Ресей елшісі: Қазақстанда тұрып жатқан орыстарға қандай да бір қысым көрсетіліп жатқан жоқ

3503

Ол орыстар мен славяндардың қазақстандық биліктің барлық құрылымдарында бар екенін атап өтті.

Ресей елшісі: Қазақстанда тұрып жатқан орыстарға қандай да бір қысым көрсетіліп жатқан жоқ Фото: tass.ru

Ұлтшыл және русофобиялық көзқарасты ұстанатын Қазақстан азаматтары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптастырып жатқан билеуші топтарға енбейді. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин ресейлік "Независимая газета" газетіне берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Үңгір ұлтшылдығына (Қазақстан президенті әкімшілігі басшыларының бірі осылай сипаттаған еді) билік тарапынан қолдау көрсетілмейді, тіпті заң бойынша қудаланады. Әсіре ұлтшыл және русофобиялық көзқарасты ұстанатын Қазақстан азаматтары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптастырып жатқан билеуші топтарға енбейді", – деді дипломат.

Ол орыстар мен славяндардың қазақстандық биліктің барлық құрылымдарында бар екенін атап өтті. 

"Өкінішке қарай, Қазақстандағы тұрмыстық ұлтшылдық – өте кең таралған құбылыс. Мұндай "дерт" Қазақстанда да, Ресейде де бар. Біз бір-бірімізді айыптамай, мұндай мәселені бірлесе шешуіміз керек. Егер тараптар өзара айып тақса, жағдай ушыға түседі", – деп басып айтты елші.

Дипломат Қазақстанда тұрақты түрде тұрып жатқан орыстарға қандай да бір қысым көрсетіліп жатпағанын алға тартты. Ол қазақстандықтардың басым бөлігі орыс тілін жақсы меңгергенін атап өтті.

"Қазақстанға басқа мемлекеттерден қоныс аударған қазақтар, яғни қандастар орыс тілін білмейді. Бұл олардың қазақстандық қоғамға сіңісуін қиындатып, Қазақстан билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызып отыр", – деді Бородавкин.

23 желтоқсанда Ресей Президенті Владимир Путин жыл сайынғы баспасөз мәслихатында "Қазақстан – орыс тілінде сөйлейтін ел" деген мәлімдеме жасаған еді.

"Елдеріңізде орыс тілін оқытатын мектептер мен ЖОО филиалдарының саны артуда. Біз Қазақстанмен ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі ретінде бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Әскери жабдықтар мен техникалар Қазақстанға ресейлік бағамен жеткізіліп жүр. Қазақстанның тұңғыш президентінің бастамасымен Еуразиялық экономикалық кеңес құрылған еді. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейі сақталады деген үміттемін", – деді Путин.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу