Соңғы күндері қоғамда самокаттар мен мопедтер мәселесіне арналған жиын, іс-шара көбейді. Басты себеп – қос дөңгелекті көліктердің қатысуымен жол-көлік апаттарының көбеюі, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ресми статистикаға жүгінсек, 2023 жылдың 4 айында мопедтердің қатысуымен 333 жол-көлік оқиғасы орын алып, 309 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болған. Бір жылда қайғылы көрсеткіш еселене түскен. Мәселен, 2022 жылдың 4 айында 95 жол-көлік оқиғасы орын алып, зардап шеккендер саны 80-нен аспаған, ал қайтыс болғандар мүлде тіркелмеген.
Былтыр ел аумағында 41 самокатшы жол-көлік оқиғасына түсіп, 1 адам қаза тапқан. Бұлар басқа көліктердің қатысуымен болғандықтан, статистикаға ілінгендері ғана.
Жалпы самокаттар биылғы мамырға дейін көлік құралы саналмағандықтан, ресми статистика жүргізілмейді. Бірақ күн сайын ауруханаларға самокат айдап, жарақат алған 4-5 адам түседі екен.
Бұған басты себеп - самокат пен мопедтер саны күрт көбейген. Мысалы, Экологиялық транспорттар қауымдастығының мәліметінше электросамокаттар 2021 жылғы 1,8 млн-нан 2022 жылы 7,2 млн-ға жеткен.
Сонымен қатар арнайы заңмен реттелмегендіктен, самокатшылар мен мопедшілер қалаларда қуыс-қуыспен жүріп, жол ережесін сақтамауға көшкен. Цифрлар өсіп жатқандықтан, мәслихаттар, мәжіліс, құқық қорғау органдары мен бизнес қалай реттейміз дегенге көшті.
Қоғамның бір бөлігі самокат, мопедтердің кесірінен жол апаттары көбейді, шектеу керек десе, кәсіпкерлер бизнеске қол сұғылып жатқанын айтуда. Сондықтан бұл тақырып аясында талқы да, жиын да көп. Арнайы заң да қабылданды.
10 мамырда Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдады. Онда электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады. Велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алуға, тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.
Ал "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кикшерингтік бизнесінің мүдделерін қорғап, арнайы жиын өткізді. Олардың басты аргументі – бұл көліктерді шектеу инвестициялық тартымдылыққа, жұмыс орнын сақтауға нұсқан келтіреді.
Пайдасына келсек, кептелісті азайтып, экологияға зияны аз. Сондықтан шектелмейді, бірақ жеткізу мен кикшеринг қызметін ұсынушылар, атқарушы органдар, Ішкі істер органдары мен "Атамекен" ҰКП арасында жол ережесін сақтау мен жолда қатерді азайту туралы келісім жасалмақ.
ҰКП қабырғасында осы мәселе айтылып жатқанда Алматы қалалық мәслихатында Respublica партиясының қалалық филиалының бастамасымен Қазақстанда мопедтердің қозғалысын реттеу мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтіп жатты. Жиынға жиналғандардың айтуынша соңғы жылдары мопедтер күрт өскен. Бұған мопедтің қолжетімділігі, 16 жастан бастап пайдалану мүмкіндігі, қозғалтқыш көлемі 0,5 текше метрден аспаса, жүргізуші куәлігінсіз айдай беру себеп болып отыр.
"Алайда статистика бойынша мопедтердің қатысуымен болатын ЖКО бір жылда 3,5 есе өскен. Сондықтан көлік құралын тіркеу, мемлекеттік нөмірді беру, жүргізуші куәлігінсіз жүргізбеуді ұсынамыз", – дейді партия филиалының төрағасы Айтуар Қошмамбетов.
2,1 млн-нан астам адам тұрғыны бар Алматыда 550 мыңнан астам көлік тіркелген. Сонымен қатар сырттан келетін және кететін көліктердің тәуліктік ағыны 300 мың және одан да көп. Орта есеппен қалада 700 мыңнан аса көлік қатынайды. Оған мопед, самокатпен жүретіндерді қосыңыз. Бұрын да кептелісі мен жол көлік оқиғасы көп қалада, соңғылары пайда болғалы мәселе ушығып тұр.
Бұған басты себеп – жүргізушілер арасында жастардың көп болуы, олардың арнайы құжатсыз жүретіні, жол ережесін сақтамауы, арнайы заңмен реттелмеуімен қатар, арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы.
Қазақстан автокөлікшілер одағының бас директоры Сәбит Аманбаев қос дөңгелекті құралдарды көлік ретінде танып, ресми статистика жүргізіп, жол ережесін сақтауды талап ету мен қалалық инфрақұрылымды бейімдеу маңызды екенін айтады.
"Самокаттарды көлік ретінде тануды қолдаймын. Себебі олардың қаладағы қозғалысын реттейтін заң болуы керек. Шаһардағы көлік қозғалысына самокаттар емес, самокат жүргізушілерінің мәдениеттерінің төмендігі кедергі келтіреді. Апаттық жағдайлар саны артады. Заңға енгізілетін жаңа өзгерістер осының барлығын реттейді деп есептеймін. Самокат заманауи көлік түрі. Дамыған елдерде мұның барлығы реттелген", – дейді Қазақстан автокөлікшілер одағының бас директоры.