Қазақстанда жаңа мемлекеттік марапат түрі пайда болмақ

2622

Ол "Рухани жаңғыру" бағдарламасын орындаушыларға беріледі. 

Қазақстанда жаңа мемлекеттік марапат түрі пайда болмақ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы Үкіметтің жаңа қаулысы жобасын жария етті. Құжатқа сәйкес, аталған министрліктің жаңа ведомстволық наградасы өмірге жолдама алмақ.

Яғни, Қазақстанда "Рухани жаңғыру" медалі тағайындалады деп күтілуде. Медаль шенеуніктерге беріледі. Сондай-ақ шенеуніктерден басқалар да үміттене алады.

"Бұл медальмен "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асырумен айналысатын жұмыскерлер, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасының негізгі қағидаттары – білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, еліміздің эволюциялық дамуы бойынша қоғамдық сананы жаңғыртуға ерекше үлес қосқан адамдар марапатталады", – делінген Премьер Асқар Мамин қол қоятын қаулы жобасында.

Құжатта ұсынылып отырған жаңа награданың егжей-тегжейлі сипаттамасы берілген. Оған сәйкес, "Рухани жаңғыру" медалі диаметрі 35 миллиметрлік 8 бұрышты нысан-формада болып келеді. Ол сары түсті металдан, яғни жезден жасалады және көгілдір түсті қатқыл лентасы болады.

"Шеңберден тыс бедері – шығыңқы, күңгірт. Шеңбердің ішіндегі бедері – шығыңқы жылтырақ, негізгі реңі – жылтырақ. Шеңбердің шеттерін бойлай төменгі жағында "QAZAQSTAN" деген жазу орналасқан. Медальдің беткі жағында эмблема бейнеленген және "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" деген жазу жазылған. Эмблема мен жазу – шығыңқы әрі жылтырақ. Медаль құлақша мен шығыршық арқылы көгілдір түсті қатқыл лентамен қапталған, ені 30 миллиметрлік және биіктігі 31 миллиметрлік тік бұрышты тағанмен жалғанады. Медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі", – делінген Үкімет қаулысының жобасында.

"Таяуда, 2020 жылғы 10 маусымда Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысында "Рухани жаңғыру" медалінің жобасына қатысты мәселе қаралды. Отырыс хаттамасының 5.1-тармағына сәйкес, тиісті нормативтік құқықтық актілерге толықтырулар енгізу арқылы ведомстволық награданы бекіту туралы шешім қабылданды. Жаңа медаль қоғамдық сананы жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатқан адамдардың еңбегін көтермелеу және ынталандыруға ықпал ететін болады. Ол бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді", – деді түсіндірме жазбасында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

2017 жылы ел Үкіметі "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға белсене кіріскен болатын. Алайда бертінде бұл іс саябырсып қалды. Сарапшылардың байламынша, бұған Қазақстанда былтыр жүрген билік транзиті, халықтың тұрмысын нашарлатқан девальвация, тоқтаусыз үдеген дағдарыс, ары қарай ушығып бара жатқан коронавирус пандемиясы, басқа да толып жатқан жағдайлар және оқиғалар кері әсер етуде.

"Қазақтың белгілі мәтеліне салсақ, рухани жаңғыру – тек тоқтықта. Осы бағдарламаны орындау үшін мемлекет "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтын құрған болатын. Бұған дейін оны Кемелбек Ойшыбаев басқарды. Тура үш апта бұрын оның басшысы ауысып, мемкәсіпорынның тізгіні Қаржы полициясы академиясының түлегі Данияр Есинге берілгені мәлім. Біраз жыл Ресейде оқыған, одан кейін астанамыздан әрі ұзап шықпаған Даниярдың қаймана қазақ елін рухани жаңғыртуда не бітіретінін білмеймін. Бірақ осы институттың бюджеттік бағдарламасында бұрындары "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға тартылған қазақстандықтардың үлесі кемінде 25% болады деген нысаналы индикатор тұратын. Ал ашық бюджеттер порталында жақында жарияланған жаңа бюджеттік бағдарламада енді 18% деген индикатор тұр", – дейді саясаттанушы Айдос Айдабол.

Ол тағы бір жайтқа назар аудартты. Бұған дейін осы іске тартылған адамдар "Рухани жаңғыру" значогын кеудесіне тағып жүретін. Бағдарламаға арналған жиын, құрылтайларға шақырылған қатысушыларға да сол таратылатын. Қазіргі кезде ақшадан тарықса керек, жұрт оны интернетте 1500 теңгеден сатып жатыр екен.

Айтқандай, "Рухани жаңғыру" институтының бюджеттік бағдарламасында 2020 жылы 604 бірлік жиһаз бен шаруашылық мүкәммал сатып алу жоспарланған. Былтыр оның 176-сын алуға ақша бөлініпті. Жаңа медалдің пайда болуы биліктің рухани жаңғыру бағдарламасынан бас тартпайтынын білдірсе керек.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу