Қазақстандағы әрбір бизнес тегін есепшіге қарқ болады

Ерекше айта кетерлігі, бұл кәсіпкерлерді бұрынғыдан да сақ болуға мәжбүр етуі мүмкін. 

Қазақстандағы әрбір бизнес тегін есепшіге қарқ болады Фото: canva

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті inbusiness.kz редакциясына "Халық есепшісі" республикалық акциясының барысына қатысты ресми жауап берді. 

Ведомство еріктілерді іріктеу тетіктерін түсіндіріп, бастама үшін бюджеттен көк тиын бөлінбейтінін растады. Дегенмен, консультациялардың құқықтық күші мен қателік үшін жеке жауапкершілік мәселелері басы ашық күйінде қалып отыр. 

– Кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қаржы министрлігі кәсіби есепшілер ұйымдарымен бірлесіп 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап "Халық есепшісі" акциясын іске қосты, – дейді өз жауабында Мемлекеттік кірістер комитеті.

Негізгі формат – мемлекеттік кірістер басқармаларында бетпе-бет консультациялар өткізу. МКК дерегінше, есепшілер қауымдастығы мен кәсіби бірлестіктер акция аясында кеңес беретін аккредиттелген бухгалтерлердің тізімін ұсынған. Қаңтар айында шамамен 60 аккредиттелген есепші айқындалып үлгерді. 

Комитет мамандарды іріктеу Кәсіби бухгалтерлер ұйымдарының құзырында болғанын, ал уақыттың тығыздығына байланысты сыртқы ұйымдардың сарапшылары жедел түрде тартылғанын нақтылады. 

Сарапшылар қауымдастығы көтерген ең өткір сұрақтардың бірі – қаржыландыру мен еріктілерді ынталандыру тетіктері. Белгілісі, мемлекет бұл бастамада азаматтық белсенділік пен жеке брендті нығайтуға деген ниетке толықтай сенім артқан. 

– Аталған акцияны өткізуге бюджет қаражаты бөлінген жоқ, мемлекет тарапынан преференциялар, бонустар немесе өзге де ынталандыру түрлері қарастырылмаған, – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитеттің пікірінше, тәжірибелі бухгалтерлер үшін басты мотивация – материалдық емес фактор.

"Материалдық өтемақысыз қатысқысы келетін есепшілер үшін бұл – беделін арттыруға және атқарылған борыш сезіміне негізделген ынта" деп қоса кетті комитет мамандары. 

Ұйымдастыру жағына қатысты кең көлемді жауап берілгенімен, inbusiness.kz редакциясы аса маңызды деп санайтын бірқатар сұраққа нақты түсініктеме ала алмады. Қазіргі уақытта мына мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр: 

– Ерікті есепшілердің нақты білімі оларды салық төлеушілермен жұмысқа жібермес бұрын қалай тексерілді?
– Консультациялар тіркеле ме? (аудиожазба немесе хаттама жүргізіле ме?)
– "Халық есепшісінің" қателігі санкция қолданылған жағдайда салық төлеушінің кінәсін жоққа шығаратын мән-жай ретінде есептеле ме?

Нақты жауаптардың орнына ведомство әдістемелік материалдардың бар екеніне сілтеме жасаған. 

– Комитет негізгі тақырыптар бойынша Салық кодексі нормаларын қарапайым тілмен түсіндіретін және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеудің қадамдық тәртібі көрсетілген "ТОП-50 сұрақ-жауап" буклеттерін әзірледі. Сондай-ақ, call-орталық материалдары жаңартылып, SalykBot Telegram-арнасы ақпаратпен толықтырылды, – делінген ресми хабарламада.

Десе де, консультанттар дайындалған "ТОП-50" буклетінің шеңберінен шығуға міндетті ме, жоқ па – бұл жағы түсініксіз. Егер формат тек типтік жауаптармен шектелсе, онда кәсіпкер бұл ақпаратты ресми ресурстардан өздігінен ала алатынын ескерсек, "мемлекеттік кірістер басқармаларының ғимаратында маманның жеке қатысуы қаншалықты қажет?" деген заңды сауал туындайды. 

Ал егер еріктілер әдістемеден тыс, нақты сектордың күрделі әрі жеке сұрақтарын талдайтын болса, мұндай кеңестерді тексеру мен растау тетігі қандай?

Қазіргі жағдай екіұшты көрінеді: ведомство диалог алаңын ұсынды, алайда бұл диалогтың бизнес үшін құқықтық салдары әлі де айқын емес. Тегін әрі қате көмек көрсетілген жағдайда кәсіпкер заң алдында жалғыз қала ма? Бұл сұрақ әзірге жауапсыз. Inbusiness.kz редакциясы акцияның өту барысын және осы бағыттағы құқық қолдану тәжірибесін бақылауды жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу