Қазақстанда заманауи Mental Healthy City қалыптасып келеді

1371

Иін тірескен зәулім ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар тұрғызу астаналықтар мен қала қонақтарының көңілін тоғайтып, жүйке жүйесін қалыпқа келтіреді.

Қазақстанда заманауи Mental Healthy City қалыптасып келеді Фото: inbusiness.kz

Мазасыздық, күйгелектік – кез келген ірі қаланың тұрғындарына тән жай-күй. Мұны Амстердам менталды денсаулық институтының ғалымдары айтып отыр.

Сондықтан алып урбанистік агломерациялар өзінде өмір сүретіндердің менталды денсаулығына, жүйке жүйесіне салмақ салуы мүмкін. Америкалық жазушы Джек Лондон айтқандай, әлдеқайда тоқтаусыз асыққан мегаполис тұрғындары өзін бақытты сезінуі үшін бір уақ кідіріп, көше орындығына жайғасуы керек.

Жүйкесі жұқарған, тынышсыз, ашушаң күйге жеткен өз тұрғындарына ірі шаһарлардың өзі де көмектесе алады. Бұл үшін заманауи қала адамдарға бағдарлануға, қоғамдық кеңістіктерге толы болуға тиіс.

Mental Healthy City, яғни әрбір адамға достық пейіл танытып, мейірімінің шуағына бөлеп, менталды денсаулығының, жүйке жүйесінің жақсаруына жәрдемдесемін қала концепциясы осының көздейді. Астананың бүгінде дәл осындай қалаға айналып келе жатыр.

Оның үстіне қолданыстағы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасында да әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, "Ескі орамдарды" реновациялау міндеттері қойылып, тиісті жобалар көзделген. Бұл істе де Астана көшбасшы атанып, өзге өңірлерге өнегесімен танылуда.

Осы орайда бас қалада нақты, "нүктелік" құрылыспен күрес жүріп жатыр. Астаналықтардың талап-тілегіне ден қойған Астана әкімдігі біраз құрылысты тоқтатып, олардың жер телімдерін әлеуметтік нысандар тұрғызуға, қоғамдық кеңістікті жабдықтауға берді.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елордада нүктелік құрылысқа қарсы күрес аясында 20-ға жуық учаскеде көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болады. Тиісінше, онда енді мектептер, емханалар, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер, соның ішінде гүлзарлар, желекжолдар, аулалар бой көтереді.

"Қалада осындай 22 нысан бар. Барлық нысанның жайынан хабардармыз. Олар бойынша іргелес үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс салушылар өкілдерімен белсенді жұмыс істейміз. Қазір екі нысанның ісі сотта, қалғандары бойынша шешім қабылданды. Учаскелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік нысандарды салу үшін пайдаланылады. Мысалы, Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданына қатысты Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, көп қабатты тұрғын үй кешендерінің жобасы гүлзарға ауыстырылды. "Copenhagen" ТК ауданында көп пәтерлі тұрғын үй – кешені алаңға, "Nova city" ТК ауданында тұрғын үй кешені жобасы – білім беру орталығына, "Қалалық романс" ТК ауданында – мектепке, балабақша мен скверге және басқасына алмастырылды", – деді елорда басшысы.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек биылғы қаңтар айынан бастап, инженерлік желілерсіз және бас жоспарсыз құрылысқа рұқсат берілмейтінін нықтады.

Сонымен қатар егер қандай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың толық пакетінсіз жалғастырса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыс толығымен тоқтатылады және компания жосықсыз компаниялардың "қара" тізіміне енгізіледі.

Бас қаланы Mental Healthy Cityге айналдыру тек бюджет есебінен ғана жүргізіліп жатқан жоқ, оған түрлі демеушілер қолдау көрсетуде. Мысалы, өткен аптаның соңында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы көлік қызметкерлері күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап, "Салтанат қақпасы" монументінің жанында жаңа гүлзар-скверді сыйға тартты. Алаң аумағында бірден жапырақты ағаштар да отырғызылды.

Жаңа алаңның жалпы ауданы 1 гектарды алып жатыр және ол балалардың ойын алаңымен, Workout тренажерларымен, орындықтармен, көгалдандырылған орындармен және басқаларымен жабдықталды. Сквердің құрылысы ұлттық компания мен Есіл ауданының әкімдігі арасында бұрын қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биыл қала бойынша 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылатынын, яғни саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар ашылатынын атап өтті. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Мысалы, Амман және Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін өзара жалғай түседі.

Орталық жағалаудың тарихи көшелері: Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері және тағы басқа жаяу жүргіншілер жолы құрылды. Қ.Мұнайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі жұмыс аяқталды. Жаяу жүргіншілер жолының жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайды.

Қаланың барлық ауданында жыл соңына дейін қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жалғаспақ.

Халық өзін көшеде жайлы, жайбарақат сезінуі үшін қала қауіпсіз болуға тиіс. Бұл тарапта да сан-салалы жұмыс қолға алынып жатыр. Мысалы, елорда көшелерінде жаңа бейнебақылау камералары қойылуда. Олар тікелей полицияның Жедел басқару орталығына шығарылған. Демек, тәртіп сақшылары қала көшелерінде, соның ішінде қоғамдық кеңістіктерде не болып жатқанын, қоғамдық тәртіптің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылап отыра алады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Астанада мыңға жуық камера орнату жоспарланған. Оның үлкен бөлігі қала шетіндегі аудандарды қамтиды. Көше бейнекамераларының 300-ін – Сарыарқа ауданына, 100-ін – "Көктал-1" және "Көктал-2" елді мекеніндеріне орнатады.

Адамдар өздерін қоршаған нысандардың көңіл-күйіне, өміріне ықпалын елей бермейді. Мысалы, ғалымдардың айтуынша, баспананың төбесінің биік болуы, еңсені езбеуі адамдардың еркін ойлауына, қиялының қалықтауына, шығармашылық жасампаздығына түрткі болады. Кейбір кеңселер сол себепті төбеде құбырлары көрініп тұрса да оны жаппай, ашық қалдырады.

Терезеден көрінетін әсем көрініс те адамды бақыттырақ ететіні дәлелденген. Құрылыс компаниялары маркетологтарының терезелері көшедегі көркем көрініс ашылатын жақта орналасқан пәтерлерді қымбатырақ сататыны да содан.

Ендеше қаланың көркемдігі қалалықтардың өзін бақытты санауына тікелей әсер ететінін жете бағаламауға болмайды. Қаланың әрбір тұрғыны мен қонақтарына қолайлы, жайлы болуы адамның көңіл хошына, денсаулығына және жұмысқа қабілеттілігіне жақсы үлес қоса алады. Астана басшылығының елорда дамуын ғылыми жаңалықтарға негіздеуі қуантады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу