Қазақстанда жаңа авиакомпания пайда болды

3173

Ол алғашқы рейсін күзде жүзеге асырады деп күтілуде. 

Қазақстанда жаңа авиакомпания пайда болды Фото: globallookpress.com

Қазақстан жүк авиациясын дамытуға басымдық беруде: авиатасымал нарығына жаңа ойыншы кіріп жатыр. Бұл мәселе Үкімет отырысында талқыланып, онда Премьер-министр Олжас Бектенов ауқымды жобаның іске асырылу барысы туралы мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

Билік Қазақстанды Еуразияның маңызды транзиттік авиахабына айналдыру үшін бірқатар маңызды қадамдар жасап үлгерді. Шетелдік тасымалдаушыларды елімізге келуге ынталандыру және транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиациялық отын бағасы қайта қаралып, төмендетілген. Ал, енді мемлекет келесі кезеңге – тұңғыш отандық жүк авиакомпаниясын құруға көшті.

"Қазақстанға шетелдік авиакомпанияларды тарту үшін авиаотын бағасын барынша тартымды еттік. Мемлекет басшысы отандық жүк авиакомпаниясын құруды тапсырған еді. Бұл жоба қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Осы жылдың қазан айында алғашқы жүк ұшағы Қазақстанға жеткізілуге тиіс. Көлік министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек", – деп мәлімдеді Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұл бағыттағы жұмыстардың қызу жүргізіліп жатқанына сендірді. Жаңа жобаға орасан зор сұраныс пен дайын ірі нарық бар, бұл болашақ авиатасымалдаушыға қуатты серпін берудің кепілі. Оның дерегінше, 2026 жылдың алғашқы 4 айында әуежайлар өңдеп, әлемнің әр түкпіріне аттандырған жүк көлемі шамамен 50 мың тоннаны құрады. Бұл ретте, АҚШ пен Израилдің Иранға шабуылы және содан кейін орнаған Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдайдың кесірінен өткен айларда жүк тасымалы көлемі төмендеген.

Соған қарамастан, Үкімет биыл аталған көрсеткіш 180–190 мың тоннаға дейін өседі деп күтуде. Бұған жаңа авиакомпанияның іске қосылуы да септігін тигізуге тиіс. Салыстырсақ: 2024 жылы әуежайлар 170,9 мың тонна жүкті өңдесе, 2025 жылы көлем 173,3 мың тоннаға жеткен.

"Жүк тасымалы саласына цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде: e-Freight электрондық құжат айналымы жүйесі жүкті өңдеу уақытын 1 тәуліктен 1 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беруде. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен тығыз интеграциялану да жүкті өңдеу мерзімін қысқартуға және бизнес-процестерді толық цифрландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Республиканың транзиттік әлеуетін барынша күшейту және Қазақстанды жаһандық логистикалық тізбектерге сенімді кіріктіру үшін мемлекет жүк авиациясын қолдауға батыл қадам жасады. Алғаш рет отандық жүк авиакомпанияларын дамыту жөніндегі мамандандырылған 5 жылдық іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол ойын ережелерін түбегейлі өзгертеді: нормативтік-құқықтық базаны, заңнаманы жаңғыртып, жүк тасымалын мемлекеттік ынталандырудың қуатты тетіктерін енгізеді.

Жаңа авиациялық реформа екі қуатты драйверге сүйеніп, қарқын алуда. Әуе флоты үшін бұрын-соңды болмаған салықтық каникул режимі іске қосылып, саланың дамуына серпін берді. Нақтылағанда, Қазақстанға жүк ұшақтарын баж салығынсыз әкелуге рұқсат етілді. Соның арқасында отандық авиакомпаниялар авиапаркін жедел және артық қаржылық жүктемесіз кеңейтуге бірегей мүмкіндік алды.

Әуе кемелері паркін жаңғыртумен қатар, елде жерүсті инфрақұрылымын ауқымды жаңарту жұмыстары өрістеуде. Жиырма шақты ірі әуежайда терминал инфрақұрылымын, ұшу-қону жолақтарын жаңартуды қамтитын ауқымды модернизациялау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Бұл әуе айлақтарына ауыр трансконтиненталды лайнерлерді еш қиындықсыз қабылдауға мүмкіндік береді және мемлекеттің жаһандық жүк тасымалы жүйесіндегі маңызды хаб мәртебесін бекітеді. Бұдан бөлек, 2028 жылға дейін 4 жаңа әуежай салу және тағы 5 қалада инфрақұрылымды жаңғырту жоспарлануда.

Бұл бағыттағы басты флагман әрі қозғаушы күш – 2025 жылдың қазан айында ресми тіркелген жаңа ұлттық жүк авиакомпаниясы "KTZ Air Cargo" болуға тиіс. Оның құрылтайшысы – "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ының еншілес құрылымы, көлік-логистикалық қызмет көрсету саласының көшбасшысы KTZ Express болды. Тіркеу деректеріне сәйкес, жаңа авиатасымалдаушы тұрақты жүк авиатасымалдарымен айналысатын болады.

Ол бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің есепке алу жүйесіне 2025 жылдың 26 қарашасында енгізілді: сол кездегі жалғыз акционер жаңа тасымалдаушының акциялары құнын өзі толық төлеп тастады. Сондай-ақ, көлік-логистикалық компанияның тәжірибесі мен жаңа әуе флоты мүмкіндіктерінің бірігуі бүкіл еуразиялық логистикаға қуатты синергетикалық әсер беретіні жарияланды.

Ұлттық жүк авиатасымалдаушысын құру идеясы Қазақстанда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Сонау 2017 жылдың өзінде ҚТЖ мен Air Astana осы ниеттерін мәлімдеген: олардың "жүк авиакомпаниясын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны" хабарланды. Алайда 2019 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша жоба сол күйі іске асырылған жоқ.

Бұл тақырыпқа мемлекет 2025 жылы қайта оралды: шілдедегі үкіметтік кеңесте "Самрук-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов алғашқы мәліметтерді бөлісті: бастапқыда болашақ авиатасымалдаушы (ол кезде әлі құрылмаған) 3 ұшақты жалға алады. Кейіннен оның флоты 10 әуе кемесіне дейін кеңейтіледі.

"Табыстылық-рентабелділікті кепілді түрде қамтамасыз ету үшін" авиакомпания төмендетілген бағамен авиакеросинмен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Алғашқы рейсті бастапқыда 2026 жылдың басында орындайды деп уәде етілген. Дегенмен, мерзімі кейінге шегерілді. Енді 2026 жылғы күзге қалдырылғаны анықталып отыр.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, жаңа авиакомпания таза мемлекеттік болып қалмады: оған ірі жеке капитал тартылуда. 2026 жылғы 30 наурызда KTZ Air Cargo акционерлерінің құрамына Forbes жаһандық тізімінде тұрған белгілі бизнесмен Тимур Турловқа тиесілі Turlov Private Holding компаниясы ресми түрде кірді. Компанияның екінші иесі болып бұрынғыша KTZ Express логистикалық операторы қалды.

Инвестициялық алыс-беріс жыл басында пісіп-жетілген еді. Бірақ тек наурыздың ортасында ғана мәміленің егжей-тегжейі белгілі болды: Turlov Private Holding арқылы миллиардер жаңа жүк авиакомпаниясының 50,98% бақылаушы акциялар пакетін (104 қарапайым акцияны) иеленеді.

Осы мақсатта капиталын ұлғайту үшін KTZ Air Cargo авиакомпаниясы төл акцияларының қосымша эмиссиясын шығарды: Турловтың құрылымы сатып алған пакет бір бағалы қағаз үшін 1,966 млн теңге бағасымен 204 464 000 теңгені құраған.

Ал, KTZ Express-тің үлесі 100 қарапайым акциядан тұратын 49,02% деңгейінде сақталады. 2025 жылдың соңында қалыптасқан оның үлесі бір бағалы қағаздың дәл сондай бағасымен (1 966 000 теңге) 196,6 млн теңгеге бағаланады.

ҚТЖ хабарлағандай, ірі инвестордың келуі KTZ Air Cargo үшін үлкен перспективалар көкжиегін ашады. Жаңа авиакомпанияның басты мақсаты Қазақстан арқылы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Еуропаға және кері қарай бағытта транзиттік жүк тасымалдау болады. "Бұл маршруттар транзиттік тасымалдардың негізгі бөлігін құрайды. Сондай-ақ жүк иелерінің сұранысы бойынша чартерлік рейстерді жүзеге асыру жоспарлануда", – деп түсіндірді "Қазақстан темір жолы".

Салаға ынтыққан инвесторлар саны артты

Болашағы зор осы нарықтың төрінен орын үшін алпауыт ойыншылар арасында аламан бәсеке басталып та кетті. 2026 жылғы 24 сәуірде forbes.kz хабарлағандай, Kusto Group акционері және басқарушы директоры Қанат Көпбаев та (Forbes Kazakhstan-ның ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 52-орында) авиация бизнесіне құлаш ұрып, жүк авиакомпаниясының тең иесі атанды.

Бизнесмен бұған дейін авиакарго компаниясын құру жоспары туралы мәлімдеген болатын. Көпбаев жүк авиатасымалы нарығында жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан "Jupiter Jet" авиакомпаниясы" ЖШС-нің 87% үлесін сатып алды. Компания үлесінің қалған бөлігі құрылтайшы Ерікжан Қозыбағаровтың қолында сақталады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Jupiter Jet 2004 жылдың ақпанында тіркелген. Компанияның кеңсесі Алматыда орналасқан.

Қазіргі уақытта бұл тасымалдаушының авиапаркі іс жүзінде бос тұрған көрінеді. Әйтсе де, Көпбаев компанияны тез арада іске қосуды көздеп отыр. Дереккөздердің ақпараты бойынша таяуда жүк тасымалдайтын Boeing 757 ұшағын операциялық лизингке алу жоспарланған. Ал, 3 жыл ішінде әртүрлі модификациядағы кем дегенде тағы екі-үш бортты сатып алады деп күтілуде.

Бұған дейін бизнесмен Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында Қазақстанда жеке жүк авиакомпаниясын құру тіпті алғашқы кезеңнің өзінде кем дегенде 30 миллион доллар шығынды талап ететінін мәлімдеген еді. Оның бағалауынша, халықаралық жүк тасымалына лицензия алудың өзі шамамен 3 миллион доллар тұрады.

Дәл сол себепті бизнесменнің жұмыс істеп тұрған авиатасымалдаушыны (оның тіпті ешқандай ұшағы болмаса да) сатып алуы бекер емес. Бұл авиатасымал нарығында жаңа ойыншының пайда болуын айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді: компаниямен бірге инвестор техникалық персоналды, барлық қажетті рұқсат құжаттамаларын және дайын инфрақұрылымды иеленеді.

2026 жылғы 13 сәуірде Көпбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығында JanaPort Holdings Ltd. атты жаңа компаниясын тіркеді. Сипаттамасына жүгінсек, қызметі әуежайларды басқарумен, тұрақты және чартерлік жүк авиатасымалдарын ұйымдастырумен, сондай-ақ әуе көлігі саласындағы ілеспе қызметтерді көрсетумен байланысты болады.

Қазақстан, өз аспаны арқылы ұшып өтетін ауыр жүк лайнерлеріне күн сала қарап, күрсіне шығарып салатын транзиттік дәліз ғана болған дәуірді артқа тастауға біржола ұйғарған сияқты. Бүгінде басымдық әлдеқайда өршіл мақсатқа – республиканы Еуразияның толыққанды авиахабына айналдыруға беріліп отыр.

Республика транзиттік ағындар үшін Парсы шығанағы елдері, Кавказ, Түркия және шығысеуропалық хабтар онсыз да сұрапыл тайталасып жатқан аса жоғары бәсекелі нарықтағы қатал күреске бел шеше кірісуге ниетті. Сонымен қатар, басты шайқас жолаушылар тасымалы үшін болмайды: бұл секторды алпауыттар негізінен, баяғыда бөліп алған.

Қазақстан жүк тасымалы үшін арпалысады. Соңғы жылдары дәл осы жүк авиациясы жаһандық экономиканың негізгі драйверіне айналды: өйткені электрондық коммерция қарқынды өсуде. Маркетплейстардан тапсырыс беріп алғызатын тауарлардың ауқымы тоқтаусыз ұлғаюда. Сондай-ақ Украина, Иран, Израиль, Ливан және басқа континенттердегі қақтығыстар авиациялық жеткізу тізбегінің қайта құрылуына серпін берді. Бұл майшелпектен Қазақстан өз үлесін алып үлгере ме, ол енді Үкіметтің әбжіл қимылына байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу