Қазақстанда жасы үлкен студенттердің саны екі есеге артты

92

Жасы 35-тен асқан студенттер саны бойынша да Шымкент қаласы алда тұр. 

Қазақстанда жасы үлкен студенттердің саны екі есеге артты Фото: rupor.md

2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасы 60-тан асқан 96 адам білім алып жүр. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәліметте атап өтілгендей, бұл санатқа магистратура, докторантура, резидентура бағдарламаларында оқитындар кірмейді. Яғни, тек бакалавриат деңгейінде білім алып жатқан студенттер.

Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, 60 жастан асқан студенттер саны 2009 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткен. Дәл сол жылы бұл жас санаты алғаш рет ресми статистикада жеке көрсеткіш ретінде тіркеле бастаған.

Қазіргі 96 студенттің үштен екісі, яғни 63 адам Шымкент қаласындағы жекеменшік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олардың басым бөлігі – әйелдер, атап айтқанда 41 студент. Алматы қаласында осы жас санатындағы 14 студент тіркелген, олардың 12-сі әйел адам.

Сонымен қатар жасы 60-тан асқан студенттердің үлесі жалпы студенттер санының небәрі 0,01 пайызын ғана құрайды. Алайда жасы 35-тен асқан студенттер әлдеқайда көп. Ел бойынша бұл санатта 22,8 мың адам оқиды, бұл жоғары оқу орындарындағы барлық студенттердің 3,4 пайызына тең.

Жасы 35-тен асқан студенттер саны бойынша да Шымкент қаласы алда тұр. Мұнда 3,8 мың адам немесе қаладағы барлық студенттердің 4,1 пайызы осы жас санатына жатады. Одан кейін Алматы қаласы – 3,4 мың студент (1,6 пайыз), ал Батыс Қазақстан облысында жасы 35-тен асқан студенттер саны 3,3 мыңға жуықтап, өңірдегі барлық студенттердің 12,3 пайызын құрап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс өмір бойы білім алу тұжырымдамасының біртіндеп қалыптасып келе жатқанын және ересек жаста да жаңа мамандық меңгеруге деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу