"Қазақстанда тай өнімдері қолданылатын SPA-салондарға сұраныс жоғары"

2550

Былтыр Қазақстан мен Тайланд арасындағы тауар айналымы  91 млн АҚШ долларын құрады.

"Қазақстанда тай өнімдері қолданылатын SPA-салондарға сұраныс жоғары"

Қазақстан мен Тайландтың кәсіпкерлері елордада В2В кездесу өткізді. Басқосу барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастың тамырын тереңдету, іскерлік байланысты нығайту, Қазақстан экономикасына инвестиция тарту сынды мәселелер талқыланды.

Тай компаниялары логистикалық қызмет көрсетуге, құрылыс саласына қаржы құюға ниет танытты. Сондай-ақ олар Қазақстанға жеткізіп отырған косметика мен дәрумендердің көлемін ұлғайта алатындарын айтты.

Банкогтан келген кәсіпкерлер туризм тақырыбын да тілге тиек етті. Олар: "Көңілдеріңізге тисе де айтайық, сіздерде туризм тұралап тұр. Табиғаттарыңыздың кереметтерін шетелдік туристерге көрсете алмай отырсыздар. Шетелдік туристер Бурабай мен Шымбұлақтан басқа туристік аймақтырыңыздан хабарсыз. Бұл жерлерде қызмет көрсету құны қымбат, ал сапасы нашар. Туризм бұлай дамымайды. Біз сіздермен серіктесіп, Қазақстан туризмінің мүмкіндіктерін ашуға тәуекел етер едік. Бұл болашақтың еншісіндегі іс. Әзірше тауар айналымы бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға болады. Жыл сайын Тайландқа Қазақстаннан көп турист келеді. Алдағы уақытта Қазақстанға Тайландтан турист келсе жақсы емес пе? Қазыналарыңыздың қаржысы еселеніп, туған жерлеріңіздің танымалдығы артады ғой", – деді.

Қазақстан сыртқы сауда палатасының мәлімдеуінше, В2В кездесу тәжірибе алмасу, инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланыс аясын кеңейту алаңына айналады. Экономиканың түрлі салаларында алыс-беріс жасауға және Қазақстан мен Тайланд кәсіпкерлерінің мүмкіндігін арттыруға негіз болады.

Тайланд Королдігі елшілігінің қызметкері Семен Прошиннің мәлімдеуінше, былтыр Қазақстан мен Тайланд арасындағы тауар айналымы 91 млн АҚШ  долларын құрады.

"Бүгінгі кездесу тауар айналымынан былтыр түскен табыс көрсеткішін көбейтуді көздейді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда SPA-салондарға сұраныс жоғары. Бұл жерде көбінесе тай мамандары қызмет көрсетеді және мұнда Тайландта өндірілген өнімдер қолданылады", – деді Семен Прошин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу