2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің жаңа нормасы күшіне енеді. Жаңа Салық кодексінің 189-бабына сәйкес, салық органдары бюджет алдында ірі берешегі бар компания басшыларының, жеке кәсіпкерлердің және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалардың елден уақытша шығуына шектеу қою бойынша бастама білдіруге құқылы. Жаңа тетік қалай жұмыс істейтінін, қандай жағдайда қолданылатынын әрі бизнес үшін қандай тәуекелдер әкелетінін inbusiness.kz сайтына салық кеңесшісі Айдар Масатбаев айтып берді.
Салық берешегінің болуы адамның жақын шекара пунктінде елден шығуына бірден тыйым салады деген сөз емес. Заңда көпсатылы рәсім көзделген, ал шектеу – басқа барлық өндіріп алу тетіктері қолданылып болғаннан кейін ғана енгізілетін ең соңғы шара.
Салық органы елден шығуға шектеу қою мәселесін көтеруі үшін бір мезгілде үш шарт орындалуы тиіс: берешек мөлшері 27 000 АЕК-тен асуы, қарыздың үш айдан астам уақыт бойы өтелмеуі және бұған дейін стандартты өндіріп алу шараларының қолданылуы, яғни шоттарды бұғаттау, дебиторлардан өндіріп алу, мүлікті иеленуге шектеу қою.
Осыдан кейін ғана салық органы шектеу туралы қаулы шығарады. Алайда ол автоматты түрде күшіне енбейді, себебі құжат міндетті түрде соттың санкциясынан өтуі қажет.
Салық кеңесшісі Айдар Масатбаевтың айтуынша, бұл рәсім Азаматтық процестік кодекстегі қолданыстағы нормаларға ұқсас түрде жүзеге асуы мүмкін:
"ҚР Азаматтық процестік кодексінің 252-бабына ұқсас түрде келесі рәсім болуы ықтимал: салық органы материалдарды сотқа жібереді, сот 3 жұмыс күні ішінде қарайды да, шектеу туралы санкция береді немесе негіздемеге байланысты бас тартады. Ал елден шығуға тыйым салу туралы алдын ала жеке хабарлама беру заңда тікелей көзделмеген. Бірақ та, іс жүзінде салық төлеуші берешек туралы бұған дейін-ақ хабардар болады, өйткені шектеуге дейін ескертулер, шот бұғаттаулары және басқа да өндіріп алу шаралары қолданылады".
Басқаша айтқанда, компания басшысы шекарада алғаш рет шектеуге тап болатын сәтке дейін оның салық берешегі толық әкімшілік рәсімдерден өтіп үлгеруі тиіс. Яғни, бұл алғашқы хабарламадан бастап сот санкциясына дейінгі кезең. Тиісті шара күтпеген жағдай ретінде қарастырылмайды, дегенмен іс жүзінде бәрі салық органдарының ақпараттық жүйелерінің қаншалықты дұрыс жұмыс істейтініне байланысты болады.
Жаңа норманың қолданылу аясына кіретін тұлғалар заңда нақты тізіммен көрсетілген. Оған заңды тұлғаның бірінші басшысы, оның орнындағы тұлға, жеке кәсіпкер және жеке тәжірибемен айналысатын адам кіреді. Қарапайым азаматтарға, егер олар осы санаттарға жатпаса, тіпті салық берешегі болса да бұл шектеу қолданылмайды.
Айдар Масатбаев реформаның негізгі мәні де осы жерде жатқанын, салықтық қысым алғаш рет компаниядан жеке басқарушы тұлғаға ауысып отырғанын айтады.
"Яғни, мемлекет алғаш рет салықтық қысымды компанияның өзінен бизнесті басқаратын жеке тұлғаға ауыстырып отыр", – деп атап өтті сарапшы.
Бұған дейін салықтық әкімшілендіру салық төлеушінің активтеріне ғана әсер ететін. Мұнда шоттарды бұғаттау, мүлікті тәркілеу, ақша өндіріп алу және өсімпұл есептеу қолданылып келді. Аталған шаралар басшылардың жеке құқықтарына әсер етпейтін. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жағдай өзгереді.
"Бұрын салықтық әкімшілендіру компания активтеріне әсер ету арқылы жұмыс істейтін. Енді мемлекет басшылықтың жеке мүліктік емес құқықтарын шектей бастайды. Формалды түрде қарыз компанияда қалады. Бірақ салдары нақты директорға әсер етеді. Іс жүзінде Қазақстан бизнес менеджментіне қатысты салықтық қысымның жекелендірілген моделіне біртіндеп өтәп жатыр", – деп түсіндіреді Айдар Масатбаев.
Заң тұрғысынан қарағанда, қарыз алушы – заңды тұлға, ал шектеу салынатын субъект – оның басшысы болып саналатын жеке тұлға. Шетелге іссапарлармен, халықаралық келісімдермен жұмыс істейтін топ-менеджерлер үшін бұл жұмыс берушінің салық жағдайына тікелей жеке тәуелділік деген сөз.
Сарапшының пікірінше, жаңа норманың басты тәуекелі – шараның өзінде емес, оның әкімшілендіру сапасына байланысты. Қазақстан бизнесі бұған дейін де шоттардың қате бұғатталуы, деректердің кеш жаңартылуы және салық жүйесіндегі олқылықтармен бетпе-бет келген болатын.
"Бұл ретте CӘИЖ ақпараттық жүйесінде жиі іркілістер мен ақаулар болатыны алаңдатпай қоймайды. Осыған байланысты қарыздың екі рет есептелуі немесе міндеттемелердің дұрыс көрсетілмеуі сияқты жағдайларды жоққа шығара алмаймыз", – дейді сарапшы.
Жаңа нормаға қатысты алғанда, бұл мүлде басқа деңгейдегі салдарларға әкеледі. Егер шоттың қате бұғатталуы компания жұмысын тоқтатса, ал елден шығуға қате шектеу қою басшының жеке құқығын тікелей бұзып, халықаралық келіссөздердің, келісімшарттардың немесе шетелдік емделуге байланысты сапарлардың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Формалды түрде шектеуді алып тастау тетігі қарастырылған: қарыз өтелгеннен кейін немесе берешек жоқ екені анықталған жағдайда салық органы шектеуді бір жұмыс күні ішінде алып тастауға тиіс. Алайда іс жүзінде бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін.
"Мәселе мынада, шектеудің алынып тасталуы да соттың санкциясынан өтіп, ҰҚК Шекара қызметіне деректерді ведомствоаралық түрде беру арқылы жүзеге асады. Іс жүзінде бұл қатені түзеу мен шектеудің нақты жойылуының арасында белгілі бір уақыт өтуі мүмкін дегенді білдіреді", – деп түсіндіреді Айдар Масатбаев.
Норма күшіне енгенге дейін компанияларда жаңа талаптарға бейімделу үшін шамамен бір жарым ай уақыт бар. Айдар Масатбаев салық органдарымен тұрақты салыстыру жүргізіп, 27 000 АЕК-тен асатын берешектің жиналуына жол бермеуді, мерзімдердің сақталуын бақылауды және төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу тетіктерін алдын ала қарастырған жөн деп отыр. Сондай-ақ, сарапшы фискалдық органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректердің дұрыстығына ерекше назар аудару қажет екенін де айтады.