The New York Times анықтағандай, Discord мессенджері кейбір елде, соның ішінде Непалда саяси шешімдерді қабылдау орталығына айналуда. Бұл мессенджер сондай-ақ ТМД кеңістігінде, әсіресе, жастар арасында кең танымал. Қазақстандық балалар онда компьютерлік ойындарын трансляциялайды.
Мысалы, былтыр оған Ресей билігі тыйым салған еді, алайда әскерилерінің табанды сұрауымен ол тыйым алып тасталды. Өйткені Украинадағы майданда ресейлік әскерилер қарсыласының бекіністеріне, әскери техникасына және басқасына Discord арқылы онлайн режимде соққы береді, артиллериялық атысын түзетеді, трансляция жасайды.
Discord биыл дамуының жаңа тарихи белесіне шықты. Адамзат тарихында тұңғыш рет тұтас бір мемлекеттің көшбасшысы дәстүрлі жалпыхалықтың сайлау арқылы емес, осы мессенджердегі дауыс беру арқылы сайланды. Би-Би-Си хабарлауынша, Discord желісі арқылы сайланған Непалдың жаңа лидері бұрынғы басшылар сияқты билікке таскенедей жабыспауға уәде берді.
"Коммунистер мен центристердің үкіметі тақтан тайдырылғаннан кейін ел тізгінін қолына алған Непалдың уақытша премьер-министрі Сушила Каркиді көтеріліске қатысушылар Discord әлеуметтік желісі арқылы сайлап алды. Карки ханым тағайындалғаннан кейінгі жұртшылық алдындағы алғашқы сөзінде елде сайланған үкімет пайда болған соң, яғни, жарты жылдан кейін отставкаға кетуге уәде берді. Непалда жаңа сайлау 2026 жылғы 5 наурызда өткізу жоспарланып отыр", – деді ВВС.
Непалдың Жоғарғы сотының басшысы болған ел тарихындағы бірінші әйелге айналған Карки енді өз елінде премьер-министр болып тағайындалған тұңғыш нәзік болмыс иесі ретінде тарихта аты қалады.
"Мен үкімет басшысы лауазымын иеленуді ешқашан қалаған емеспін! Көшенің (көтерілісшілердің) дауысы мені осы орынды қабылдауға көндірді. Мен негізінен, "зумерлер протесті" көшбасшыларының, яғни, 30-дан жас азаматтарымыздың сұрауымен премьер болдым. Сондықтан біз "Z ұрпақтың" ой-пікірі мен дүниетанымына сәйкес жұмыс істеуге тиіспіз! Бұл ұрпақ бізден биліктің барлық тармағын жайлаған сыйбайлас жемқорлықты жоюды, тиімді басқаруды жолға қоюды және экономикалық-әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуді талап етті", – деді 73 жасар Сушила Карки.
Мемлекеттің алдыңғы премьер-министрі, біріккен макстік-лениндік күштердің – Коммунистік партияның лидері Кхадга Прасад Шарма Оли өткен аптада екі күн бойы көшелерді тасқындай толтырған наразы халықтың қысымымен мәжбүрлі түрде отставкаға кетті.
Соңғы деректер бойынша қақтығыстар барысында сексенге жуық адам құрбан болған. Оның ішінде үшеуі – полицей. Құтқарушылар қираған ғимараттардың үйіндісін аршып, мүрделерді шығаруды жалғастырды. Жараланған тұрғындар мыңдап саналады.
"Уикипедия" бұл көтеріліске не алғышарт болғанын нұсқады. 2025 жылғы қыркүйек айының басында Непал премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли Қытайдың Тяньцзин қаласынан оралды. Онда ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысты, сонымен бірге ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен және РФ басшысы Владимир Путинмен жеке кездесіп, ақылын тыңдаған. Ресми мәлімдеме бойынша жабық келіссөздерде "ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту" күн тәртібіндегі басты бір тақырып болды.
Сол жүздесуден соң, елге орала сала Шарма Оли үкімет қаулысын шығарып, елде YouTube, X, Reddit, LinkedIn, WhatsApp, Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілерді және көптеген сайттарды – жалпы саны 20-дан аса платформаны бұғаттап тастауға тапсырма берді. Сылтау – олар елдің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі бекіткен жаңа қағидаларға сәйкес тіркеуден өтпеген.
Бұл шешімге пікір білдірген түрлі сарапшылар "қара тізімге" іліккен әлеуметтік желілер мен сайттарда мемлекеттегі беделді саяси жетекшілердің туыс-туғанына берілген шектен тыс артықшылықтар, непотизм (кәсіби қабілеттері мен сіңірген еңбегіне еш қатыссыз, әлдекімнің туыс-туғаны, жора-жолдасы болғаны үшін мансап сатысында өсіру), өршіген коррупция мәселелері қатты сыналатынын еске салды.
Сарапшылардың сыни пікірі әлеуметтік желідегі сыни бейнероликтермен бірге қоғамда толқу туғызды. Ал, өз көзқарасы мен ұстанымын батыл қорғай алатын Z ұрпақ көтерілістің қозғаушы күшіне айналды.
Бастапқыда шерулер бейбіт сипатта болған. 8 қыркүйекте Непал астанасы Катмандудың көшелеріне мыңдаған студент, қала жастары шықты. Федералдық Парламенттің алдында олар "Z ұрпақтың революциясы" атты наразылық акциясын өткізді.
Олар өз рәмізі ретінде мемлекеттік туды емес, One Piece мангасындағы (жапондық комикс) "Сабан Қалпақ қарақшыларының" жалауларын пайдаланып, көшеге желбірете алып шықты. Бұдан бұрын Индонезиядағы қарсылық акциясында да ұқсас жағдай орын алған.
Істің насырға шаба бастағанын түсінген күш құрылымдары оларға қарсы тоқпақ, суатқыштар және резина оқтарды қолданып, қуып таратпақ болды. Бұған ызаланған қарсыласушылар шабуылға көшіп, тікен сыммен қоршалған Парламент ғимаратының дуалынан ары секіріп түсе бастады.
Полиция оларды атқылауға көшті, кем дегенде 20 адамды жер жастандырды, 250-ден көп адам жараланды. 28 полицей жарақат алған. Бейбіт халықтың қырылуына шыдамаған елдің ішкі істер министрі Рамеш Лехак сол үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға кетті. Катманду, Биргандж, Сиддхартханагар, Бутвал, Покхара, Итахари және Дамак сияқты ірі қалаларда төтенше жағдай жарияланып, қатаң коменданттық сағат енгізілді.
Қоғамның қысымына шыдамаған үкімет 9 қыркүйекте әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімін жойды. Осыдан кейін премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли де отставкаға кетті. Бірақ арындаған асау өзендей бой бермей кеткен көше қарсылығын тоқтату мүмкін емес еді. Биліктегі бірен-саран адамның өз лауазымын босатуы наразыларды қанағаттандырмады. Олар халық алдында есепті болатын Үкімет құруды және жүйелі реформалар жүргізуді талап етті.
CNN мәліметінше, сол күні қарсыласушылар Парламенттің, Жоғарғы соттың ғимараттарын және ел көшбасшысының резиденциясын өртеді. Бұған қоса олар отставкаға кеткен премьер-министрдің және басқа биік лауазымды шенеуніктердің үйлеріне басып кірді. Бұдан бөлек, бұрынғы үкімет басшылары Шер Бахадур Деубудің, Джал Натх Кханалдың баспаналары шабуылға ұшырап, отқа оранды. Экс-премьердің әйелі күйік шалып, қаза болды. "Непалдың коммунистік партиясының" және "Непал конгресінің" штаб-пәтерлері вандализмге ұшырады.
Непал армиясы зардап шеккен аудандардан саясаткерлерді және олардың отбасыларын Трибхуван атындағы халықаралық әуежайға, әскери аэродромға эвакуациялауға жұмылды. Сонымен бір мезгілде Қарулы күштер елдегі жағдайды өз бақылауына алуға күш салды.
Аман құтылу үшін министрлер тікұшақтан тасталған арқан баспалдаққа жапатармағай ұмтылып, жүзім шоғы сияқты жан-жақтан жабысып алған. Тиісті видео әлеужелілерде таралды. Кадрда ел астанасындағы резиденциялардың бірінен тікұшақтың ұшып шыққаны бейнеленген. Әуе көлігінен төменге арқан тасталыпты. Оған 6 министрдің таскенедей жабысып алғаны байқалады.
India Today және Kathmandu Post жазғандай, ол ұшақ премьер-министр Шарма Олиді эвакуациялау үшін жіберілген екен. "Жан тәтті" емес пе, өздеріне арналмаса да, өзге жоғары лауазымды шенеуніктер бас сауғалай қашып, тікұшақтан тасталған арқанға жабысқан. Жалпы, ірі шенділерді құтқару үшін кем дегенде 5 тікұшақ жұмылдырылыпты. Бірақ зәресі ұшқан сабырсыз шенеуніктер күтіп отырудан қорыққанға ұқсайды.
Осы аумалы-төкпелі кезеңде Discord желісінде дауыс берген "зумерлер" ел астанасының қазіргі мэрі сияқты бірнеше кандидат арасынан кезінде коррупциямен күресі арқылы ел есінде қалған Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Сушила Каркиді сайлады.
Discord-та чат-топтарды "сервер" деп атайды. Елдің жаңа лидерін сайлау "Хами Непал" қайырымдылық қорының серверінде ұйымдастырылды. Бұл сервер наразылық басталғанда протестті ұйымдастырушылардың жаршысына, рупорына айналды және бірнеше күн ішінде қатысушыларының саны 145 мыңнан асты.
Дегенмен, ВВС жазуынша, шенеуніктердің бәрі қашып кеткен шақта елде қалған іс басындағы билік – армия болғандықтан, жас көтерілісшілер жаңа сайланған Премьердің кандидатурасына Қарулы күштер қолбасшысының және Президенттің келісімін алды. Бұл елде Президент мемлекеттік рәсімдерді өткізу, шетелдік мәртебелі қонақтарды қабылдау сияқты символдық өкілеттіктерді ғана атқарады.
Осылайша, жаңа үкімет басшысының легитимділігі қамтамасыз етілді. Сушила Карки 2009–2017 жылдары Жоғарғы соттың судьясы, ал, соңғы жылда – төрағасы болды. Бірақ жемқорлықпен ымырасыз күресемін деп, басшылыққа жақпады. Отставкаға кеткен соң "Судья" атты өмірбаяндық кітап пен "Түрме" романын жазды. Енді билікке қайта оралып, елдің №1 тұлғасына және жастардың таңдауына айналды. "Зумерлердің" биік сенімін ақтай ала ма, жоқ па, келесі жылы белгілі болады.
Карки мен оның үкіметінің алдында күрделі міндет тұр: оның командасы елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге, Парламент пен басқа билік органдарының өртеліп, қиратылған ғимараттарын қайта тұрғызуға, "Z ұрпақты" тыныштандырып, олар талап еткен саяси, экономикалық өзгерістерді лайықты жүзеге асыруға тиіс.
Непал оқиғасы бүкіл әлемге сабақ болды. The New York Times (NYT) бұрын видеогеймерлерге арналған платформа ретінде белгілі болған, былайғы жұрт, соның ішінде аға ұрпақ назар аудара бермейтін Discord жас ұрпақ қолындағы құралға айналғанын қаперге салды.
Көптеген елде жас саясаткерлер өзінің жас электоратымен онлайн кездесіп, елдің болашағы, қазіргі қалыптасқан жағдай мен қажетті реформалар жайын талқылау үшін серверлерін құруда. Discord мессенджері саяси шешімдер қабылдау орталығына айнала бастады, деген байламға келді NYT.
"Непалда Hami Nepal қоғамдық ұйымының мүшелері осы мессенджер арқылы өз аудиториясымен үнемі байланыста. Оның белсенділері – шетінен Z ұрпақтың өкілдері. Көшедегі қарсылық акцияларында да солар басты ұйымдастырушылардың бірі болды. Непалдың қазіргі парламенті – Discord", – деген 23 жасар катмандулық контент жасаушы Сид Гимиридің сөзін келтірді америкалық басылым.
Бір қызығы, Discord мессенджерінің атауы ағылшын тілінен алауыздық, араздық, диссонанс деп аударылады. Компьютерлік ойынқұмарлар қатты әуес бұл платформа пайдаланушыларына тілдесу, экраннан онлайн трансляция жасау, чатта араласу, дауыс және видео қоңыраулар шалу, салмақты файлдарды алмасу және басқа функцияларды ұсынады.
Бүгінде әлем бойынша 614 миллиондай пайдаланушысы тіркелген. NYT назар аудартқандай, Непалда бүгінде Discord-тағы талқылаулар ұлттық телеарна арқылы трансляцияланады және жаңалықтар агенттіктерінің тікелей эфирлерінде тұрақты көрсетіледі.
Қазірден елде саяси бәсеке қыза бастады. Келесі жылғы наурыздағы сайлауда анықталатын елдің болашақ жаңа лидерлері қатарында саяси белсенді Сагар Дхакал және Непалдың электр энергетикасы басқармасының бұрынғы директоры Кул Ман Гизинг аталуда. Америкалық газеттің мәліметінше, 10 қыркүйекте қос саясаткер чатта бір сағаттық кездесу өткізген. Елдің жаңа премьер-министріне Сушила Каркидің кандидатурасын ұсынған және ел армиясының генералдарымен кездесіп, оларды көндірген де осы екеуі.
Непалдың жаңа Үкіметі сәрсенбіні, 17 қыркүйекті "8 және 9 қыркүйекте шейіт болған Gen-Z ұрпағының қаһармандарына бағышталған ұлттық Аза тұту" құрметіне бүкіл Непал бойынша мемлекеттік мереке деп жариялады. Дегенмен, мемлекеттік ту барлық жерде түсірілетін болады.