Қазақстанда жаңа "астана" пайда болады

16888

Бұрынғы билік қанша тырысса да, елорда елдің мәдени астанасына айнала алмады.   

Қазақстанда жаңа "астана" пайда болады Фото: aigak.kz

Елорда Қазақстанның да мәдени астанасына айнала алмады. Енді Жаңа Қазақстанда бұл мәртебені Түркістан өзіне табыстауды сұрап отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының ұсынысын қолдаған Ұлттық экономика министрлігі "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңының жобасын әзірлеп жатыр. Таяуда ол Мәжіліске енгізіледі деп күтілуде. Заң осы 2023 жылы қабылданады.

Жалпы, бұған дейін, 1998 жылғы 1 шiлдеде Алматы қаласының ерекше мәртебесiн, ал 2007 жылғы 21 шілдедегі Астананың ерекше мәртебесін бекіткен заңдар қабылданды. Олардың қатарына Түркістан да қосылмақ.

Биліктің түсіндіруінше, бұл "қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтап қалу" үшін қажет. Себебі Түркістан өңірінің бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің командасы киелі өлкені біраз бүлдіріп, артына ауыр мұра қалдырғаны жасырын емес. Мысалы, Түркістанда жаңа нысандар үшін қазаншұңқыр қазған бульдозерлер тарихи жәдігерлерді таптап, адам сүйектерін жер бетіне шығарып жатқан видеолар дүркін-дүркін тарап тұрды.

"2018 жылы Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуіне байланысты халықтың саны, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс көлемі күрт өсті. Бұл қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің жоғалу қаупін тудырып отыр", – деп дабыл қақты Ұлттық экономика министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, 2018 жылы Түркістан қаласына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін оның тұрғындарының саны соған дейінгі 161,5 мың адамнан 2023 жылдың басында 220 мың адамға дейін өсті. Яғни, халқының саны 35%-дан астам артқан. Бұл ретте 2018 жылдан бері іске қосылған тұрғын үй ғимараттарының көлемі 6 еседен астам өсті. Байлар, биліктілер Түркістанның тарихи орталығында, киелі орындарының іргесінде үй салып алды. 

Сондықтан қаланың қазіргі басшылығы мен Ұлттық экономика министрлігінің дәйектеуінше, "кейінгі ұрпаққа тарихи-мәдени нысандарды сол күйінде табыстау, олардың сыртқы түрін сақтап қалу және оларды бұқара мен туристер үшін қолжетімді ету үшін" Түркістанға "мәдени астана" мәртебесі берілуі қажет.

Сонымен қатар Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуына байланысты да Түркістан қаласының мәртебесін заңнамалық деңгейде реттеу қажет көрінеді.

Жалпы, түркі елдері үшін киелі осы өңір Меккемен теңескісі келетінге ұқсайды. Дәйектемесінде солай келтірілген.

"Түркістан қаласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстандағы барлық қалаларға ортақ, жалпы заңнамамен реттеледі. Алайда бұл қаланың ерекшеліктерді ескеріп, ол үшін жекелеген нормалар мен ережелерді қолдану талап етіледі. Мысалы, Сауд Арабиясында екі қала – Мекке мен Мадина рухани астаналар болып табылады. Бұл қалалардың қызметі жалпы заңнамамен де, шариғат мұсылман заңымен де, діни және мәдени мұраны сақтауға, қасиетті жерлерді сақтау мен қорғауға, сондай-ақ осы жерлерде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға бағытталған үкіметтік жарлықтармен де реттеледі", – делінген "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңының жобасына түсініктемеде.

Жаңа мәртебе Түркістанға не береді?

Біріншіден, әрине, өңірге республикалық бюджеттен берілетін қаражат көлемі күрт артады. Қазірдің өзінде барлық өңір арасында Түркістан облысы №1 дотациялық өңірге айналды. 2023 жылы Түркістан облысына ел қазынасынан 976 миллиард 724,6 миллион теңге субвенция бөлінді. Бұл мәселен, Маңғыстау, Павлодар облыстарына берілген (121 млрд) субвенциялардан 8 есе көп.

Екіншіден, Түркістан қаласының әкімдігіне орталықтағы біраз құзыр, сонымен бірге жауапкершілік көшуі мүмкін.

"Жеке заңды әзірлеу Түркістан қаласына "рухани және тарихи астана" мәртебесін бекітуді көздейді. Бұл мәртебе оның аумағында орналасқан барлық тарихи-мәдени мұра объектілеріне таралады. Бақылауды және мәселелерді шешудегі жеделдікті күшейту мақсатында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, туризмді дамыту салаларындағы кейбір қосалқы функциялар облыс деңгейінен тікелей Түркістан қаласы әкімдігінің қарауына беріледі", – деп түсіндірді өңірлік саясатқа жауап беретін экономика министрлігі.

Бұдан бөлек, қала аумағында құрылыстың бірыңғай стилистикасын қолдануды реттеу, бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру, арнайы қала құрылысы стандарттары мен бірегей дизайн-кодты пайдалану, туристік тартымдылық орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеу сияқты көптеген мәселелер де әкімдіктің құзырына табысталады.

Үшіншіден, жаңа мәртебе аясында қала шенеуніктері қалаған жер учаскесін тұрғындар мен бизнесмендерден тартып ала алады. Бұрынғы билік тұсында Алматы, Астана әкімдері осы тәсілді қолданғаны құпия емес.

Министрлік мұның "минустары", кемшін тұстары, тіпті салдарлары болатынын ескертті. Бірақ қолдады.

"Қоғамдық мүдделер жеке мүдделерден жоғары тұрады: бұл талап өздеріне тиесілі жер учаскелерінде сәулет, қала құрылысы, құрылыс және өзге қызметті жүзеге асыратын жеке, заңды тұлғаларға қатысты болады. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері орналасқан аймақтарда объектілерді салу және пайдалану кезінде қосымша талаптар белгіленеді. Салдарынан, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім өндірісі төмендеуі мүмкін", – деп хабарлады ведомство.

Төртіншіден, түркістандық әкімқараларының "өзімбілемдігі" ушығуы ғажап емес: мәртебе оларға шешім қабылдауда еркіндік пен дербестік береді.

"Облыстың және қаланың жергілікті атқарушы органдары бірқатар шешімдер қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін қосымша құзыреттерне ие болады. Атап айтқанда, сәулет пен қала құрылысын, коммуналдық шаруашылықты, көлік инфрақұрылымын, сауда мен сервисті реттеу мәселелері облыстық және қалалық мәслихат пен әкімдік деңгейінде дербес шешілетін болады", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсініктемесінде.

Оның сарапшылары Түркістан Қазақстанның мәдени астанасы мәртебесіне ие болса, оның халқының саны еселеп өсуі мүмкін екендігін жариялады. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Түркістан қаласы тұрғындарының саны 220,5 мың адамды құрады. Яғни, қала облыс орталығы болғалы халық саны 55,4 мың адамға артты.

"Түркістан қаласына рухани және тарихи астана ретінде ерекше мәртебе берілгеннен кейін халық санының өсуі жалғасады деп болжаймыз. Өйткені қаланың мәдени және діни туризм орталығы ретіндегі тартымдылығы артады. Сонымен қатар, Түркістан геосаяси картада ерекше рөл атқаратынын және түркі әлемінің халықаралық туризм мен қажылық орталығы болып табылатынын ескеру қажет. Халықтың рухани санасының өсуіне, криминогендік жағдайдың жақсаруына оң әсер күтілуде", – деп мәлім етті министрлік мамандары.

Түркістан қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылғы 1 қаңтарға 18,6 мың бірлікті құрады. 2018–2022 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 8,6 мыңға немесе бірден 86,4% өсті.

Түркістанның рухани және тарихи астана ретіндегі ерекше мәртебесі туризм саласында да, қоныстану және тамақтану қызметтері сияқты ілеспе қызметтерде де кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, сондай-ақ қала инфрақұрылымының дамуына алып келеді деген болжам жасалды.

Үкіметтің сарапшылары заң жобасына қатысты қауіптерімен бөлісті.

"Ластануды және стихиялық урбанизацияны болдырмау үшін толыққанды алдын алу шараларын қабылдау қажет. Табиғи ресурстарды қорғау мәселелері жобалау сатысында, мәдени және өзге де объектілерді пайдалану басталғанға дейін шешілуі тиіс. Х.Ясауи кесенесіне төнген қауіп жойылмаса, ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізімінен шығып қалуы мүмкін. Кесенені реконструкциялау, сондай-ақ қорғау аймағын пайдалану кезінде құрылыс, гидротехникалық және өзге де технологиялық нормаларды сақтамау орын алған. Жаңа мәртебе мәслихат пен әкімдіктің қосымша функциялармен "шамадан тыс жүктелуіне" соқтыруы, бұл олардың қызмет сапасына кері әсер етуі мүмкін. Себебі, ұсынылып отырған функцияларды іске асыру бойынша оларда қажетті тәжірибе жоқ", – деді сарапшылар.

Қалай болғанда, жаңа Парламент биліктің бұл ұсынысына "ләббай" дей салмай, барынша жауапты қарап, заң жобасын түбегейлі пысықтаса жөн. Әйтпесе, жаңа Мәжіліс Үкімет ұсынған заң жобаларын ың-шыңсыз әрі жедел қабылдап тастап жатқаны байқалады. Бұл жерде тек шенеуніктердің сұрағанын қолдамай, қайта тұрғындардың, бизнестің және ата-бабадан қалған мұраның мүддесін алға оздырғаны маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу