Қазақстанда су үнемдеуге мүмкіндік беретін мажарлық препарат сынақтан сәтті өтті

284

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Қазақстанда су үнемдеуге мүмкіндік беретін мажарлық препарат сынақтан сәтті өтті Фото: qmonitor.kz

Министрлік сынақтан өткізген препарат 37%-ға дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, министрліктің бастамасы бойынша сынаққа 4 ғылыми-зерттеу институты қатысты.

Бұл Тараз қаласындағы "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты", Қызылордадағы "Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты", "Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірбие станциясы" және "Аграрлық инновациялар институты".

Сынақ барысында әр түрлі топта және климаттық жағдайда препараттың топырақты ылғалдандыруға әсері, аз мөлшерде суару жағдайында өнімділікті арттыру сынды зерттеу жүргізілді.

Ғалымдар препаратты қолдана отырып күріш алаңында 37%-ға дейін су үнемдеуге болатынын мәлімдеді. Себебі, дәстүрлі әдіс бойынша күріш 90 күн бойы суарылады. Ал, ылғал сақтайтын препаратты пайдаланған кезде 51 күн суару жеткілікті. Қант қызылшасы алаңында 23,9%, жүгеріде 28,7%-ға дейін су үнемделген. Бұдан бөлек, сарапшылар өнімділік те артқанын айтады.

"Сынақтың алғашқы кезеңі жақсы нәтиже көрсетті. Келесі кезекте препараттың тиімділігін үлкен көлемдегі егіс алқаптарында тексеру керек. Ол үшін шаруалармен кездесіп, сынақ нәтижесін көрсеткен жөн. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, жыл өткен сайын суармалы суға сұраныс артып келеді және біздің диқандар заманауи су үнемдеу әдістеріне көшуге мүдделі", – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде мажарлық "Soil solution" компаниясының өкілдері шаруалар тарапынан үлкен сұраныс болса Қазақстанда препарат шығаратын зауыт ашуға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу