Қазақстанда шөлмек тапсыру қайта жанданды

5554

Кеңес одағы халықтың арақ-шарап бөтелкелерін жаппай жинап, мемлекетке тапсыруымен есте қалғаны мәлім.

Қазақстанда шөлмек тапсыру қайта жанданды

Бұл жеке бизнесмендерді қатал қудалаған КСРО-дағы шағын бизнестің заңды бір түрі еді. Әсіресе, онымен жастар айналысып, азды-кем табыс тауып, мәз-мейрам болатын.

Екінші жағынан, өндірісті дамытуға да септескен бұл шара ара-тұра спирттік ішімдіктерді ішуге қарсы күресті енгізетін "құрғақ заңдармен" үзіліп кетіп тұрды. Кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық шыны өндірісінің күйреуімен бірге бұл науқан да келмеске кеткендей болған.

Бірақ бүгін ел үкіметі Қазақстанда шыны бөтелкелерді жаппай тапсыру қайта жанданғанын халыққа кең жариялады.

Бұл іске енді мемлекет екі жылдай бұрын құрған "ӨКМ операторы" ("өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі" операторы) ұйымы жауап беретін болады. Бұл компания қазір көнерген көліктерді қазақстандықтардан сатып алумен айналысуы арқылы елге белгілі.

Оның хабарлауынша, Қазақстанда шыны ыдыстарын қайтадан өткізу және қайта пайдалану нарығын дамыту мақсатында пилоттық жоба былтыр ың-шыңсыз қолға алыныпты. Осы арқылы бұл науқанның қаншалықты келешегі барлығы сараланған. Алдын ала  қорытындысы қуантып отыр. 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың қаңтары аралығында, яғни аз уақыт қана жүрген бірінші кезең аясында 5 миллион шыны бөтелке жиналыпты. Одан кейінгі екінші кезеңдегі бір жарым айда, яғни 2017 жылғы 15 шілде мен 20 тамыз аралығында халықтан 1 миллион 754 мың 126 шыны бөтелке қабылданыпты. Яғни, мұның тиімділік әкелуі байқалуда.  

Сондықтан мемлекет бұл бастаманы жалғастырып қана қоймай, кеңейтуге ниетті. Себебі, осы жобаны енгізу нәтижесінде біріншіден, шыны бөтелке жинаушы компанияларға қолдау көрсетіледі. Екіншіден, халық шыны бөтелке өткізуге ынталандырылады және бұл дәстүрге айналады.

Жобаның нәтижелері халық үшін де шыны бөтелкені өткізу пайдалы екенін көрсетіпті.

"Қазір қабылдау бекеттерінде бір шыны бөтелкені 8-ден 15 теңгеге дейін өткізуге болады. Қала шетінде тұратындар үшін бөтелке қабылдаушы компаниялар арнайы жылжымалы бекеттер қызметін іске қосқан. Жиналған шыны ыдыстар алкогольді және алкогольді емес сусындар шығаратын өндірушіге жеткізіліп, бөтелкелер қайта пайдаланылады", – деп мәлімдейді ӨКМ операторы.

Аталған пилоттық жоба Қазақстандағы қайта пайдалануға келетін шыны нарығын дамыту мақсатында кеңінен енгізілгелі отыр.

Қолданыстағы шыны ыдысты қайта пайдаланудың біраз пайдасы бар, оның арқасында сонымен бірге Қазақстандағы қоқыс полигондарының ұлғаю қарқыны төмендейді. Жыл сайын елімізде 340 мың тонна шыны бөтелке шығады. Соның 30 мың тоннасы ғана сынық қалдық ретінде қайта өңделеді. Қалған 270-290 мың тоннаға жуық көлемдегі шыны ыдыс қоқыс полигондарына тасталады. ӨКМ операторының пилоттық жобасы шыны ыдыстарды қайта пайдалануды ынталандыруға бағытталып отыр.

Бұған қоса, "бушный" бөтелкелерді қайта қолданысқа жіберу арқылы қоршаған ортаға салмақ салмай, шикізатты аз пайдалануға болады. Мысалы, бір тонна бөтелкені, яғни 2 860 данасын шығаруға 1,2 тонна табиғи шикізат, соның ішіне 0,59 тонна кварц құмы, 0,172 тонна әктас, 0,186 тонна сода және 0,072 тонна дала шпаты шығындалады. Сонымен қатар сағатына 4 МВт электр энергиясы жұмсалады. Бөтелкені жасап шығудан қарағанда, оны қайта пайдалану табиғи ресусты үнемдейді. Жаңа жұмыс орны ашылады. Қайта өңдеу саласын дамытуға инвестиция тартуға қызығушылықты арттырады.

Үкіметтің хабарлауынша, Қазақстанда шыны бөтелкелерді жинау бойынша пилоттық жобаның қорытындасы 2017 жылдың соңында жасалады.

Айтқандай, Қазақстандағы сияқты, Ресей де бөтелке жинау жүйесін қайта қалпына келтіруге тырысуда. Жақында РФ Ленинград облысының заң шығарушы жиналысының депутаты Владимир Петров "Өндіріс пен тұтыну қалдықтары туралы" ресейлік федералдық заңға түзетулер енгізу туралы өз үкіметіне ұсыныспен жүгінді. Ол шыны құтылардың кепілдің құнын енгізуді, сондай-ақ дүкендерде бос бөтелкелер мен банкаларды қабылдауға арналған автоматтар орнатуды ұсынады.

"Кепілдік құны – құтылардың әрқайсысының бекітілген бағасы. Ол әрбір бөтелкеде немесе банкада нақты көрсетілуге және тұтынушыға оны тапсыру кезінде сол көлемдегі қаржысы кері қайтарылуға тиіс. Бұл адамдарды бұларды тапсыруға ынталандыратын болады. Егер әрбір дүкенде шыны құты қабылдау автоматтары тұрса, оны тапсыру тіптен оңайлайды. Мұндай шаралар Еуропада, мысалы, көрші Финляндияда кең қолданылады",– дейді депутат Владимир Петров.

Батыста мұндай автоматтар – фандомат деп аталатыны мәлім. Егер әр бөтелкеде оның бос күйдегі құны көрсетілсе, автомат сол қаржыны азаматқа тапсыру кезінде бірден қайтарып бере алар еді.

Бөтелке жинау Қазақстан ұмтылып отырған дамыған елдерде кең таралған. Сол арқылы тұтынушылар өнімді сатып алуға жұмсаған шығынының бір бөлігін қайтарады, ал кәсіпкерлер өндірістік шығыстарын қысқартады.

Бірақ Ресейде осындай бастамалар жүзеге аспай тұр. Алкоголь өнімдерінің федералдық және өңірлік нарықтарын зерттеу орталығының басшысы Вадим Дробиз бұған өндірушілердің өздері құлық танытпай отырғанын айтады.

"Жыл сайын Ресейде 11 миллиард литр әртүрлі ішімдік өнімдері ішіледі. Оның ішінде 8,5 миллиард литрін сыра мен сыра ішімдіктері құрайды. Егер мұны шартты түрде жарты литрлік бөтелкелерге көшірсек, 20 миллиардтан астам бөтелке шығады. Бұл ретте шыны зауыттары бөтелке өндірісінде шикізаттың 15-20 пайызына дейін өңделген құтыларды, яғни уатылған шыныны пайдаланады. Ал дайын бөтелкені сол қалыпта пайдалануда проблема бар. Себебі, қазір бәрін бір стандартпен шығаратын кеңес одағы жоқ. Әрбір өндіруші өз өнімін өзі ойлап тапқан бірегей, қайталанбас, оригиналды бөтелкесіне құяды. Олары бүкіл еуразиялық одаққа тарайды. Сонда кім олардың әрқайсысын әр өңірден жеке-жеке жинап жүреді. Зауытқа оларды там-тұмдап әр жерден жинап тасығанша, жаңа құтыны құя салған арзан әрі оңайға түседі",– дейді Вадим Дробиз.

Осындай байламдарға жүгінген солтүстік көршінің үкіметі бөтелкені жаппай жинауға бармай отыр. Оның орнына жекелеген азаматтар "БУ-бутылка – лучший друг автомоделиста" сияқты бөтелке жинау бойынша ұсақ-түйек бастамаларды жүзеге асыруда.

Демек, Қазақстан үкіметінің бұл бастамасы одақ көлеміндегі бірінші ірі мемлекеттік шара болып отыр. Бұл ретте сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда да негізінен, жиналған бөтелкелерді шағып, өңделген материал ретінде қайта пайдалану ісі перспективті саналады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу