Қазақстанда кемтар жандардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Ресми мәлімет бойынша, 2010 жылы республикада шамамен 475 мың мүмкіндігі шектеулі адам болыпты. Ал қазіргі кезде олардың саны 703 857-ге жетті. Бірінші орында Түркістан облысы тұр, өкінішке қарай 96 429 тұрғыны жарымжан болып қалған. Одан кейін Қарағанды облысы (67 915 адам), Алматы облысы (67 192 адам), Алматы қаласы (55 914 адам), ШҚО (54 238 адам), Жамбыл облысы (45 500 адам) орналасқан. Өзге өңірлерде әзірге 40 мыңға жетпейді.
Тек мүгедектерді ғана тасымалдау үшін Қазақстанда, Алматыда 2009 жылы алғашқы инватакси пайда болды. 2011 жылға дейін ол қызметін бизнестің, демеушілердің қаражатына жүзеге асырды. Содан кейін мемлекеттік қолдау тапты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, 2019 жылы инватакси аясында елімізде жалпы саны 94 ұйым 339 автокөлігімен қызмет көрсеткен. Бүкіл республика үшін 339 машина сонша көп те емес. Оның үлкен бөлігі сынып тұратыны құпия емес. 2020 және 2021 жылдары пандемия, карантин шектеулеріне бола, бұл қызмет толыққанды жұмыс істей алмаған. Қазір де бұл қызметке азаматтардың көңілі толмайды.
"Подранки/Шарасыздар" ұйымының басшысы Ғалия Тобатаеваның түсіндіруінше, инватакси қызметі тіпті де арзан емес. Оны тегін пайдалану үшін әлеуметтік тапсырыс бойынша тұтынуға қол жеткізу керек, бірақ ол оңай шаруа емес. Оның үстіне автомашиналар паркі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда амалсыз, такси қызметіне азғантай жәрдемақыны шығындауға тура келеді. Ал дімкәс адамдардың емханаға, ауруханаға жиі баруға мәжбүр екені белгілі.
Бұл қызметтің тағы бір кемшілігі бар. Мүгедек баланың анасы Зәуреш Базарбаеваның айтуынша, инватакси тек қала ішінде ғана жүреді. Салдарынан, қала шетіне және қала маңындағы ауылдарға қатынамайды.
Алматы облысының Талғар қаласының тұрғыны, І-топтағы мүгедек Нұржан Батқалқазыұлының айтуынша, Талғар ауданының мүмкіндігі шектеулі адамдарын инватакси қызметіндегі олқылықтар алаңдатады. Талғар ауданында 2021 жылдың басынан бері мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау бойынша қызметті екі компания жүзеге асырған.
"2021 жылдың қыркүйегінде оның бірі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында осындай қызмет көрсетуден бас тартып, келісімшартты бұзды. Салдарынан, бүкіл ауданға бүгінде небәрі 2 автомашина ғана қызмет көрсетеді. Негізі, қалған компанияның төрт машинасы бар. Бірақ оның екеуі Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратының жанында қаңтарылып бос тұрады. Өйткені жете қаржыландырылмайды. Инватакси автокөліктері санының күрт азаюы кесірінен бірінші топтағы мүгедектердің қозғалысы шектелді. Көптеген мүгедектігі бар адам (МБА) медқызметтер алу үшін ауруханаға бару мүмкіндігінен айырылды. Айналдырған екі машина бәрін тасуға жетпейді. Жұмыс істейтін МБА-лар жұмысына такси жалдап баруға, үнемі кешігуге мәжбүр. Такси де қымбаттап кетті", – дейді ол.
Әкімдіктің түсіндіруінше, Көлік және коммуникациялар министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығына сәйкес, қозғалыстан қиындық көрген, І және ІІ топ мүгедектеріне инватакси қызметі тегін ұсынылуға тиіс. Бірақ инватакси кесте бойынша бірінші кезекте жұмыс істейтін және оқу оқитын мүгедектерге ұсынылады. Басқа мүгедектерге бұл қызмет алдын ала жүгіну тәртібімен көрсетіледі. Бұл үшін инватакси қызметін көрсететін ұйымның телефонына алдын ала, жоспарланған сапардан кем дегенде бір тәулік бұрын хабарласып, өтініш беру керек. Бірақ көлік болмаса, қызмет көрсетіле бермейді.
Бұл ретте азамат инватаксимен мысалы, қонаққа бара алмайды. Инватаксилердің жүріс бағыты МБА-ның жұмыс не оқу орнымен, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала нысанына, заңгерлік кеңеске, әуежайға, вокзалдарға, сондай-ақ спорттық және мәдени-көңіл көтеру іс-шараларына қатысуға барумен шектеледі. Инватаксиді тегін пайдалану үшін өтініш, дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы, мүгедектігі туралы анықтама ұсыну қажет. Бұл салада да бюрократия жетерлік.
Сондықтан қоғам белсенділері, мүгедектер құқығын қорғайтын ұйымдар Үкіметке тың ұсыныспен шықты. Қазақстанда тіркелген барлық таксопарктерді мүгедектерді тасымалдау үшін жасақталған арнайы машиналар сатып алуға міндеттеу керек.
Айта кету керек, ұқсас талап қазіргі кезде де бар. 2003 жылғы 4 шілдеде қабылданған қолданыстағы "Автомобиль көлігі туралы" заңының 26-бабының 2-бөлімінің 7-тармақшасы бойынша жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның "30 және одан да көп таксиі болса, онда әрбір отыз таксиге шаққанда арнайы жүріп-тұру құралдарын пайдаланатын мүгедектерді тасымалдау үшін ыңғайластырылған кем дегенде 1 таксиінің болуы міндетті".
Арбаға таңылған мүгедек адам, қоғам белсендісі Богдан Джепкидің мәліметінше, жаңа заң жобасында енді әрбір 10 машина үшін 1 инватаксиінің болуын міндеттеу қарастырылған.
"Менің ойымша, республикада мүгедектердің жүріп-тұруы мәселесін толық шешетін кез келді, ол үшін МБА-ларға қанша көлік қажет болса, сонша көлікпен қамту керек. Инватакси тақырыбы көп талқыланады. Кемтар адамдарды тасымалдау қызметіне қатысты шағым көп. Президент мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсарту міндетін қойды, тиісті жарлықтар шығарды. Жаңа құрылыс нормалары қабылданды. Алайда олар тиісті жұмыс істемейді. Ауыл-аймақ түгіл, ірі қалалардың өзінде мүгедектердің еркін қозғалысына жағдай жасалмаған. ХХІ ғасырда олар көшеге шықпай, үйлерінде отыруға мәжбүр. Сондықтан барлық таксопарктерді мүгедектерді тасымалдайтын арнаулы машиналар сатып алуға міндеттеу ұсынылып отыр. Тиісті заң жобасын депутаттар қарады", – дейді Богдан.
Ол заң жобасы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Мәжіліс оны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта таксопарктерге жаңа талаптар көзделген. Түзетулерге сәйкес, олар әрбір 10 такси көлігінің біреуін инватакси түрінде жабдықтауы шарт.
Бұған қоса, аталған заң жобасына бастамашы болған депутаттар оған тұрақты маршруттермен автобус қатынасын ұйымдастыратын компанияларды мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға бейімделген автобустарды сатып алуға міндеттейтін норма енгізді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылдан бастап инватакси қызметі Әлеуметтік қызметтер порталы ресурсына көшеді.
Жанат Ардақ