Қазақстанда шариғат бойынша ипотека беріледі

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
7631

Исламдық Al Hilal Bank 2017 жылы Қазақстанның ретейл-нарығына шығады.

Қазақстанда шариғат бойынша ипотека беріледі

Биыл Al Hilal Bank Қазақстанның бөлшек нарығына шығып, исламдық қаржыландыру шарттарымен депозит пен ипотека енгізуді жоспарлап отыр. Алғашқы 2-3 жылда қаржы институты шектеулі ғана қызмет түрлерін көрсетеді. Одан әрі даму туралы шешім сынақ өнімдерінің нәтижелері бойынша қабылданады деп баса айтты БАӘ-дегі Al Hilal Bank-тің бас операциялық директоры және Қазақстандағы Al Hilal Bank директорлар кеңесінің мүшесі Прасад Абрахам.

"Біз ислам депозиттерінен бастаймыз және жыл соңына қарай клиенттеріміз үшін ипотеканы енгіземіз деп үміттенемін. Егер Қазақстан үлгісі табысты болса, біз ТМД-ның өзге елдеріне де ауысамыз", – деді ол Астанада өткен ислам қаржысы жөніндегі форумда.

Al Hilal Bank 7 жыл қатарынан Қазақстанда тек корпоративті сектормен ғана жұмыс істеді. Прасад Абрахамның айтуынша, республиканың салық заңнамасы бөлшек нарыққа шығуға жол бермеді.

"Ислам қаржысындағы ипотека дегеніміз – банктер баспананы меншікке сатып алады да, оны жалға береді. Қазақстанда жекеменшікке салынатын салық бар, жеке тұлғалар үшін шағын, бірақ заңды тұлғалар үшін – 1,25%. Осылайша шығын автоматты түрде 1,25%-ға артады, банк не өзі шығынға ұшырайды, не салықты тұтынушыға жабады. Көлік құралын несиелеу туралы айтсақ, мұнда да қаржыландыруға қатысты кедергі бар. Банк көлікті меншікке сатып алады, кейін оны клиентке мурабах негізінде (сатушы сататын тауарына кеткен шығынды ашық айтып, оны сатып алушыға бастапқы құнына үстемеақы белгілеп сатады) тапсырады, бірақ мұнда да ҚҚС бар", – дейді Прасад Абрахам.

"Қазіргі кезде ислам банктері үшін де, әдеттегі банктер үшін де реттеуші қор бірдей", – деп сөзін жалғады ол.

Банктің шығынға ұшырауы әбден ықтимал болса да, ол ретейл-өнімін Қазақстанға енгізуге ниетті болып отыр.

"Біз әдеттегі банктермен бәсекеге қабілетті болуымыз үшін осындай салыққа байланысты мәселелерді шешуіміз қажет. Ойын ережесін теңестіру керек. Бірақ заңнаманы (ислам қаржыландыруы үшін – ескерт.) мәңгі күте беруіміз мүмкін. Біздің акционеріміз үкімет (БАӘ – ескерт.) екенін ескерсек, біз бизнесіміздің табысына әсер етуі мүмкін әрекетке баруға дайынбыз. Мұның барлығы халықтың ислам қаржысы туралы білімін жоғарылату үшін жасалады. Біз осындай коммерциялық аспектілерге қарамастан ретейл-қызметімізді іске қоспақпыз", – дейді Al Hilal Bank топ-менеджері.

Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу