Оның сөзінше, көпшілік еліміздегі тұңғыш салынатын Атом электр стансасының атауына бейжай қарамаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Байқау аяқталу сатысында тұр. Қазақстан азаматтарынан 28 мыңнан астам ұсыныс алдық. Үлкен қызығушылық байқалды. Қазір "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-пен бірге өтінімдердің құрылымын түсіну үшін жан-жақты талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең алдымен орналасу өңірін, жасын, гендерлік мәселелермен байланысты санатын түсініп алғымыз келеді. Содан кейін байқау комиссиясының қорытынды отырысын өткізу арқылы жинақтау жұмысы жүргізіліп, Балқаш стансасының түпкілікті атауы айқындалады, – деді агенттік басшысы.
Сәтқалиевтің сөзінше, ұсыныстардың арасында тарихи, географиялық атаулар, танымал тұлғалардың есімі, технологиялық шешімдермен байланысты өте белгілі атаулар бар.
– Бұған дейін комиссия атауға толықтай сай келуі тиіс бірқатар өлшемшартты айқындаған болатын. Көпке бірдейлігі – негізгі өлшемшарттардың бірі. Мұнан бөлек, атом саласының имиджіне сәйкестігіне байланысты мәселелер де бар. Ол Қазақстан халқы үшін мәдени-тарихи құндылықтарды да паш етуі тиіс. Олардың әуезді, қысқа, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде азаматтарға барынша түсінікті болуы – айрықша маңызды. Мұның бәрі шешім қабылдау барысында назарға алынады, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске салайық, АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылдың 10 қазан күні сағат 23:59-да аяқталды.