Қазақстанда түрмелер ең көп шоғырланған өңірлер белгілі болды

113

1991 жылдан бері сотталғандарға қатысты 11 рақымшылық-амнистия жарияланыпты. Нәтижесінде түрмелер бос қалды ма?

Қазақстанда түрмелер ең көп шоғырланған өңірлер белгілі болды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Адамзат тарихының қай кезеңінде де бостандық пен қапастың, мейірімділік пен жазаның аражігін әділ ажыратуы қоғам айнасындай болып келеді. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өз саласына қатысты құрғақ статистиканы және ресми деректерді ұсынды.

Бірақ сол сандардың тасасында тірі адамдардың тағдыры, қоғамның дерті, тіпті мемлекеттің құқықтық келбеті жатыр. Ведомствоның соңғы мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінде 38,5 мыңнан астам адам қамауда отыр екен. Бұл – шағын бір қаланың халқымен тең көрсеткіш.

Темір тордың ар жағындағы осы 39 мыңға жуық жанның ішінде 1,5 мыңнан астамы – әйел заты болса, ең өкініштісі, 75-і – кәмелетке толмаған балалар. Әйелдердің және жасөспірімдердің қылмысы – ұлттық тәрбиенің, сондай-ақ әлеуметтік қолдау тетіктерінің ақсап тұрғанын көрсететін белгі болса керек.

Жалпы, қоғамдағы қылмыс деңгейі және сотталғандар саны – тек құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі ғана емес, бұл ең алдымен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың индикаторы.

Сарапшылардың байламынша, отбасы институтының әлсіреуі, экономикалық теңсіздік пен кедейшілік және жастар арасындағы құндылықтардың құлдырауы пенитенциарлық жүйеге түсетін салмақты арттыруда.

Жаза географиясы: Абақты қай аймақта көп?

Қазақстанның кең байтақ даласында қылмыстық-атқару мекемелерінің де, сотталғандардың да таралу географиясы біркелкі емес. Оның біріншісі, түрме және колониялар саны Кеңес одағында анықталды, сол заманда салынды. Екіншісі – қазіргі кездің көрінісі.

Өңірлік бөлініс бойынша "күзетпен ұсталатындардың астанасы" – аумағы жөнінен елдегі ең ірі аймақ Қарағанды облысы болып шықты. Мұнда 4,6 мың адам жазасын өтеуде.

Алматы және Ақмола облыстары да бұл тізімде көш бастап тұр: әрқайсысында 3,7 мың адамнан. Одан кейінгі орындарда оңтүстіктің қос аймағы Шымкент қаласы – Түркістан облысы орналасқан (3,4 мың). Бұларға Жамбыл (2,9 мың), Шығыс Қазақстан (2,8 мың) облыстары ілесті.

Ranking.kz сарапшыларының дерегінше, Қазақстан аумағында жалпы саны 79 қылмыстық-атқару мекемесі жұмыс істейді. Олардың ең көп шоғырланған жері – Шығыс Қазақстан облысы (10 мекеме) және Қарағанды-Ұлытау облыстары (жалпы саны – 10, әрқайсысында – 5 мекемеден). Ақмола, Алматы, Жетісу облыстары, Шымкент-Түркістан аймағы да түрме инфрақұрылымының тығыздығымен ерекшеленеді.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің саны:

  • ШҚО – 10;
  • Қарағанды және Ұлытау облыстары – жалпы жиынтығы 10;
  • Ақмола – 6;
  • Алматы – 6;
  • Шымкент қаласы және Түркістан – 6;
  • СҚО – 5;
  • Қостанай – 5;
  • Павлодар – 5;
  • Жамбыл – 5;
  • Астана – 3;
  • Ақтөбе – 3;
  • Атырау – 3;
  • БҚО – 3;
  • Маңғыстау – 3;
  • Қызылорда – 3;
  • Алматы қаласы – 3;
  • Қазақстан бойынша жалпы саны – 79.

Сарапшылардың түсіндіруінше, пенитенциарлық мекемелердің белгілі бір өңірлерде – Шығыс, Орталық және Оңтүстік аймақтарда тығыз орналасуының тарихи және урбанизациялық себептері бар. Кеңестік кезеңнен қалған лагерлер жүйесі инфрақұрылымының кейбір ғимараттары қолданылған көрінеді.

Сонымен қатар, халық тығыз қоныстанған немесе ірі өндірістік орталықтар саналатын өңірлерде миграциялық ағын да, әлеуметтік маргинализация деңгейі де жоғары. Бұл тікелей қылмыс деңгейіне және соған сәйкес сотталғандар контингентінің өсуіне ықпал етеді екен.

Тар қапастың құрылымы: қауіпсіздік деңгейі нені аңғартады?

Қазақстанның түрме жүйесі – қылмыстың ауырлығына және сипатына қарай жіктелген күрделі механизм. Төмендегі ресми статистика елдегі қылмыстық саясаттың сипатын айқын көрсетеді:

  • орташа қауіпсіз мекемелері – 29;
  • тергеу изоляторлары (СИЗО) – 16;
  • қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер – 15;
  • қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер – 11;
  • аралас қауіпсіздік мекемелері – 5;
  • туберкулезге қарсы ауруханалар – 1;
  • төтенше қауіпсіз мекемелер – 1;
  • толық қауіпсіз мекемелер – 1.

Бұл құрылымның ішінде балаларға және әйелдерге арналған жеке орындар бар: кәмелетке толмағандар үшін – 1 мекеме, әйелдер үшін – 6 мекеме (оның 5-еуі орташа қауіпсіз, 1-еуі барынша жоғары қауіпсіздік деңгейінде) қызмет етеді.

Қылмыстық кодекске және сот шешіміне сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде абайсызда жасалған, немесе күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдар, 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айрылған және қасақана қылмыс жасағаны үшiн алғаш рет сотталғандар және басқасы отырады.

Орташа қауіпсіз мекемелеріне: бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, қасақана қылмыс жасағаны үшiн 2 жылдан көп мерзiмге бас бостандығынан айрылғандар, бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар және өзгесі қамалады.

Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерге: бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдар жабылады.

Өмір бойға сотталған адамдарға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалады.

Бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн 5 жылдан астам мерзiмге темір торға аттанған адамдарға қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн, бiрақ 5 жылдан аспайтын мерзiмді қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалуы мүмкiн.

Бұл ретте республикада орташа қауіпсіздік және ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінің басым болуы – мемлекеттің ізгілендіру-гуманизация саясатына бағыт алғанын байқатады.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тергеу изоляторларының (16) тым көптігі сотқа дейінгі өндірісте әлі де болса қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының тым жиі қолданылатынын көрсетеді.

Бұл жүйені одан әрі реформалап, пробация, электронды білезіктер, қоғамдық жұмыстар сияқты бас бостандығынан айыруға балама жаза түрлерін дамыту қажеттігін айғақтайды.

Түрме – тек жазалау орны емес, ол – қоғамнан оқшауланған азаматтарды қайта тәрбиелеп, әлеуметтік ортаға бейімдейтін институт болса, құба-құп. Онсыз да халқы аз Қазақстанда 39 мыңға жуық азаматының темір торда отыруы – заң мен тәртіпті ғана емес, әлеуметтік әділдікті күшейтетін реформалардың өмірлік маңыздылығын тағы бір мәрте ұқтырса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу