Қазақстанда жаңа мереке пайда болмақ

3116

Оның "11 қараша – Энергия үнемдеу күні" деп аталатыны жарияланды.

Қазақстанда жаңа мереке пайда болмақ

Осыған орай Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы әзірленген. Таяуда оған Премьер Бақытжан Сағынтаев қол қояды деп күтілуде.

Құжатта "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат): 42-1. тармағымен толықтырылсын: "42-1. 11 қараша – Энергия үнемдеу күні". Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаев" деп жазылған.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың түсіндіруінше, елімізде бұрын-соңды мұндай сипаттағы мереке болмаған. Қазақстан тарихында алғаш рет енгізілуде.

Бірақ бұл күні ешкімге демалыс берілмейтін көрінеді.

Жаңа мерекелік дата үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 17-11/1979 тапсырмасына сәйкес белгіленуде екен.

Бұл мерекені енгізудегі негізгі мақсат ретінде "жыл сайын осы мерекені атап өту арқылы Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін насихаттау" көзделіп отыр.

"Жоба қандай да бір қаржылық шығындарды талап етпейді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеп соқпайды", – деп хабарлады инвестициялар және даму министрлігі.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және еліміздің "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасында Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергия шығындылығын 2020 жылға қарай 2008 жыл деңгейінен кемінде 25%-ға азайту, ал 2050 жылға қарай кемінде екі есе төмендету жөнінде міндет қойылды. Бұл жоспарды Үкімет күнібұрын орындапты: қазірдің өзінде 2008 жылғы деңгейден 28,2%-ға төмендеген екен. Бірақ бұл бәрібір аз саналады.  

Инвестициялар және даму министрлігінің дерегінше, Халықаралық энергетикалық агенттіктің шолуына сәйкес Қазақстан бұл салада 143 елдің ішінен Исландия және Үндістанмен қатар 114-ші орында орналаскан.

Бұл ретте, Қазақстанның ЖІӨ-сінің энергия сыйымдылығы әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін (ЭЫДҰ) дамыған елдерге қарағанда 4 есе жоғары! Тіпті ТМД елдері арасында еліміз тек 4-ші орынды алады. Себебі, отандық кәсіпорындар өнім шығару кезінде қуатты тым көп шығындайды және қуат үнемдейтін технологияларды ендіруге құлық танытпай отыр.

Бұл жағдайды өзгертуге жаңа мереке үлес қосады деп күтілуде: өйткені ол халық пен бизнес арасында энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруы керек.

Сонымен бірге ел Үкіметі кімдердің қуатты көп шығын ететінін де анықтады, бұл жаңа мерекеде насихаттың нысаналы бағыттарын анықтау үшін қажет. Атап айтқанда, шенеуніктер отырған 2 мың 737 мемлекеттік орган мен мекеме елдегі барлық қуаттың небары 2%-ын ғана тұтынады екен.

Ал квазимемлекеттік сектордың шығыны алапат: жалпы қарасы 1 мың 617-ге жететін ұлттық компаниялар, холдингтер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, мемлекеттік кәсіпорындар елдегі барлық қуаттың 37%-ын жұмсайды. Нақты өнім өндіретін 779 бизнес субъектісі, яғни зауыт, фабрика, кәсіпорындар, агроөнеркәсіптік кешендер және басқаларына 61%-ы тиесілі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу