Қазақстанда суға қатысты айыппұлдың жаңа түрі енгізіледі

6137

Айыппұл 3,6 миллион теңгеден асады. Билік биылғы алапат су тасқынынан кейін сондай тосын қадамға барып отыр.  

Қазақстанда суға қатысты айыппұлдың жаңа түрі енгізіледі Фото: gov.kz

Гидрометеорологиялық деректермен қамту деңгейі бойынша Қазақстанның мемлекеттік желісі дамыған елдерден көп артта қалып қойды. Ол тіпті өзінің өткен ғасырдағы көрсеткіштеріне де жете алатын емес. Мысалы, 1980-1990 жылдары Қазақстанның бүкіл территориясында жалпы саны 1 983 гидрологиялық бекет жұмыс істеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылдығында олардың саны 245-ке дейін – 8 есеге дейін күрт қысқарды.

2024 жылы сарапшылар елімізге ең аз дегенде 516 гидрологиялық бекет қажет екенін анықтады. Ал, бүгінде олардың саны небары 377 ғана. Масқарасы сол, Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, кеңес кезіндегіден төрт еседей азайтылған, "516 бекет" деген көрсеткішке республика тек ғасыр ортасында, 2050 жылға дейін қол жеткізуді жоспарлады.

Ол жоспарына жетпеуі де мүмкін. Өйткені өзі отырған бұтақты шабуға құмарланатын жетесіз, қаскөй кейбір тұрғындар бақылау және гидрологиялық бекеттерді қасақана бүлдіреді. Кейін соның салдарынан өзі тұратын ауыл, аудан, қаланы су басып қалатынын ойламайды. Мамандар судың, жауын-шашынның деңгейін және су объектісінің (өзен, көлдің, су қоймасының) жай-күйін бақылайтын автоматтандырылған гидрологиялық кешенді белгісіз біреулердің бұзып кеткені, немесе жымқырғаны туралы құқық қорғау органдарына шағымданып тұрады.   

Мысалы, Алматы облысының Балқаш ауданының полицейлері метеорологтардың мүлкін ұрлағаны үшін бұрын сотталған еркекті ұстады. "Қазгидрометтің" қызметкерлері полицияға Іле өзеніндегі гидробекеттің мүлкі қолды болғанын хабарлады. Анықталғандай, белгісіз біреулер моторлы қайықты, екі бензин-араны, екі аспалы моторды және екі қаруды ұрлап алған. Тәртіп сақшылары жедел-іздеу іс-шараларын ұйымдастыру арқылы ұрланған мүлікті тапты. Ұрлықшы 28 жасар жігіт темір тордан босап шыққаннан кейін гидробекет қызметкеріне қосалқы жұмысшы ретінде шаруашылықта көмектесіпті. Соңыра олардың мүлкін "үптеп" кетіп, Таразға тайып тұрған.

"Қазгидромет" мамандары кейбір жергілікті тұрғын, немесе олардың балалары өзен-көлдегі су деңгейін және жаңбырды бақылайтын жабдықтарды, бекет мүлкін сындырып тастайтынына шағымданады. Енді оларға қатысты жаза енгізілуі мүмкін.

Су ресурстары және ирригация министрлігі "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірледі. Ол арнаулы белгілерді жою (138-бап) үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатады.

Мәселен, қазіргі Әкімшілік кодекстің "Арнаулы белгiлердi жою" атты 138-бабына сәйкес, жерасты суларын байқайтын және режимдiк ұңғымаларды, су объектiлерiндегi режимдiк байқау тұстамаларды, су қорғау немесе су шаруашылығы белгiлерiн, орман қорындағы орман орналастыру немесе орман шаруашылығы белгiлерiн, маркшейдерлiк, геодезиялық пункттер мен белгiлердi жою немесе бүлдiру үшін:

  • жеке тұлғаларға – 5,
  • лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлікке немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептiк көрсеткiш (2024 жылы 369 200 теңге) мөлшерiнде ғана айыппұл салынады.

Жаңа заң жобасы аясында осы бапта гидробекеттерді бұзып, бүлдіру үшін де жаңа айыппұл енгізілмек. Соның нәтижесінде, "жерасты суларын байқайтын және режимдiк мемлекеттік ұңғымаларды, су объектілеріндегі гидрологиялық бекеттерді, су қорғау немесе су шаруашылығы белгiлерiн, жалпы су пайдалануға тыйым салу белгілерін, орман қорындағы орман орналастыру немесе орман шаруашылығы белгiлерiн, маркшейдерлiк, геодезиялық пункттер мен белгiлердi жою немесе бүлдiру үшін" әкімшілік жазаны келесідей қатаңдату ұсынылады:

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге),
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері және коммерциялық емес ұйымдарға – 300 АЕК (1 107 600 теңге),  
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 700 АЕК (2 584 400 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 мың АЕК (3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылады.

Су ресурстары министрлігі мамандарының түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс арнайы белгілерді жою үшін жауапкершілікті реттейді. Бұл белгілерге жер учаскелерінің шекаралық белгілері, су қорғау және су шаруашылығы белгілері, орман орналастыру белгілері, маркшейдерлік және геодезиялық пункттер жатқызылған. Бірақ біріншіден, бұл ұғымдар нақтылауды, санатын кеңейтуді талап етеді, яғни, гидропосттарды құртуға да тыйым салу қажет.

Екіншіден, қолданыстағы жазалар тым жұмсақ болғандықтан (заң бұзған адамға 18,4 мың теңге ғана айыппұл салынады, басқа жауапкершілік жоқ), мұндай былжыр тетік қылмысқа тежеу болмайды.

"Күйреуі кесірінен халыққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін су қоймалары ел бойынша жетерлік. Оларда жергілікті-локальді хабарлау жүйесі жоқ, бар болғанның өзінде – ақаулы күйде. Бұл жүйе төтенше жағдай таралатын есептік аймаққа енген елді мекендерде тұратын азаматтарды хабардар ету үшін өмірлік маңызды", – деп мәлім етті Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Бұған қоса, қордаланған негізгі проблемалардың бірі – бақылау-гидрологиялық бекеттері мен бақылау бағдарламаларының саны азайып барады.

Ведомство мамандарының түсіндіруінше, қазіргі кезде Қазақстандағы болжамдардың әдістемелік базасы әбден ескірген әдістер мен технологияларға негізделген. Салдарынан, бұл гидрологиялық болжамдардың сапасына теріс әсер етеді.

Аталған факторлардың бәрі қосыла келе, елде гидрологиялық деректер сапасының нашарлауының тұрақты үрдісін тудырды. Басқаша айтқанда, сапа жыл өткен сайын тек қана құлдырауда, жақсарар емес. Гидрометеорологиялық деректермен қамту деңгейі жөнінен Қазақстан дамыған елдер түгіл, өзінің 80-ші, 90-шы жылдардағы көрсеткішінен де көп арттап қалғаны әлгінде айтылды.

Бұдан бөлек, министрліктің дерегінше, судың режимі мен сапасын бақылаудың автоматтандырылған және қашықтан бақылау әдістері жоқ. Бұл тұрғыда да Қазақстан өркениет көшінің соңында қалды. Заманауи талдамалық зертханалары озық түгіл, қарапайым, қажетті жабдықтармен жеткіліксіз жарақталған. Соның кесірінен су қоймаларына жүргізілетін бақылаулардың сапасы төмен болып шығады.

"Сонымен қатар тиісті белгілерді сатып алу және орнату үлкен шығынды талап етеді. Бүгінде осы мәселелерді шешу үшін жаңа Су кодексінің жобасы әзірленуде. Дегенмен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларына тиісті өзгертулер енгізілмесе, мемлекеттік бақылау механизмі нәтижесіз, тиімсіз болады. Орнатылғандары бұзыла береді. Осыған байланысты кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізудің шұғыл қажеттілігі туындады. Оның аясында әкімшілік құқық бұзушылықтарға жұмсақ емес, шамалас және барабар жауапкершілік енгізуді ұсынамыз", – деді министрлік мамандары.

Бәлкім, содан кейін су деңгейін бақылау жабдықтарын және гидрологиялық бекеттерді ерігіп немесе есіріп бұзатындар аяғын байқап басатын болар?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу