Қазақстанда жарылғыш заттар жоғалды

15069

Талапқа сәйкес келмейтін 40 мың тонна жарылғыш та табылды. 

Қазақстанда жарылғыш заттар жоғалды

Еліміздің 14 облысында 347 кен орнына ие 188 өнеркәсіптік кәсіпорын өз өндірісінде жарылғыш заттарды (ЖЗ) қолданады. Сондықтан олардың иелігінде жарылғыш сақталатын 38 база-қойма бар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұларға қатысты үлкен проблеманың бетін ашты.

"Қазақстанда қауіпті өндірістік нысандарда жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылатын жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды қолдану және есепке алу, яғни кіріс, шығыс, беру және қайтару жөнінде қазір өзекті ақпарат жоқ. Бұл ұлттық қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес тұрғысынан дұрыс емес. Осындай ақпараттың болмауы ЖЗ мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды жоғалту және ұрлау қаупіне әкеп соғады, сондай-ақ жоғалу және ұрлау фактілерін техникалық тексеруді қиындатады. Қорыта айтқанда, Қазақстанда тұрақты түрде жарылғыштар айналымы жүруде, алайда оның көлемі, қаншасы іске жаратылғаны туралы ештеңе белгісіз", – дейді ИИДМ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері аясында.

Бұл сала шынымен қауіп тудырады. 2011–2013 жылдары ел Үкіметі жарылыс ісіне маманданған сарапшылық ұйымды тартып, жарылғыш заттар айналымы саласында тексеріс жүргізді. Оның қорытындысында өндірілген ЖЗ-лардың 40 мың тоннадан астамы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні, бір бөлігі тіпті заңсыз дайындалғаны анықталды.

Бүгінде жарылғыш заттарды жасау, сатып алу, өткізу, сақтау қызметін жүзеге асыруға 269 лицензия берілген екен. Бұл компаниялар өз бетінше өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға, ЖЗ есебін жүргізуге, олардың жоғалуын, ұрлануын, не бүлінуін болдырмауға міндетті.

"Алайда дұрыс қолданбау және есепке алмау салдарынан ЖЗ және олардың негізінде жасалған бұйымдардың жоғалғаны, тіпті ұрланғаны анықталды. 2015–2019 жылдар аралығында осында 10 жағдай тіркелді: 2015 жылы – 3, 2016 жылы – 1, 2017 жылы – 2, 2018 жылы – 1 және 2019 жылы – 3 оқиға", – делінген министрліктің талдауында.

Біз тек жаңа оқиғаларға ғана тоқталсақ. 2019 жылғы 19 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы департаментінің қызметкерлері арнайы операция барысында Рудный қаласы жанындағы "ССКӨБ" АҚ-ына (ССГПО) қарасты "Соколовская" шахтасының жер асты учаскесінің бекіту жұмыстарымен айналысатын маманын құрықтады. Оның үйжайын тінтігенде шамамен 2 келі аммонит жарылғышы және 5 метрлік ұзындықты ДШЭ-12 детонациялық бауы табылды. Егер "мылтықсыз майдан" жауынгерлері жолын кеспегенде осынша қомақты жарылғыштың қандай мақсатқа пайдаланыларын болжаудың өзі үрейлі.

Былтырғы 21 сәуірде жаға ұстатар сорақы дерек әшкереленді: Ақмола облысының Аршалы ауданында тасымалдау кезінде "П25-180 Эмигран" жарылғышының бір қорабы жоғалды. Ол қорапқа 24 келі жарылғыш салыныпты. Абырой болғанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 10 күн өткеннен кейін ұрлық жасаған адамдарды тауып алып, жарылғыш зат салынған жәшікті тәркіледі.

2019 жылғы 11 қыркүйекте Ақмола облысында "Қазақалтын ТМК" АҚ-ының "Бестөбе кеніші" филиалына қарасты "Западная" шахтасында "Азия қорғау" кәсіпорнының жедел әрекет ету тобының қызметкерлері жарылғыш материалдар салынған полипропилен қабын тауып алды. 610 метр тереңдікте  әшкереленген бұл қапта "Петроген-П" жарылғышының 3 келісі және толқыны 3 метрге жуық ауданды жайпайтын "Искра-Ш" жарылғышы болған. Олардың нөмірлері әдейі өшіріліпті. Демек, көлеңкелі нарыққа сатуға әзірленгенге ұқсайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұлар тек анықталған фактілер екеніне назар аудартады. Ал жарылғыш заттар қоймаларындағы жағдай туралы ақпарат жоқ.

Ведомство тағы бір мәселеге мән беріп отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда бұрғылау-жару жұмыстарының 99%-ы "ANFO", "Гранулит Э", "Риофлекс" секілді қарапайым аммиакты-селитрлі және эмульсиялы жарылғыш заттардың көмегімен жүргізіледі. Мамандардың бағалауынша, бұл – жақсы көрсеткіш.

Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресей сол бұрынғыдай бұрғылау-жару жұмыстарының 65%-дан астамында аммонит, аммонал және басқа да құрамында тротилі бар жарылғыш заттарды қолданады. Кеңес заманында кеніш маңындағы қала не ауыл-кентте тұрғандар білетін шығар, әрбір жарылыстан кейін жер сілкініп, үй қабырғалары селкілдеп қана қоймай, соңынан улы қап-қара түтін тарайтын.

"Азаматтық мақсатта тротилді қолдану тәжірибесінен бүкіл әлем бірте-бірте бас тартуда. АҚШ-та өнеркәсіптік тротил өндіретін соңғы зауыт ондаған жыл бұрын жабылып қалды. Өйткені адам ағзасына зияны жөнінен тротил "жоғары қауіпті заттарға" жатады. Ағзаға тіпті зақымданбаған тері арқылы еніп, онкологиялық ауруларды, көздің шел басуы ауруын-катарактаны тудырады, бауырды зақымдайды. Енді эмульсиялық жарылғыш заттар – тротилдің баламасына айналуда. Оларды сақтау да қауіпсіз: бірнеше компонентті араластыру арқылы тікелей жарылыс орнында дайындалады. Экологиялық таза: оттегіден тұрады, әрі толығымен ыдырайды", – деп түсіндірді министрлік.

Мамандардың айтуынша, саланы жаңаша реттеу керек-ақ. Себебі, елімізге инвестор ретінде шетелдік, соның ішінде ресейлік тау-кен өндіру компаниялары келіп жатыр. Олар жарылыс жасайтын өз заттарын өзі дайындайды. Ендеше олардың жарылыс жұмыстарының Қазақстан нормативтері бойынша жүргізілуі аса маңызды.

Салада талдаудың жоқтығы кәсіпкерлерді де адастырады. Мысалы, Қарағанды облысында "Бүркіт" компаниясы жарылғыш заттарын өндіретін бірлескен ірі кәсіпорын құрылысын жүргізуде. 7 миллиард теңгеден астам қаражат құюды қажет ететін зауыт 50 мың тоннаға жуық жарылғыш заттарды өндіреді. Алайда бүгінде дәл осы Қарағанды облысында онсыз да 120 мың тоннадан астам жарылғыш зат шығара алатын екі ірі өндіруші жұмыс істейді. Олардың қолданыстағы өндіріс қуаты небары 60%-ға дейін ғана жүктеліп отыр. Алда оған үшінші ірі кәсіпорын қосылмақ. 

Жауапты органдар тарапынан тиісті талдаудың болмауы, бизнесмендердің лайықты маркетинг жүргізіп, нарықты жете зерттемеуі ақыр соңында салтанатпен ашылған жаңа зауыт-кәсіпорындардың жабылып қалуына немесе жұмыссыз қаңтарылуына соқтырып жатады.

Әйткенмен, салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің проблеманы анықтап, оны шешуге ден қоюы үміт тудырады. Мәселен, заңды тұлғаларды жарылғыш заттарды тіркеуге алу және қолдану бойынша есеп ұсынып отыруға міндеттеу жоспарланып отыр. Осының арқасында меморганның қолында оның әр келісінің қайда, не мақсатпен жұмсалғаны туралы нақты, өзекті ақпарат болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу