Қазақстанда жер қойнауын игеруге жеткілікті деңгейде ақша бөлінбейді

731

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата өкілдері хабарлады.  

Қазақстанда жер қойнауын игеруге жеткілікті деңгейде ақша бөлінбейді Фото: newsroom.kz

Жоғары аудиторлық палатасының отырысында геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Аудиторлар рәсімдеуге қатысты 81 заңбұзушылық пен 16 жүйелі кемшілікті анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұдан өзге геологиялық материалдарды цифрландыруға бөлінген 68 млн теңге желге ұшқан.

Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану елдің жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанда хром, темір кені, қорғасын, мырыш, мыс, уран, алтын, күміс және басқа да пайдалы қазбалардың ірі қоры бар.

Жүргізілген аудит пайдалы қазбалар кешенін басқару процестерінде бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтады. Мәселен, расталған қорлардың азаюы себебінен экономикалық айналымға тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ нақты дәлелденбеген "қағаз жүзіндегі" қорлардың үлесі жоғары.

Қор өсімінің баяулау себептерінің бірі – жер қойнауын геологиялық зерттеуге қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгеніне қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялық белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр.

Аудиторлар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық ақпаратты цифрландыру, деректердің цифрлық банкін құру, қорларды жаңарту және жекеменшік сектордың белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді орындамағанын атап өтеді. Қазіргі заманғы сақтау орындарының болмауы геологиялық маңызды деректердің жоғалуы немесе бүліну қаупін тудырады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына міндетті салықтық сараптамасыз өзгерістер енгізуге рұқсат береді. Бұл компанияларға салық салу ережелерін өз қалауынша түсіндіріп, салықтар мен басқа да бюджетке төленетін төлемдерден жалтаруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның табиғи ресурстарына қызығушылықтың артуына байланысты халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи әрі сенімді зертханаларға сұраныс артып келеді. Қажетті зертханалардың жеткіліксіздігі бағалы металдар мен шикізат экспортын бақылау сапасының төмендеуіне әкеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу