Қазақстанда зейнетақы төлемдері жаппай тоқтатылып жатыр

1479

Мыңдаған адам бір қателіктің себебінен зейнетақысынан қағылды.

Қазақстанда зейнетақы төлемдері жаппай тоқтатылып жатыр Фото: dauletten.kz

Қазақстанда жыл сайын жүздеген зейнеткер зейнетақысыз қалып жатады. Төлемдер банк шотында ақша қозғалысы болмағандықтан тоқтатылады. Кейін бәрі бірдей төлемді қайта ала алмайды. inbusiness.kz-тің сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, мұндай жағдайлар саны мыңдап тіркеледі. Бұл ретте мәселе жылдан-жылға қайталанып отыр.

Төлемдер неге тоқтатылады?

Қолданыстағы Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнеткердің банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы ешқандай шығыс операциясы болмаған жағдайда, онда зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы автоматты түрде тоқтатылады. Бұл норма бұрыннан бар. Ол 2023 жылдың 20 сәуіріндегі жаңа заңнамада сақталды.  

"Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдері, егер алушының банк шотында үш және одан да көп ай бойы шығыс операциялары болмаса, ақпараттық жүйелерден мәлімет түскеннен кейінгі келесі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады", – деп түсіндірді министрлік.

Қарапайым тілмен айтқанда, зейнеткер үш айдан астам уақыт бойы шотынан ақша шешіп алмаса немесе карта арқылы төлем жасамаса, банк бұл туралы мемлекетке хабарлап, зейнетақы автоматты түрде "тоқтатылады". Зейнеткер өтініш бергеннен кейін ғана төлемдері қайта қалпына келеді.

"Шығыс операцияларының жоқтығы туралы мәліметтер түскен соң, Мемлекеттік корпорация қызметкерлері пошта арқылы төлемнің тоқтатылғаны жөнінде хабарлама жібереді", – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Мыңдаған зейнетақы қайта тағайындалмаған

Inbusiness.kz редакциясы соңғы 3 жылдағы статистиканы алды.

2,5 жыл ішінде зейнетақы төлемі тоқтатылған 4533 жағдайдың 1682-сінде зейнеткерлердің зейнетақысы әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Бұл әрбір үшінші зейнеткер өзіне тиесілі қаражатты қайта алмаған деген сөз.

Зейнеткер не істеуі тиіс?

Зейнетақы төлемі тоқтаған жағдайда, оны қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін зейнеткер өтініш беруі тиіс. 2023 жылғы 22 маусымда бекітілген зейнетақыны тағайындау және қайта есептеу қағидаларына сәйкес, уәкілетті орган өтінішті бес жұмыс күні ішінде қарауға міндетті. Ең әуелі зейнеткер зейнетақысы тоқтатылғанына көз жеткізіп, кейін құжаттарды жинап, өтініш беруі қажет.

Дау тудыратын жағдайлардың бар болғанына қарамастан, еңбек министрлігі заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ.

"Қолданыстағы кодекс нормалары өзекті әрі белгіленген құқықтық, әлеуметтік талаптарға сәйкес келеді деп танылады. Заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып отырған жоқ", – делінген ресми жауапта.

Бір қарағанда шотта ақша қозғалысы болмаса, бәлкім адам шетелге кеткен немесе өмірден озған шығар, зейнетақы шотта қалып қояды. Алайда кейде басқа жағдайлар да болып жатады. Кейбір зейнеткерлер ақшасын уақытша пайдаланбауы, жинауы немесе тек қолма-қол ақша пайдаланғанды жөн көруі мүмкін. Нәтижесінде әлсіз топтар зардап шегіп жатады. Құқық қорғаушылар мұндай тәжірибе қарт адамдардың уақытылы қамтамасыз ету құқығын бұзуы мүмкін деп бірнеше рет айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу