Қазақстанда түсініксіз байлыққа талап енгізілмек

1116

Әлемде активтерді қайтару үшін қолданысқа енгізілген жаңа модельдің бірі Қазақстанда да жүзеге асырылмақ.

Қазақстанда түсініксіз байлыққа талап енгізілмек Фото: canva.com

Бұл туралы "Қайтарылуы тиіс" деректі фильмінде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз алынған активтерді елге қайтару қажеттігі жайында 2022 жылдың ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Бұл бастаманың мақсаты – бизнес ортада дұрыс бәсекені және елдегі жалпы экономикалық ахуалды күшейту.

2023 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға қол қойды.

Фильмде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков бүгінде жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.

Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Сөз 1,5 трлн теңге сомасына қайтарылған активтер жайында болып отыр. Ол Активтерді қайтару комитеті түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы талаптың және сот шешімінің шығарылғанын атап өтеді.

"Әлемде активтерді қайтарудың бірнеше моделі бар. Соңғысы және жаңаларының бірі түсініксіз байлыққа талап деп аталады. Бұл мемлекеттің белгілі бір тұлғаның қандай да бір мүлікті заңды иеленуіне қатысты ақылға қонымды наразылығына байланысты. Ал субъект оны заңды түрде алғанын дәлелдеуі тиіс. Егер ол оны дәлелдей алмаса, онда бұл мүлікке сот шешімімен түсініксіз байлық мәртебесі беріледі және мемлекет кірісіне қайтарылады. Міне осындай талап негізінде сот шешімі күшіне енген Қазақстанда бірінші жағдай бар. Соған орай таяу уақытта мемлекет кірісіне шамамен 11 млн доллар қайтарылады. Мұнан бөлек, шамамен 1 млн долларға мүлік, оның ішінде бренд заттар бар", - деді ол.

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атап өтуінше, бұл еліміз үшін теңдессіз тәжірбие саналады.

Аталған тәжірибе беделді халықаралық ұйымдар мен серіктес елдер тарапынан да қолдау тауып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу