Қазақстанда жаңа ислам банкі құрылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11319

Еліміздегі банк еуропалық жолды тәрк етіп, исламдық жолды таңдады.

Қазақстанда жаңа ислам банкі құрылды

Қазақстанда тағы бір ислам банкі пайда болды. Бұған дейін батыстық банк дәстүрімен жұмыс жасап келген отандық "Заман-банк" енді банктік және басқа да операцияларды ислам банкингі бойынша жүргізуге лицензия алды.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының 2017 жылғы 17 тамыздағы №208-ші бұйрығы бойынша "Заман-банкке" осындай құқық беріліп отыр.

Осыған орай қаржылық ұйымның ресми сайтында клиенттерге арналған үндеу жарияланды.

"Құрметті клиенттер! "Заман-банк" ислам банкі" АҚ-ы сізге банк атауының өзгеруіне байланысты қайта тіркеу үрдісінің өткізілгені туралы хабарлайды. Қазақстан Республикасының әділет министрлігімен берілген 2017 жылғы 8 мамырдағы банкті мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтамаға сәйкес, "Заман-банк" АҚ-ы заңды тұлғасы "Заман-банк" ислам банкі" АҚ-ы болып қайта тіркелді. Сонымен қатар сізге банктің жаңа деректемелерін хабарлаймыз: банктің толық атауы қазақ тілінде: "Заман-Банк" Ислам банкі" акционерлік қоғамы, орыс тілінде: акционерное общество "Исламский банк "Заман-Банк", ағылшын тілінде: "Islamic вank "Zaman-Bank" joint stock company" деп аталады",- делінген онда.

Жаңа ислам банкінің жарғысы негізінде, бірінші басшы ретінде басқарма төрайымы Гупало Елена Анатольевна іс-әрекет жасайтын болады.

Сондай-ақ қаржылық ұйым өзінің заңды мекен-жайын Астана мен Алматыдай республикалық қалаларға ауыстырмайтыны және бұрынғыдай Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы "Мәшһүр Жүсіп көшесі, 111а" мекенжайында қалатыны жөнінде құлағдар етті.

Жалпы, "Заман-банк" ислам банкингіне көшуді және тиісті лицензия алуды 2014 жылдан бері ойластырыпты.

"Заман-банк бұл мәселелермен үш жылдан бері айналысып келеді. Алайда сол кездегі ұлттық заңнамада дәстүрлі банктің исламдық банкке айналуының рәсімі әлі нақты жазылмаған болатын. Тек 2015 жылдың қарашасында "Банктер және банктік қызмет туралы" қазақстандық заңға өзгерістер енгізілді. Сонда осы конвертацияланудың бүкіл үдерісі жазып қойылды",- дейді Елена Гупало.

Ақпарат құралдарына берген сұхбатында жаңа банктің басқарма төрайымы түбегейлі өзгеріп, қайта құрылғаннан кейін "Заман-банктің" жеке тұлғалармен және шағын-орта бизнеспен жұмысқа, сондай-ақ тиісті банктік өнімдерге (мұны банкирлер де "бөлшек сауда" деп атайды) бар назарын шоғырландыратынын мәлімдеді.

Ол сондай-ақ не себепті дәстүрлі сипаттан айнып, исламдық жолды таңдағандарын да түсіндіре кетті. 

"Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін елдерде, соның ішінде Қазақстанда күні бүгінге дейін осы тауаша (ниша), әсіресе, бөлшек сауда бағыты бос болып табылады. Біздің байламымызша, дәл осы бөлшектік исламдық қаржы өнімдері қазақстандық нарықта сұранысқа ие болады. Себебі, дәстүрлі банктік кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер жоғары болып отыр. Нарыққа қаржыландырудың басқа формалары қажет. Қазіргі кезде мұндай өнімдер тек мұсылман елдерінде ғана емес, Батыс Еуропада да дамуда. Бұл ретте мысалы, көрші Қырғызстанда ислам банкінің жұмыс тәжірибесі табысты болып шықты",- дейді ол.

Бұған дейін Қазақстанда тек арабтардың Al Hilal Bank ислам банкі ғана жалғыз жұмыс істеген. 2010 жылы елімізде іс-қимылға көшкен ол да жақында жеке тұлғалармен жұмыс жасауға бет бұрды.

"Біз Al Hilal Bank-пен бәсекелесуді жоспарлап отырған жоқпыз. Біздің жұмыс бағыттарымыз да әрбасқа болады. Біздің банк әу бастан негізінен жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнеске бар күш-жігерін шоғырландыруға ниетті. Ал Al Hilal Bank негізінен, ірі корпоративті клиенттермен жұмыс жасайды. Біз Al Hilal Bank-ті бірінші кезекте, әріптес ретінде қарастырамыз",- дейді Елена Гупало.

Тарихына шолу жасай кетсек, "Заман-банк" 1991 жылы 6 маусымда Алматы қаласында "Заман" коммерциялық банкі ретінде құрылыпты. Банктің ашылуына 1991 жылдың 6 маусымында Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкі №11 лицензиясын берді. 1996 жылдың қыркүйегінде банк ашық акционерлік қоғамға айналды.

1998 жылы "Заман-банк" акционерлері ауысты. Банкті Алматы қаласынан Павлодар облысының Екібастұз қаласына орналастыру туралы шешімді де осы жаңа акционерлер қабылдады. Сонымен бірге, ол Алатау баурайынан толық қол үзген жоқ: 2003 жылы Алматы қаласында банк филиалы ашылды. Осы жылы ол қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына сәйкес қаржылық есеп беруді құрастыруға көшті.

Жалпы, "Заман-банк" Павлодар өңірінде орналасқанымен, еліміздің басқа да өңірлерінің экономикалық дамуына белсенді ықпал жасауға тырысқан өңірлік банк болып табылады.

Қаржылық ұйым басшылығының сендіруінше, оның тұрақты әрі қаржылық орнықты клиенттері бар, іскерлік беделге ие. Сондай-ақ ол ислам банкіне айналу арқылы "сыртқы ортаның – заңдардың, нормативтердің, технологиялардың және басқалардың өзгеруіне өз қызметін жылдам бейімдеп, сол арқылы икемділік қабілеттілігін" танытып отыр екен.

"Заман-Банк" Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның жеке тұлғаларының салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру және сақтандыру жүйесінің қатысушысы. Ол "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының аясында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының серіктесі саналады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу