Қазақстанда жылу энергетика саласын реттеудің толыққанды құқықтық негізі жоқ

Жылумен қамту нысандары қаржыны тиімсіз жұмсауда. 

Қазақстанда жылу энергетика саласын реттеудің толыққанды құқықтық негізі жоқ Фото: inbusiness.kz

Еліміздегі жылу желілері мен жылу электр стансаларына тексеру жүргізген ҚР Жоғарғы есеп палатасының мамандары осындай қорытынды жасады. Мәжілісте палата басшысы Наталья Годунова тексеру қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz. Аудиторлар жылумен қамту нысандарында 23 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру 47 мемлекеттік мекеме мен 44 табиғи монополия субъектісінде жүргізілді. Палата 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын және 480 млрд теңге активті игеру тиімділігін тексерген.

"Нәтижелерге тоқталсақ, 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде 6 млрд теңгеге бюджеттік қаражат бар. 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығын мен пайдадан қағылу деректері анықталды", – деді Наталья Годунова Мәжіліс отырысында.

2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге 250 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген. 

"Алайда бүгінде ресурстардың жеткіліксіздігі жылу орталықтарындағы қауіпсіздік кепілі бола алмайды. Бұған ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы дәлел. Мәселен, республика бойынша орташа көрсеткіш – 66% және жылу желілерінің тозуы – 54%", – деп толықтырды Жоғарғы есеп палатасының төрайымы. 

Еліміздегі ЖЭО-лардың 76%-ының қызмет ету мерзімі 50 жылдан асқан, 24%-ының салынғанына – 30 жылдан асқан. ЖЭО-лардың орташа қызмет ету мерзімі – 61 жыл. Сондықтан болар жыл сайын апатты жағдайлардың саны артып келеді. Тек 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 22%-ға өсті.

Бұған қоса ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың мөлшері жоғары. Жылуды тасымалдау және бөлу кезеңінде жылуды жоғалту деңгейі жоғары – 42%. 

Годунованың айтуынша, саладағы сан мәселеге орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері арасындағы үйлесімнің жоқтығы және жылу энергетикасын дамытуға жүйелі көзқарастың болмауы ықпал етіп отыр. 

"Өнеркәсіпте жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жағдайының толық көрінісін анықтауға мүмкіндік беретін жалпы автоматтандыру және цифрландыру жоқ. Мәселенің шешімі жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандырудан көрінеді. Жылыту маусымына дайындық барысында орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан энергияны бақылаудың тиісті жүйесі жоқ", – деп қосты Жоғарғы есеп палатасының басшысы. 

Осылайша, кейбір өңірлерде бірқатар табиғи монополиялар субъектілері жылу беру маусымына дайын емес болып шықты. Олардың ең жоғары үлесі Атырау (53%), Павлодар, Ақмола және Абай облыстарында (30%-ға дейін) анықталған. 

Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Түркістан облыстары жергілікті атқарушы органдар мұндай жылу нысандары иелеріне, ескерту жасап деп кезінде шара қабылдамаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу