Қазақстанда жаңа облыс пайда болуы мүмкін

96116

Ол аумақта 710 мыңдай адам өмір сүруде. 

Қазақстанда жаңа облыс пайда болуы мүмкін

Ел Үкіметіне қызықты бастама келіп түсті. Онда ғалымдар Қазақстанда жаңа облыс ашу керектігін дәйектейді. Ауыл-аймаққа жауапты ведомство – Ұлттық экономика министрлігі бұған қарсылығын білдірмеді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ассоциацияланған профессоры, филолог ғалым (PhD) Мырзантай Жақып "Асықата – жаңа облыстың орталығы болуға әбден лайық" екенін растады.

"Асықата – қазақтың тарихи ата-қонысы. Онда Сырдың орта ағысының жағалауын мекен еткен халық пір тұтқан қасиетті орындардың бірі – Асықата кесенесі болған. Бұл тарихи кесене мен мешіт ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынғанда су астында қалыпты. Тарихи Асықата өңірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1940 жылғы 10 қарашадағы жарлығымен Киров ауданы құрылды. Алайда кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1956 жылғы 13 ақпандағы №133/1 жарлығымен Киров ауданының 326,4 мың гектар жері Өзбекстанға берілді", – деді М.Жақып.

Жалпы, қазақ елі Кеңес одағы кезінде талай құқайды бастан өткерді, жерінен айырылды.

"Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1963 жылғы 26 қаңтардағы жарлығымен Киров және Қызылқұм аудандарының Қызылқұм және Шымқорған ауылдық кеңестері Өзбек КСР-інің жаңадан құрылған Сырдария облысына өтіп кетті, яғни алдында айтылған 326,4 мың гектар жерге қоса, Киров ауданының тағы да 805,2 мың гектар жері көрші ел қарамағына берілді. Рас, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1971 жылғы 12 мамырдағы жарлықтары бойынша Киров ауданы жерінің біраз бөлігі Қазақстанның сол кездегі Шымкент облысына қайтарылып алынды", – дейді Мырзантай Қожабайұлы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы 9 қазандағы жарлығымен Киров ауданының аты Асықата ауданы болып өзгертілді. Бірақ келесі 1997 жылғы 24 сәуiрдегi жарлықпен Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, орнына орталығы Жетiсай қаласында тұрған Мақтаарал ауданы құрылды.

Бертінде Тұңғыш Президенттің Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектерін ескерген құжаттары дайындалды. Мысалы, 2018 жылғы 23 ақпанда "Электрондық үкімет" порталында Н.Назарбаевтың Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын 5 ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қайта қалпына келтіру туралы жарлығының, ал 28 ақпанда Үкіметтің "Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы" қаулысының жобалары жарияланғаны мәлім.

Неге екені белгісіз, шешім ішінара ғана жүзеге асты. Мысалы, 2018 жылғы 5 маусымда Мақтаарал және Жетісай аудандары қайта ашылды, ал Асықата ауданы құрылмай қалды. Сарапшылардың және тұрғындардың айтуынша, шалғайдағы Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешу күрделенді.

"Халық санының көптігіне байланысты бұл өңірді жедел басқаруда да көптеген қиындық туындады. Қазіргі талапқа сай күнделікті жұмыстарды бақылап отыруға, қордаланған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуге қолбайлау болатын жағдайлар көбейді. Қарапайым халық шалғайдағы орталықтарға қатынап, әуре-сарсаңға түседі. Бұл үшін жұртшылық алдымен бұрынғы аудан орталығы Асықата кентіне жетіп, содан кейін ғана Жетісай қаласына қатынап жүр. Осыған байланысты біз Мырзашөл өңірі халқының Асықата ауданын қайта ашуды өтінген талап-тілектері мен мұң-мұқтажын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткіздік", – дейді филолог ғалым.

Жаңа облыс не үшін керек?

Әрине, бастаманың негізгі өзегі – орталығы Асықатада болатын Мырзашөл облысын құру болып отыр. Түркістан облысының аумағын екіге бөліп, Мырзашөл өңірінде еліміздің жаңа облысын құру не үшін қажет? Біріншіден, бұл өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, Өзбекстанмен шектесетін аудандарды қайта өркендетіп, жастарды жұмыссыздықтан арылтуға, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға серпін береді деп күтілуде.

Екіншіден, 2018 жылы ОҚО Түркістан облысы ретінде қайта құрылып, әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілді. Ал Үкімет бекіткен Шымкент агломерациясының әлеуетті даму аумағына қазіргі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары енгізілмеген.

Үшіншіден, облыс орталығының ауысуы өңір халқына қиын соғуда. Жергілікті тұрғындар: "Еліміздің ең қиыр, күнгей түкпіріндегі Мырзашөл өңірі мен Шардара ауданының халқы үшін облыс орталығының Түркістан қаласында болуы азап" дейді. Оның үстіне бұл күрделі шақта жедел басқаруға кері әсер етуі ықтимал.

"Себебі, кейбір деректер бойынша 500-ден 710 мыңға дейін халық тұратын Мырзашөл өңіріндегі ағайын, яғни Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келу үшін Шымкент және Шардара қалалары арқылы 1000 шақырымға жуық жол жүреді! Кемінде екі күнді тек жолға сарп етуіне тура келіп отыр. Мырзашөл өңірі тұрғындарын Сарыағаштан Түркістанға апаратын темір жол қатынасы жолға қойылмаған", – дейді Мырзантай Жақып. Ол өткен жылы алты ай Асықатада тұрып, жұмыс істеген екен.

Төртіншіден, ар жағында Орталық Азия мен Ауғанстан иін тірескен тұста орналасқан Мырзашөл стратегиялық өңірінің өз орталығынан алыс түкпірде қалып қоюына жол беруге болмайды. Қазақстанның мемлекеттік шекара сызығын белгілеу жұмыстары жүргізілгенде Мақтаарал және Жетісай аудандары үш жағынан Өзбекстан аумағының қоршауында, ал төртінші тұсы Шардара су қоймасымен түйісетін тұйық жағдайда қалып қойғаны белгілі. Бұл аудандар Қазақстанның негізгі аумақтық жерінен түкпірде, басқа мемлекеттер қоршауында, жартылай анклав-эксклав ахуалында жатқаны жергілікті халықты ерекше алаңдатады.

Сондықтан ғалымдар ел басшылығына Мырзашөл өңірінде, яғни еліміздің ең қиыр күнгей тұсындағы және Сырдария өзенінің орта тұсындағы аудандар мен қалаларды біріктіріп, жаңа облысты құру – шұғыл түрде шешілуі тиіс өзекті мәселе деп ұсынып отыр.

Әлеуетті №18 өңір: аумағы, халқының саны

"Шекара маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара және оған іргелес Сарығаш және Келес аудандарының негізінде өз алдына дербес Мырзашөл облысын құру қажет. Облыс орталығы ретінде Асықата кенті ұсынылады", – делінген Үкімет атына жолданған хатта.

Негізі, жарты миллионнан астам тұрғын – жаңа өңір құруға жетеді. Мысалы, СҚО-да бүгінде 548,8 мың адам, Қызылорда облысында шамамен 795 мың, Павлодар облысында – 754 мыңдай, Ақмола облысында – 739 мыңдай, Маңғыстау облысында – 679 мыңдай, БҚО-да – 653 мыңдай, Атырау облысында – 634 мыңдай тұрғын тұрады.

М.Жақып болжамынша, "Асықата кентін Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығына айналдыруға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр". Қазіргі Асықата кентінің орнында бой көтеретін, жалпы аумағы 700,007 га болатын жаңа қаланың қазығы қағылады деген үміт бар.

Жаңа облысқа, егер ел басшылығы құптаса, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандары енгізу ұсынылған. Мақтаарал ауданы – халқы 131 781 адам, аумағы 80 970 га; Жетісай ауданы – халқы 172 903 адам, аумағы 104 428 га; Шардара ауданы – халқы 78 621 адам, аумағы 1 300 000 га; Сарыағаш ауданы – халқы 191 096 адам, аумағы 417 074 га; Келес ауданы – халқы 136 000 адам, аумағы 345 129 га. Сонда Мырзашөлдегі 18-ші облыс тұрғындарының саны – 710,4 мың адам, ал аумағы – 2 247 601 га болуы мүмкін.

Министрдің пікірі

Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі түсініктеме берді. Ол жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік құру үшін үлкен дайындық жұмысы талап етілетінін айтты. Мәселен, билік шешімі сыртында өңірдің жаңа шекаралары және мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн маңызы бар өзге де географиялық деректерi көрсетiлген схемалық карта жасалуы тиіс.

Министрдің дерегінше, қолданыстағы облыстық кешенді жоспар аясында Мырзашөл аумағын дамытуға 20 миллиард 953,9 млн теңге сомасына 15 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде бірнеше ауылда жаңа мектептер салынады. "Асықата", "Жетісай" және "Мақтарал" автоматтандырылған газ тарату станциялары тұрғызылады. Жетісай қаласының ауыз су құбырларын қайта құрылады. Атакент, Мырзакент ауылдарының кәріз құбырларының құрылысы жүргізіледі. Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарын электрмен жабдықтау үшін 220/110/10 КВ "Қызыл әскер" қосалқы станциясынан жоғары вольтті екі электр желісі салынады.

Министр Р.Дәленов Мырзашөл облысын құру туралы бастамашыл тұлғалардың ұсынысы "елдің әкімшілік-аумақтық құрылысының белгілі бір мәселелерін шешу кезінде, сондай-ақ перспективада ел өңірлерінің экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындау кезінде ескерілуі мүмкін" екенін хабарлады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу