Қазақстанда төрт түліктің барлық түрінің басы күрт өсті

4056

Сарапшылардың байламынша, ондаған жылдар бойы талап-шарттары өзгермейтін салалық бағдарлама болса, Ұлы дала төсі малға толады. 

Қазақстанда төрт түліктің барлық түрінің басы күрт өсті

Мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексінің өсімі жақсы серпін көрсетті. Статистика Қазақстандағы мал шаруашылығында сүйсінтетін бетбұрыстар барын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен, өткен жылдың қорытындыларына тоқталып, оны алдыңғы жылмен салыстыра кетсек.

2022 жылы мал шаруашылығының барлық сегменті өндірген өнімінің жылдық нақты көлем индексі 2021 жылға қарағанда 100,8%-ға өсті. Бір қарағанда, өсім қомақты емес. Бірақ сарапшылар мұның сапалы өсім екеніне назар аудартады.

Саладағы өсімге мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемінің артуы түрткі болды. Былтыр тірі салмақта мал мен құстың барлық түрлерін сою немесе сату көлемі 0,2%-ға, сүт өндіру көлемі – 1,9%-ға, жұмыртқа саны – 4,4%-ға өсті.

Былтырғы бір жыл ішінде жылқы саны – бірден 10,5%-ға, түйе саны – 6,5%-ға, ірі қара малдың саны – 4,2%-ға, ұсақтың, яғни қой мен ешкінің саны – 4,4%-ға, құстар саны – 4%-ға көбейген. Тек халықтың наразылығының нысанасына айналып кеткен шошқа саны былтыр бірден 9,2%-ға азайды.

Осылайша, республикада өткен бір жылда:

  • Жылқы саны – 3 млн 489,8 мыңнан 3 млн 856 мыңға;
  • Ірі қара мал саны – 8 млн 192,4 мыңнан 8 млн 538,1 мыңға;
  • Қой мен ешкі саны – 20 млн 876,8 мыңнан 21 млн 786 мыңға;
  • Құс саны – 47 млн 884,7 мыңнан 49 млн 787,7 мыңға ұлғайды.
  • Доңыз саны – 776,1 мыңнан 705 мыңға кеміді.

2022 жылы 1 сауын сиырдың орташа сүт өнімділігі 2021 жылмен салыстырғанда – 2,4%-ға, 1 тауықтың орташа жұмыртқа салу көрсеткіші – 19,5%-ға өсті.

Нақты санда бұл келесідей: 2021 жылға қарағанда, 2022 жылы бір сауын сиырдан сауылған сүттің орташа көлемі 2 346 келіден 2 403 келіге дейін, әрбір тауықтың жұмыртқа салуының орташа көрсеткіші жылына 190-нан 227 дана жұмыртқаға дейін ұлғайды.

Бір жақсысы, биыл да өсім жалғасты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-сәуірінде мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 103,7 пайызға өсті. Салыстырсақ, 2022 жылғы ұқсас кезеңде, алғашқы 4 айда НКИ 102% ғана болған. Яғни, өсім тренді сабақтастық тапты.

Саладағы биылғы өсім былтырғыдан салмақтырақ. Атап айтқанда, 2023 жылғы қаңтар-сәуірде мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта шаруашылықтарда сойылғанының немесе союға өткізілгенінің көлемі 5,1% артты. Сиыр сүтінің өндірісі – 3,2% ұлғайды. Тек тауық жұмыртқасының өндірісі 2% төмендеген.

Нәтижесінде, биылғы төрт айда елімізде жалпы салмағы 610,2 мың тонна тартқан мал мен құс сойылды. Былтырғы қаңтар-сәуірде бұл көрсеткіш 580,9 мың тонна ғана болған. Сиырлардан биылғы осы кезеңде 1 млн 585 мың тонна сүт алынды, өткен жылғы ұқсас мерзімде ол 1 млн 536,2 мың тоннаны құраған еді.

Жұмыртқа өндірісі 2022 жылғы төрт айдағы 1 миллиард 559,2 млн бірліктен осы жылы 1 млрд 528,1 млн бірлікке дейін азайды.  

Былтырғы жыл қорытындысында Қазақстанда мал саны қанша екені мәлім болды. Биылғы үрдіс қандай?

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде жылқы саны – 4 млн 290,9 мыңға, ірі қара мал саны – 10 млн 184,9 мыңға, қой мен ешкі саны – 27 млн 990,7 мыңға, құстар саны – 49 миллион 841 мыңға дейін өсті.

Ұлттық статбюроның дерегінше, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара малдың:

  • 51,7%-ы – үй шаруашылықтарында;
  • 40%-ы – шаруа, фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде;
  • 8,3%-ы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бағылып жатыр.

Қазақстандағы барлық қойлардың:

  • 49%-ы – үй шаруашылықтарының қолында;
  • 45,9%-ы – шаруа немесе фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде;
  • 5,1%-ы ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында ұсталады.

Ешкілерге қатысты жағдайға тоқталсақ, Сексек атаның түлігіне кәсіпкерлер аса көп қызығушылық білдіре қоймайтыны байқалады:

  • 66,9%-ы – ауылдықтардың үй шаруашылығында;
  • 32,3%-ы – шаруа, фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде;
  • небары 0,8%-ы ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бағылады.

Құс шаруашылығы мал шаруашылығындағы ең бір инвестициялық тартымды сала саналады.

Еліміздегі бүкіл фаст-фуд осы саланың дамуына қарқын қосуда. Сондықтан бұл сала барынша коммерцияландырылған және негізгі өндіріс құс фабрикаларында шоғырландырылған. Құстардың: 

  • 25%-ы – үй шаруашылықтарының қолында;
  • 1,3%-ы ғана – шаруа, фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде;
  • 73,7%-ы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өсіріледі.

Ауыл тұрғындарының белсенді қарсылығы нәтижесінде Қазақстанда талпақтанау өсіретін ірі кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып жатыр. Бірақ доңыздардың көбін ауылдықтар қорасында өсіреді:

  • 61,9%-ы – үй шаруашылықтарының қолында;
  • небәрі 8,9%-ы – шаруа немесе фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде;
  • 29,2%-ы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында қалды.

Агробизнесмен, "Терра" компаниялар тобының бас директоры Ердос Тапаев мал шаруашылығына мемлекет тарапынан жақсы қолдау барын айтты.

Фото: agroqogam.kz

Бір ғана "Аграрлық несие корпорациясы" 2022 жылы отандық фермерлерді қолдауға шамамен 350 млрд теңге бөліпті.

Сарапшының байламынша, мал шаруашылығына талап, шарттары құбылмайтын, 10–25 жылдық даму мерзімін тұтас қамтитын тұрақты бағдарлама керек. Сонда орнықты ойын ережесін жақсы түсінген, оған төселген ауыл кәсіпкерлері мал шаруашылығының барлық бағытын толыққанды, тиімді әрі серпінді дамыта беретін болады.

Оның үстіне салада тұрақты және ұзақмерзімді қолдау барын білген отандық және шетелдік инвесторлар да қаражатын мал шаруашылығына белсенді құятын болады.

"Ондаған жылға созылатын, бірер жылда күші жойылып, жаңасына ауыстырыла салмайтын тұрақты мемлекеттік бағдарлама болса ғана біз болашақтағы өркендеу моделін нақтырақ болжай алатын боламыз. Әйтпесе, әзірге мысалы, ет саласына қатысты келесі жылдары қандай қолдау мен мемлекеттік ұстаным болатынын білмейміз. Салдарынан бизнес модельдер үнемі өзгереді. Біраз фермерлер ұзақ мерзімді, арзан несиеге зәру. Қуаңшылықты жылдар санының көбеюі мал басының өсу қарқынын тежейді. Бұған мемлекеттік қолдау жүйесінің құбыла беретіні де қосымша ауыртпалық түсіреді. Осы және басқа да бағыттарда отандық фермерлерге нақты қандай қолдау көрсетілетіні қолмен қойғандай жазылған ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдануы керек", – деді Ердос Тапаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттік қолдау бағдарламасын қайта қарау туралы ұсыныстарын Президент Әкімшілігіне де, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де жолдады.

Әрине, жемқорлық көріністерінің белең алуы саланың беделіне дақ түсіреді, мемлекеттік қолдау көлемінің сұйылуына ықпал етеді.

Сол себепті сарапшы Е.Тапаев Үкіметке сенімді және сенімді емес фермерлердің критерийлерін әзірлеуді ұсынады. Оның аясында өндірушінің өнім көлемін тұрақты арттыруы, оң кредиттік тарихы, салықтық жүктемесінің коэффициенті, ауылда құрған жұмыс орындарының саны, аударатын зейнетақылық жарналардың көлемі сияқты көрсеткіштерді қарастыруға болады. Соның негізінде әрбір ауыл кәсіпкеріне, кәсіпорнына тиісті бағасы белгіленеді. Сенімді ақтай алғандарына қосымша жеңілдіктер ұсынған, сөйтіп ынталандырған жөн.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу