"Қазақстанда шетелдіктердің телекоммуникациялық компанияларды иеленуіне жол ашық"

4243

Қазақстан негізгі байланыс операторы "Қазақтелекомды" қоспағанда, шетелдіктердің телекоммуникациялық компанияларды иеленуіне шектеулерді ресми түрде алып тастаған.  

"Қазақстанда шетелдіктердің телекоммуникациялық компанияларды иеленуіне жол ашық"

Бұлай деп АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған Қазақстанның инвестициялық климаты туралы құжатында айтылды, деп жазады inbusiness.kz АҚШ Мемлекеттік департаментіне сілтеме жасап.

Бірақ та, шетелдік инвесторлар Үкіметтен телекоммуникациялық компания акцияларының 49 пайызынан астамын сатып алуға рұқсат алуы керек. Бұдан бөлек шетел капиталының банк және сақтандыру секторларына қатысуына шектеу жоқтығы да айтылған. Алайда заң оффшорлық компаниялардың банктер мен сақтандыру компанияларына қатысуын шектейді, шетелдіктерге зейнетақы қорлары мен ауылшаруашылық жерлерін иеленуге тыйым салады. Шетелдік азаматтар мен компанияларға жеке күзет кәсіпорындарына қатысуға да тыйым салынған.

Заң бойынша шетелдік және отандық жеке фирмалар коммерциялық кәсіпорындарды құрып, оларды иелене алады. Ешқандай да сектор шетелдік инвесторлар үшін толық жабық болмағанына қарамастан, шетелдік меншікке бірқатар шектеулер бар.

Атап айтсақ, шетелдіктердің бұқаралық ақпарат құралдарына иелік етуге 20%-дық, ішкі және халықаралық әуе тасымалдарына 49%-дық, телекоммуникациялық қызметтерге 49%-дық лимит қойылған.

Құжатта көрсетілгендей, елімізде 2018 жылғы шетелдік инвестициялардың тәуекелдерін бағалау жүйесін жаңғырту туралы Заңға ұқсас Ұлттық қауіпсіздік үшін тікелей шетелдік инвестиция салдарларына бағдарланған тексеру жүйесі мен заңнама жоқ. Қазақстанның Ұлттық Банкі тікелей шетелдік инвестиция мен инвестициялардың басқа да нысандары бойынша статистиканы макроэкономикалық мақсаттар үшін жинайтындығы да айтылған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті шетелдік компаниялардың отандық компаниялар үшін преференциялар тәуекеліне және шетелдік компаниялардың қызметіне, әсіресе сатып алу саласындағы мемлекеттік араласу тетіктеріне алаңдаулы екендігін жазады. Инвесторларға арналған Фронт-офис инвесторлардың проблемаларын шешуге көмектесіп, оларды Премьер-Министр Кеңесіне жеткізетіндігі де көрсетілген.

Ел экономикасының негізі көмірсутек шикізаты мен пайдалы қазбалардың үлкен қоры болып қалып отыр. Ел Үкіметі басқа секторларды әртараптандыру мақсатына біртіндеп қол жеткізуде. Бұдан бөлек, пандемия сауда мен инвестицияларда бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған ел Үкіметінің шараларына айтарлықтай серпін бергендігі де айтылған.

Қазақстанның Ресеймен тығыз экономикалық байланысын ескере отырып, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы мен Ресейге қарсы кезекті санкциялар еліміздің инвестициялық климатына әсер ететіндігі де жазылған. Осылайша, кейбір инвесторлар елімізге инвестиция салудан бас тартса, ал басқалары оны бизнес жүргізудің тартымды аймағы ретінде қарастыруы мүмкін. Үкіметтің Ресейге қарсы батыс санкцияларын сақтауға дайын екендігін білдіргендігі, Батыс инвесторларына көршілес елден Қазақстанға көшуді ұсынғандығы да айтылады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тікелей шетелдік инвестициялардың айтарлықтай көлемі тартқан. АҚШ Мемлекеттік департаменті 2021 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 170 миллиард долларды құрағандығын жазады. Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ секторына құйылған. Құжатта айтылғандай, халықаралық қаржы мекемелері Қазақстанды өз қызметі үшін салыстырмалы түрде тартымды аймақ деп санайды. Сонымен қатар кейбір халықаралық фирмалар елімізде аймақтық штаб-пәтерлерін де ашқан.

Бұдан бөлек бұл есепте қаңтар айындағы тәртіпсіздіктердің кейбір негізгі экономикалық себептері жойылмағандығы жөнінде қауіп бар екендігі де көрсетілген. Құжатта Ресейге қарсы бағытталған санкциялар жоғары инфляцияны, валютаның девальвациясын, импорт пен экспортқа логистикалық кедергілерді туындатып, қазіргі құрылымдық кемшіліктерді күшейте түсуі мүмкін екендігі туралы да айтылады. Еліміздің инвестициялық климаты туралы құжатында институционалдық және құқықтық реформаларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық, бюрократия, құқық қорғау органдарының озбырлығы мен кейбір аймақтарда білікті жұмыс күшіне қолжетімділіктің шектеулі болуы бірқатар мәселелердің туындауына әсерін тигізіп отырғандығы айтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу