Қазақстанда Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады

84

Мемлекеттік кітапханалар бір жүйеге біріктіріледі.

Қазақстанда Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram

Астанада Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа жүйе еліміздегі мемлекеттік кітапханалардың қорын бір электрондық каталогке біріктіріп, оқырмандарға қолжетімділікті кеңейтуді көздейді.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығын іске асыру аясында Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен ведомствоаралық сарапшылық кеңесте қаралды.

Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы, Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақстандық қоғамдық даму институты және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кеңесте мемлекеттік кітапханалардың электрондық каталогтерін біріктіру, цифрлық қызметтерді жетілдіру және кітапхана саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері сөз болды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли бірыңғай платформаның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жүйе кітапханаларды ортақ ақпараттық кеңістікке біріктіріп, азаматтардың кітап қорларын пайдалану мүмкіндігін арттырады әрі оқырмандарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.

Ұлттық цифрлық кітапхананы Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе негізінде құру жоспарланып отыр. Ол мемлекеттік кітапханалардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық қорды ортақ электрондық каталогке біріктіреді.

Сонымен қатар жиында "Зерделі ұлт" бірыңғай электрондық оқырман билетін енгізу мәселесі талқыланды. Оның көмегімен азаматтар тіркелген кітапханасына қарамастан, жүйеге қосылған кез келген кітапхананың қорын пайдалана алады.

Бұдан бөлек, кітаптарды каталогке енгізу мен іздеу үдерісін оңтайландыру, сондай-ақ оқырмандардың қызығушылығына қарай кітап ұсыну үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу