"Қазақстандағы әрбір екінші бизнес несиесін біз бердік": Halyk Bank ШОБ-ты қолдау көрсеткіштерін жариялады

210

Елордада отандық өндірушілердің тоғызыншы жыл сайынғы Ulttyq Ónim – 2026 көрмесі ашылды.

"Қазақстандағы әрбір екінші бизнес несиесін біз бердік": Halyk Bank ШОБ-ты қолдау көрсеткіштерін жариялады Фото: Halyk Bank

Қазақстандық бизнес үшін игі дәстүрге айналған алаң биыл мүлде жаңа деңгейге шықты: көрмеге 600-ден астам компания қатысып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп және көрме тарихындағы ең ауқымды көрсеткіш, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шара қатысушыларына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құттықтау сөз сөйледі. Өз баяндамасында вице-премьер көрме ұйымдастырылып отырған саланың ауқымын көрсететін нақты деректерді келтірді.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әрбір бесінші азамат кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 41 пайызға жеткен, ал секторда жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 4,5 миллион адамды құрайды.

"2025 жылы мемлекет тарапынан "Даму" қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 триллион теңгені құрайтын 13 мың ШОБ жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл – 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны, 27,7 триллион теңгенің өнімі және шамамен 2 триллион теңге салық түсімі", – деді вице-премьер.

Биылғы Ulttyq Ónim – 2026 көрмесінің бас серіктесі – Қазақстан бизнесін несиелеудегі ең ірі қаржы ұйымы Halyk Bank. Екінші деңгейлі банктер арасындағы корпоративтік несие портфелінің жартысы осы банктің үлесінде. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Halyk Bank-тің заңды тұлғаларға арналған несие портфелі 8,6 триллион теңгеге жеткен.

Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында ШОБ-ты қолдау тетіктеріне арналған панельдік сессияда Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос сөз сөйледі. Ол еліміздегі ең ірі банкте кәсіпкерлерді несиелеу жүйесі қалай ұйымдастырылғанын – жаңадан бастаған әйел кәсіпкерлерді оқытудан бастап, несие талдауындағы жасанды интеллектке дейінгі бағыттарды қамтып баяндады.

Ольга Вурос сөзінің негізгі өзегі – "Даму" қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан портфельдік кепілдендіру бағдарламасы болды. Бұл тетік қазақстандық шағын және микробизнестің созылмалы мәселесіне – кепілзат тапшылығына шешім ұсынуға бағытталған. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жоба бойынша қаржыландыру сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беріледі, ал бір жобаға берілетін ең жоғары сома 3,5 миллиард теңгеге дейін жетеді.

Бағдарлама іске қосылған өткен жылдың ортасынан бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін Halyk Bank жалпы сомасы 206 миллиард теңге болатын шамамен 900 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде 120 миллиард теңгеге жуық сомаға кепілдік рәсімделген. Орташа кепілдік көлемі 126 миллион теңгені құраған.

Спикердің айтуынша, бұл құралдың нақты шағын және микро бизнеске бағытталғанын айқын көрсетеді. Кепілдіктердің шамамен 85 пайызы саны жағынан шағын және микробизнеске тиесілі болса, орта бизнес үлесі – 11,5 пайыз, ірі бизнес – 2 пайыз шамасында.

Қаржыландыру мақсаты бойынша да көрсеткіштер назар аудартады.

"Жалпы қаржыландыру көлемінің 70 пайызы жаңа инвестициялық жобаларға бағытталды. Бұл – құрал-жабдық сатып алу, өндірісті жаңғырту мен жабдықтау. Яғни қаражаттың басым бөлігі негізгі капиталға салынған инвестициялар. Шамамен 20 пайызы айналым қаражатына, ал 10 пайызы қайта қаржыландыруға жұмсалды", – деп нақтылады Ольга Вурос.

Осылайша, "Даму" кепілдігімен берілген несиелердің басым бөлігі уақытша қаржы тапшылығын жабуға емес, Қазақстан экономикасының өндірістік әлеуетін кеңейтуге бағытталған.

Салалық құрылым бойынша портфельде өңдеуші өнеркәсіп көш бастап тұр. Яғни ел ішіндегі өндірістік тізбекті қалыптастырып отырған кәсіпорындар негізгі үлесті иеленген. Алғашқы бестікке сондай-ақ көлік, қоймалау және логистика салалары, көтерме және бөлшек сауда да енген. Бағдарлама қарыз алушыларды экономикалық қызмет түрлері бойынша шектемейді, сондықтан оның қамту аясы өте кең.

Ольга Вуростың айтуынша, бұл кепілдік тетігінің басты артықшылығы – бұрын банк қаржыландыруына қол жеткізе алмаған кәсіпкерлерге мүмкіндік беруінде.

"Әдетте клиенттік базаның өсуі жұмыс істеп тұрған жобалар мен бұрыннан келе жатқан клиенттердің инвестиция салу, даму жоспарларымен байланысты болады. Ал бұл бағдарлама кепілзаты жеткіліксіз, тәуекелі жоғары деп бағаланған жаңа клиенттерге қаржы алуға жол ашты. Соның арқасында біз бұрын кіре алмаған жобаларды қаржыландыра бастадық", – деді ол.

Сондай-ақ, Ольга Вурос несиелеу үдерісіне жасанды интеллект енгізу мәселесіне де тоқталды. 2020 жылдан бері банк кепілсіз цифрлық өнімдерді дамытып келеді. Бұл жүйеде шешім клиенттің транзакциялық деректерін талдау негізінде 5 минут ішінде қабылданады: жеке кәсіпкерлер үшін қаржыландыру көлемі 100 миллион теңгеге дейін, ал заңды тұлғалар үшін 300 миллион теңгеге дейін жетеді.

Өткен жылдан бастап жасанды интеллект құралдары орта көлемдегі кепілді несиелеу сегментіне де енгізілген. Кредиттік талдаушының цифрлық көмекшісі клиенттің қаржылық есептерін түрлі форматта өңдеп, деректерді жинақтап, бастапқы қорытынды жасайды. Дегенмен, мәміле бойынша түпкілікті шешімді әлі де адам қабылдайды.

Тоғызыншы Ulttyq Ónim көрмесі шағын және орта бизнестің бүгінде Қазақстан экономикасының елеулі бөлігін қалыптастырып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл секторға бір реттік емес, тұрақты әрі болжамды қолдау инфрақұрылымы қажет. Мемлекет, даму институттары мен банк секторы осы бағытта қаншалықты үйлесімді жұмыс істесе, отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы жаңа мүмкіндіктерді игеруі мен экспорт аясын кеңейту қарқыны да соншалықты жоғары болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу