ішімдік танылады.

Рунетте ресейлік өндірушілер 10 миллилитр эссенция қосып, арақты қалай коньякқа айналдыруға болатыны жөнінде "құпиясымен" бөлісіп жүр. Мас болудан арланбайтын адамдар нақты қандай ресейлік коньяк түрі шынында арақ екенін біледі.

Елімізде Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2021 жылы алкоголь өнімдерінен жиналатын акциз салығының ставкасы артты. Мәселен, 100%-дық спирттің 1 литрі үшін акциз 2 550 теңгеге дейін көтерілді. Бұл арақтың 6,5 пайызға тағы қымбаттауына соқтырды.

Бірақ соның өзінде ресейлік арақтар жергілікті өнімдерді сөрелерден жаппай ысырып, тұйыққа тіреуде.

"ҚазАлкоТабак" алкоголь және темекі өнімдерін өндірушілер, импорттаушылар және сатушылар қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің айтуынша, саладағы құлдырауды мына көрсеткіш айғақтайды: 2013 жылы отандық өндірушілер 46 миллион литрден астам арақ шығарған. 2020 жыл қорытындысында 22 млн 278 мың литрге әзер жетіпті. Ал 2021 жылы шамамен 22,4 млн литр болған.

Өткен жылы қазақстандық компаниялар ішкі сұраныстың 84,6%-ын ғана өтеген. Биыл бұл көрсеткіш 79,2%-ға дейін құлдырады.

Бұл ретте арақ импорты биыл бірден 70%-ға өсіп, 7 млн литрге жуықтады.

Үкімет те дабыл қағуда.

"Коньяк және коньяк дистилляты (немесе "псево-коньяк") деп сатылатын алкоголь өнімдерінің шетелден келетін импорты бірнеше есе өсті. Қазақстандықтар арақты ішуден алыстап, "боялған арақты" шамадан тыс тұтынуға ауысты", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсініктемесінде.

"QazSpirits" алкоголь өнімін өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының ақпаратына жүгінсек, қазақстандық кәсіпорындар да импорттық дистилляттан коньяк өндіруге көшуде. Бұған қоса, азаматтар "псевдо-коньякты" немесе "боялған арақты" көбірек іше бастады, сондықтан оның импорты бірнеше есеге өскен. 

Сол себепті енді ел Үкіметі ресейлік өндірушілердің араққа бояғыш араластырып, акциз салығынан жалтаруына тоспа құруға кіріспек.

"Коньяк дегеніміз – біраз уақыт ұсталған коньяк спиртінен, су мен қанттан дайындалған, өзіне тән иіс-букеті мен дәмі бар қызуы жоғары алкогольдік ішімдік. Тіпті қарапайым ординарлы коньякты дайындау үшін арнайы технологияны қолдана отырып, коньяк спирттерін 3-тен 5 жылға дейін ұстау (выдержка) талап етіледі. Боялған арақта мұның бірі де жоқ", – деп түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Әрине, боялған арақты заңсыз деп танып, елімізге әкелінуіне мүлдем тыйым салып тастауға болар еді. Алайда Еуразиялық одақ кесірінен, шекара ашық жатқан жағдайда бұл тыйымды сақтау қиын болады. Ал Ресейден келетін бүкіл коньяктың жай ғана боялғанын немесе 3-5 жыл ұсталғанын анықтап, зерттеп жатуға кеденнің және құзырлы органдардың қауқары жете қоймас. Оның үстіне ресейлік боялған арақ та негізінен, ресми акциз маркасымен бірге заңды түрде келеді. Сондықтан тұйықтан шығудың жолы ретінде енді Қазақстан коньяк салығын да күрт арттыруға бармақ. Сонда оның ішіне боялған арақ та кіреді.

"Коньякқа, брендиге арналған қолданыстағы акциз мөлшерлемесі төмен. Ол дайындаудың технологиялық жағынан күрделі, үш жылдық кезеңін ескере отырып, Қазақстанда коньяк өндірісін сақтап қалу және елде жүзім шаруашылығын дамыту мақсатында жасалған болатын. Бірақ енді адал отандық өндірушілерді қолдау үшін 100%-дық спирттің 1 литріне сәйкес, коньякқа, брендиге қолданылатын акциз мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылады", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Коньяк, бренди акцизі арақпен теңесуге тиіс.

Меморганның мәліметінше, бұл қадам "отандық өндірушілерді қорғауға және қолдауға бағытталған", тиісінше, "оның теріс салдарлары жоқ".

Боялған арақпен өзге елдер қалай күресуде?

Айта кету керек, қазақстандық шабан қимылды шенеуніктер тағы да кешігіп қалды. Мәселен, боялған арақпен солтүстік көршінің өзі де күресуде. Өйткені санкциядан сорлаған, халықаралық басқыншылық жобаларға шығыны өскен Ресей төл бюджетіне салықтарды еселеп арттыруға мұқтаж. Ресей Федерациясында коньяк акцизі арақ акцизімен толық теңестірілді. 2021 жылы 1 литр араққа акцизінің ставкасы 566 рубльді (3,4 мың теңгені) құрады. Коньяктың литріне акциз ставкасы да 566 рубльге тең.

Орыстардың боялған арағының тасқынына жол бермеу үшін өзбек ағайындар ерте қамданды. Өзбекстанда 2021 жылы коньякқа салынатын акциз араққа салынатынмен бірдей болды және 125 100 өзбек сомына (5 мың теңгеге) бара-бар.

Ресейдің айналасындағы көршілерінің бәрі де уақытында әрекет етті. Грузия мен Украинада да коньяк пен арақ салық жөнінен теңесті. Әйтсе де, негізінен, бүгінде еуропалық нарыққа бағдарланғандықтан, оларда салық мөлшері төмен. Грузияда 2021 жылы 1 литр араққа және коньякқа салынатын акциз 2 лариді (275 теңгені), Украинада 25,39 гривенді (405 теңгені) құрайды. Бұл елдер Ресей өнімдеріне басқа жолдармен кедергі келтіріп отыр.

"ҚазАлкоТабак" қауымдастығының президенті Ә. Қалиевтің байламынша, қазіргі кезде Қазақстандағы арақтың әрбір екінші бөтелкесі – контрафакт. Ресейден акциздік маркасы бар ресми боялған арақ сыртында, контрабандалық жолдармен қолдан жасалған арақ та тасылады.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда қатаң карантин енгізілген 2020 жылы ішімдік ішу айтарлықтай азайған. Алайда өңірлік бас санитарлар банкеттер мен тойларға қайтадан рұқсат ете бастағаннан кейін ол күрт ұлғайды. Мысалы, 2021 жылғы 8 айдың ішінде қазақстандықтар 28,3 миллион литр арақ ішіп үлгерді (былтырғы ұқсас кезеңде 22,6 млн болған). Ал коньяк пен боялған арақ тұтынысы әрі қарай тоқтаусыз, қарқын ала берсе, арақты артқа тастауы мүмкін. Кейбір деректер бойынша, жыл басынан бері 15 миллион литрдейі ішіліпті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу