Қазақстанда мамыр айынан бастап жаңа Жол жүрісі қағидалары (ЖЖҚ) қолданысқа енген еді, ал, түзетулердің қалған бөлігі 12 шілдеде күшіне мініп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Басты өзгерістердің бірі – ЖЖҚ-да трассалардағы екі бақылау нүктесі арасында әрбір машинаның орташа жылдамдығын бақылау жүйесінің ресми түрде бекітілуі болды. Мысалы, қала көшелерінде белгілі бір сәттегі жылдамдықты асыруды ғана тіркейтін кәдімгі камералардан айырмашылығы сол, жаңа жүйе автомобилдің бүкіл жол учаскесін қандай орташа жылдамдықпен жүріп өткенін жалпылама есептейді.
Бұл жүргізушінің тек камераның қасында ғана баяулап, содан кейін жолдың қалған бөлігін құйғытып өтуін әшкерелеуге бағытталған. Мұны анықтау үшін бақылау камералары әрбір автокөліктің жолдың А нүктесінен Б нүктесіне дейін қанша уақытта жеткенін тіркейді.
Ары қарай жасанды интеллектінің көмегімен оның жылдамдықты асырғаны немесе асырмағаны есептеліп, бұзушылық автоматты тіркеледі және көлік иесінің атына айыппұл жазылады.
Орташа жылдамдық ұғымының өзі және тиісті айыппұл түрі қазақстандық заңнамада таяуда ғана, 2023 жылы пайда болған еді. Бұрынғы заңнамада мұндай айыппұл түрі мүлдем болмады.
Жаңа түзетулер енді оны жол жүрісі қағидаларында қолдану тәртібін бекітіп отыр. Бұған қоса мұндай бақылау пайдаланылатын, яғни, "орташа жылдамдықты" асырғандарға айыппұл жазылатын республикалық маңызды жолдардың тізбесі де кеңейтілді.
Бұған дейін бұл жүйе ақылы жолдардың 8 учаскесінде ғана жұмыс істеп тұрған еді:
- Астана – Щучинск (асыруға болмайтын орташа жылдамдық 140 км/сағ);
- Астана – Павлодар (140 км/сағ);
- Шымкент – Қызылорда (110 км/сағ);
- Шымкент – Тараз (110 км/сағ);
- Павлодар – Семей – Қалбатау (100–110 км/сағ);
- Орал – Ресей шекарасы (Саратов) (100 км/сағ);
- Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) (100 км/сағ);
- Жібек Жолы – Теміртау (140 км/сағ).
Бұдан бөлек, ақылы жолдардың операторы "ҚазАвтоЖол" 10 шілдеден бастап тағы бірнеше ақылы учаскеде орташа жылдамдықты бақылауды енгізді. Бұлар:
- Ақтөбе – Қандыағаш;
- Алматы – Қорғас;
- Көкшетау – Петропавл;
- Астана – Теміртау (Аршалы – Ошағанды учаскесінде).
Инспектор тоқтату себебін түсіндіруге міндеттелді
Бұдан бөлек, Қазақстанда енді полиция қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтату тәртібі өзгерді. Бұдан былай автокөлікті тоқтатқаннан кейін лауазымды тұлға – полицей:
- керіліп-созылып, кідірместен, жүргізушіге барынша жедел келуге,
- сөзбұйдаға салмай, бірден тоқтату себебін атауға;
- егер жүргізуші талап етсе, қызметтік куәлігін оған жақын танысу үшін көрсетуге міндетті.
Бірақ соңғы жағдайда құжатын жүргізушінің қолына ұстатпауы керек. Себебі, бұл арандатушылыққа соқтыруы, мысалы, мас не есалаң жүргізуші куәлікті бүлдіруі, жыртуы, немесе байқатпай, жалған нұсқасына ауыстыра қоюы және басқа құқық бұзушылыққа баруы ғажап емес.
Егер құқық бұзушылық фото немесе видеотіркеудің автоматты құралдарымен тіркелген болса, онда полицей жүргізушіге танысуы үшін тиісті материалдарды қоса ұсынуға міндетті.
Камера туралы белгілер алып тасталады
Қала көшелерінде және трассаларда бұдан былай бейнекамералар еш ескерту белгілерінсіз жұмыс істейтін болады. Жол жүрісі қағидаларындағы бұл өзгеріс құқық бұзушылықтарды фото және видеотіркеу кешендеріне қатысты.
Алда камералардың бар екенін алдын ала ескертетін жол белгісін орнату енді міндетті емес. Құқық бұзушылықтар тиісті ескертудің бар-жоғына қарамастан техникалық құралдармен жасырын тіркеле беруі мүмкін.
Электросамокаттарға арналған жаңа талаптар
2026 жылғы шілдеден бастап жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, жалға берілетін электросамокаттарды пайдалануға қойылатын жаңа талаптар өмірге жолдама алды.
Енді әрбір жалға берілетін электросамокаттың тіркеу нөмірі болуға тиіс. Болмаса, заңсыз пайдаланылатын құрал ретінде тәркіленуі мүмкін.
Сонымен қатар пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талабы енгізіледі. Бұл "өзайдатпен" құйындай ұшқан адамдар жүргіншілердің денсаулығына, мүлкіне залал келтірсе, немесе өзге көлікпен соқтығысса, сақтандыру компаниясы шығынды өтеуі үшін жасалып отыр.
Бұған қоса, егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, жалға беру сервисі самокаттың автокөлік жолымен қозғалу мүмкіндігін шектеп тастауға міндетті.
Автомобильдер жүретін жолға шығуға тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементке ие қорғаныш шлемін киген адамдарға ғана рұқсат етіледі.
Бұған дейін "жаяу жүргіншілер жүретін жолдармен және тротуармен қозғалу кезінде ең жоғары жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс" деген талап болған: бұл жаяулап жылдам жүрумен тең. Бірақ бұл талапты пайдаланушылардың көбі сақтамады.
Сондықтан биылғы 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына толық тыйым салынады. Ендеше 6 шақырымдық шектеу тек 25 тамызға дейін ғана өзекті.
Ал, велосипед жолдары мен жолақтарында, сондай-ақ көлік жолдарының жүру бөлігінде (ең оң жақ шеткі қатарында) сағатына 25 шақырымнан қатты айдауға рұқсат етілмейді.
Кикшерингтік компаниялар үшін де жаңа міндеттер белгіленді. Олар:
- самокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге,
- олардың жылдамдықты асырмауын және орналасқан жерін бақылауда ұстауға,
- арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге,
- ретсіз тұрақтардың алдын алуға (көрінген жерге ретсіз тасталмауына),
- әрбір осындай көліктің есебін жүргізуге,
- қажет болған жағдайда мәліметтерді ішкі істер органдарына жедел беруге тиіс.
Арнайы аймақтарда қозғалтқышы бар самокаттар жылдамдықты автоматты түрде жаяу жүргіншінің жүрісіне дейін бәсеңдетуі шарт. Аймақтарға мыналар жатады:
- мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге тікелей іргелес жатқан аумақтар.
- жаяу жүргіншілер ағыны өте тығыз орындар, скверлер мен саябақтар және басқасы.
ЖКО-дан кейін – қайтадан техбайқауға
2026 жылғы 12 шілдеден бастап жол-көлік оқиғасына ұшыраған автомобильдерге қатысты тағы бір норма күшіне енеді. Егер ЖКО салдарынан көлік құралында пайдалануға тыйым салынатын ақауларға пайда болса, ол қайтадан міндетті техникалық байқаудан өтуге тиіс болады. Ішкі істер органдарының уәкілетті лауазымды тұлғасы кез келген автомобилді қайта техникалық тексеруге жіберуге құқылы болады.