Қазақстанда ұялы байланыстың ерекше түрі пайда болады

2417

Жанжал ма, жасампаздық па? Қазақстан алғашында тек ауылдықтардың игілігіне айналар жаһандық желіге қосылатын болды.  

Қазақстанда ұялы байланыстың ерекше түрі пайда болады Фото: ЖИ көмегімен жасалды/inbusiness.kz

Қамту географиясы қайран қалдыратын ұялы байланысты іске қосуға қатысты Қазақстанда дайындық жүріп жатыр. Оны мегаполистің бетонды джунглиінде әзірге аулау мүмкін болмайтын көрінеді, ал, құмды сахара мен қалың қарлы далада бұл желі жалғыз жортқан жанның ең сенімді жолсерігіне, тіпті құтқарушысына айналады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Суға кеткен... спутникті қармай ма?

Отандық телекоммуникация саласында осындай түбегейлі жаңа дүниеге деген қажеттілік әлдеқашан пісіп-жетілді. Бүгінде елдегі ұялы байланыс құрақ көрпеге ұқсайды, әрі фрагментті түрде жұмыс істейді. Егер қияндағы ауылда сигналдың жоқтығын операторлардың экономикалық үнемшілдігіне жатқызуға болса, ірі қалалардың ішіндегі "өлі аймақтар" немесе сигналдың күрт үзілуі жер бедерінің кінәсі емес, басқарудағы жүйелі олқылықтардың жөнсіздігі.

Табиғат ананың тосын мінезі де ахуалды қиындатып тұр. "Қазгидрометтің" болжамынша, дәл қазір су тасқыны елдің бірқатар өңіріне қауіп төндіріп тұр. Топан су қаптағанда үйреншікті әлем тез күйрейді: құлаған бір электр бағаны немесе ұялы байланыстың базалық станциясы тұтас аудандарды байланыссыз қалдырады.

Төтенше жағдайда телефон әлеуметтік желіні парақтайтын ермек емес, апат пен арашаның арасындағы жалғыз дәнекер. Мұндай кезде жерүсті инфрақұрылымына ғана телміріп, қол қусырып отыру – негізсіз тәуекел.

"Тұрақты байланыспен қамту – бұл енді технологиялық мұқтаждық қана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі. Елімізде тұрақты байланыстың болмауы адамдарды құтқару процесін айтарлықтай қиындататын жағдайлар үнемі туындайды. Қыс мезгілінде ақтүтек боран, үскірік аяз бен көктайғақ салдарынан жүздеген шақырымдық автокөлік жолдары жүйелі түрде жабылып, адамдар елді мекендерден және ұялы байланыстың тұрақты қамту аймақтарынан алыс жерлерде, трассаларда қалып қояды", – дейді Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов.

Шалғайда, әсіресе таулы жерлерде мұның соңы тіпті қайғылы аяқталуы ғажап емес. Құтқарушылардың статистикасы сұмдық: соңғы 5 жылда тек Алматы тауларында кем дегенде жиырма адам қаза тапты және олардың көбі үшін телефон экранындағы "таяқшалардың" жоқтығы өлімге соқтырған факторға айналды. Жыл сайын жүздеген төтенше жағдайлар және іздестіру-құтқару операциялары тіркеледі. 600-ден астам туристке құтқарушылар көмек көрсете алыпты.

"2025 жылғы 20 ақпандағы "Қазақмыс" корпорациясының кенішіндегі қайғылы апаттан кейін біз Үкіметке жүгініп, шахталарда және басқа да шалғай өнеркәсіптік нысандарда Starlink спутниктік байланысын пайдалануға рұқсат беруді ұсындық. Жалпы, Цифрландыру министрлігі бізбен келіскен: мұндай нысандар үшін дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымның жарамайтынын, оны тұрғызу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, сондықтан балама ретінде спутниктік байланыс технологиялары қажеттігін жеткізді. Алайда, оларды іс жүзінде енгізуге келгенде, тосылып қалды. Ал, әлемде Direct-to-Cell жаңа спутниктік ұялы байланыс технологиясы белсенді дамуда", – деді мәжілісмен.

Оның мәліметінше, бұл технологияның басты ерекшелігі – 4G/LTE қолдауы бар кәдімгі смартфондар ешқандай қосымша құрылғысыз тікелей төмен орбиталық спутниктерге қосыла алады. Тиісінше, жерүсті базалық станцияларын орнату қажет болмайды. 

Іс жүзінде ғарыштағы спутниктер жердегі базалық станциялардың рөлін өздері атқара бастайды. Олар дәстүрлі байланыс инфрақұрылымын салу өте қымбат немесе техникалық тұрғыдан қиынға түсетін аумақтарды тегіс қамти алады. Осыған байланысты, Мәжіліс депутаттарының тобы таяуда ЖИ министрлігіне хатында "Қазақстанда мұндай технологияларды енгізуге қандай нормативтік немесе техникалық шектеулер кедергі келтіріп тұрғанын" сұрады.

Орбитадағы бюрократия: Қазақстан билігі рұқсат бере ме?

Билік кабинеттерінен жауап енді ғана алынды. Вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев сүйінші жаңалығын жеткізді: қазақстандық оператор Илон Масктың SpaceX-імен бірлесіп Direct-to-Cell спутниктік ұялы байланыс технологияларын Қазақстанда ендіру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр.

"SpaceX компаниясымен бірлесіп, "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) операторы Қазақстан территориясында Direct-to-Cell технологиясын енгізу бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Аталған жұмыстар 2025 жылғы 6 қарашада АҚШ-та өткен "С5+1" саммиті аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, "Кар-Тел" ЖШС операторы және SpaceX компаниясы арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде жүргізілуде", – деді Жаслан Мәдиев.

Оның мәліметінше, 2025 жылдың соңында Қазақстан аумағында бұл технологияның пилоттық сынақтары өткізілді. Бәрі дайын көрінеді. Тек бір гәп бар.

"Бүгінде америкалық технологияны Қазақстанда коммерциялық пайдалануға беру үшін ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты керек. Онымен тиісті мәселелерді келісу бойынша жұмыс жүргізілуде", – деді ЖИ министрі Мәдиев.

Жаңа ғарыштық технологияның жұлдызы оңынан туу үшін ол алдымен жердегі шенеуніктер мен арнайы қызметтердің "тар дәлізінен" аман өтуге тиіс. Егер тиісті рұқсаттар топтамасы толық болса, келер жылы смартфонымызда "Starlink" таңбасы пайда болуы ғажап емес.

Жоғарыға қарамаңыз: телефоныңыз жерсерікті өзі табады

Мұнда технологиялық тұрғыдан бәрі мінсіз сияқты көрінеді: спутникке қосылу үшін смартфоныңызға қандай да бір сыртқы антеннаны жалғау, немесе оған ауыр чемодан-чехол кигізу, болмаса ұялы құрылғыларды модификациялау талап етілмейді.

Жүйе кәдімгі қалтафонның тікелей жерсерікке қосылуына мүмкіндік береді. Бұған қол жеткізу үшін Масктың командасы ғарыштық аппараттар санын арттыруда, меншікті чиптерді пайдалануға көшуде және EchoStar ресурстары есебінен спектрді кеңейтуде.

Жаңа жүйе қазірден бар, бірақ оны бүкіл әлемде толыққанды іске қосу 2027 жылдың соңына жоспарланған.

"Байланыс 4G LTE және 5G NR NTN стандарттарында жұмыс істейді: заманауи смартфон ғарыштағы спутникті жердегі кәдімгі базалық станция ретінде қабылдап, лезде қосылуға тиіс. Жердегі мұнара мен көктегі спутник арасындағы ауысу автоматты түрде және елеусіз жүреді: бұл өзге елдің шекарасын кесіп өткенде қосыла қоятын роумингке ұқсас. Мұндай технология әсіресе көлікте – трассаларда, пойыздарда, кемелерде немесе ұшақтарда, яғни, жерүсті сигналы тұрақсыз болатын жерлерде өте қолайлы", – деп нақтылады haber.com.

Әрбір озық шешімнің өз шегі болады. Жерсеріктік байланыс бірінші кезекте менменсіген мегаполистің емес, меңіреу даланың жоғын түгендеуге арналған әмбебап құрал екенін түсінген абзал.

Масктың "бір қарын майын" не шірітуі мүмкін?

Әдетте, кез келген технологияның жаңашылдығы мен жасампаздығы жеріне жеткізе мақталатын демонстрациялық бөлімнен кейін "кілтипандар" туралы әңгіме басталады.

Мысалы, Selectel сарапшылары физиканың өз шектеулері бар екенін, оны болашақ триллионер Маск та өзгерте алмайтынын ескертті: смартфон спутниктен сигналды сенімді қабылдауы үшін оны қолданушы ашық аспан астында тұруға тиіс. Ну ормандағы жайқала өскен ағаштардың қалың жапырақтары, қаладағы құмырсқаның илеуіндей тығыз құрылыстар, тіпті қатты жауын-шашын сигналды әлсіретеді.

Қолданушы ғимараттың ішіне кірсе, үңгірден жер астына түссе немесе таулар арасындағы тар шатқалдарға тап болса, байланыс жоғалып кетеді. Жоғалмауы үшін сыртқы күшейткіштерді талап етеді, бірақ бұқараға арналған нұсқасында ешқандай күшейткіш қарастырылмаған.

Инженерлер, әрине, антенналар мен спутниктік сәулені қалыптастыру алгоритмдерін оңтайландыруды жалғастыруда және уақыт өте келе, жүйенің әлеуеті артып, мүмкіндіктері кеңейеді деген үміт бар.

Маңызды проблемалары мұнымен түгесілмейді. Арнаның өткізу қабілеті мен жиіліктер – шектеулі ресурстар. Халық тығыз қоныстанған аудандарда спутниктік желі қарбалас уақытта пайдаланушылардың көптігінен "тұншығып" қалуы, үзілуі мүмкін.

Бұған әрбір мемлекеттегі реттеуші процедуралар қосылады: ол туралы ЖИ министрі Мәдиев айтып кетті. Мұндай желіні өрістету сондай-ақ әрбір мемлекетте құзырлы органдарынан жергілікті жиіліктерді пайдалануға ресми рұқсат алуды, спутниктер ұшыру рәсімдерін келісімнен өткізуді, ұлттық байланыс операторларымен интеграциялануды талап етеді.

Сервистің қазіргі жағдайы

Смартфондармен тікелей байланысқа (Direct-to-Cell) арнайы модификацияланған 650-ге жуық жерсерік орбитада самғап жүр. Олар алты континентті, соның ішінде шалғай аймақтарды – джунглилерді, шөлдерді қамтиды екен. Бұл – жобаның мықты жағы.

Функционалдығы әзір шектеулі: SMS сияқты мәтіндік хабарламаларды жолдауға, мессенджерлер арқылы дауыстық қоңырау шалуға, қосымшалардың негізгі жұмысын пайдалануға және төмен сападағы бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік береді.

Жүктеудің орташа жылдамдығы да қазірше тым қарапайым: 4 Мбит/с. Қалалық еркетотай мұны менсінбеуі мүмкін, бірақ байланыс мүлдем жоқ аймақтарда бұл құтқарудың бір кепілі: геопозицияңызды жіберіп, көмек шақыра аласыз. Сабыр сақтасаңыз, SpaceX спутниктік желісін болашақта 150 Мбит/с-қа дейін жылдамдатуды жоспарлап отыр.

Даму кезең-кезеңмен жүріп жатыр: алдымен мәтіннен дауысқа, содан соң дауыстан толыққанды деректерге қол жеткізу кезеңдері артта қалған. Бұл әрбір кезең жаңа спутниктерді, бағдарламалық қамтылымды жетілдіруді және ұлттық реттеушілермен келісуді қажет етеді. Мұндай тәсіл топтаманың толық өрістетілуін күтпей-ақ, жүйені қазірден біртіндеп өрістетуге мүмкіндік береді, бірақ бұдан процесс біршама созылады.

Спутниктік телефония ұялы байланыс операторлары арқылы кәдімгі тарифтерге кіріктіріледі: АҚШ-та бұл T-Mobile, Канадада – Rogers, Жапонияда – KDDI, Австралияда – Telstra мен Optus, Швейцарияда – Salt, Латын Америкасында – Entel. Қазақстанда қайсы оператор болуы мүмкін екенін әлгінде министр Мәдиев хабарлады.

Айтпақшы, Илон Маск төл спутниктік операторын құруға ниетті. Teslarati.com хабарлағандай, "Starlink Mobile" брендімен жеке спутниктік ұялы байланысты дамытудың жаңартылған жоспарлары жария болды.

Жоба ауқымы біртіндеп артуда. 2026 жылдың соңында пайдаланушылар саны 25 миллионнан асуға тиіс. Бүгінде жүйе серіктестік операторлар арқылы ай сайын 10 млн адамға қызмет көрсетеді.

Маск командасының алдағы жоспары бұдан да өршіл көрінеді. 2027 жылдың ортасында Starship кемелерін ұшыру арқылы бір мезетте орбитаға 50-ден астам жерсерік шығару мүмкін болады. Мамандардың бағалауынша, жарты жыл ішінде 1 200-ге жуық спутникті өрістетіп, Жер шарын тұтас қамтуға жақындайды. Ұзақ мерзімді перспективада байланысқа арналған арнайы жерсеріктердің саны 15 000-ға дейін өсуі мүмкін. Бірнеше жыл бұрын бұл бір қиял-ғажайыптай көрінер еді.

Қосымша ресурс ретінде Маск EchoStar-дан жиілік диапазонын алудың қамына кірісті, мұны 2027 жылдың соңына қарай аяқтауға бекінді. Осыдан кейін сервис, жоспар бойынша, негізгі елдердегі заманауи смартфондардың көпшілігінде қолжетімді болады.

Бірақ ол дәстүрлі жерүсті желілерін толық алмастыра алмайтын шығар. Біз гибридті моделдің қалыптасуын бақылап отырмыз: ұялы байланыстың жерүсті мұнаралары тек жеңіл, ыңғайлы және экономикалық тұрғыдан ақтайтын жерлерде орналасады, ал, қалғанының бәрін ғарыш өз мойнына алады.

Қазақстан бұл технологияда көштен қалмайды, жол жиегіне шеттетілмейді: ЖИ министрі АҚШ-та тиісті келісімге қол жеткізілгенін еске салды. Енді интеграцияның белсенді фазасына шығуы күтілуде.

Бастысы – технологияның ғарыштық жылдамдықтағы озық мүмкіндіктері жергілікті реттеушілердің шабандығы мен бюрократияның тұсауына түсіп қалмағаны маңызды. Өйткені, ғарыштан келген сигнал тау ішінде көмек күткен жалғыз жан үшін соңғы үміт болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу