2027 жылдан бастап отандық кәсіпорындар бекітілген су үнемдеу жоспарынсыз су пайдалануға рұқсат ала алмайды. Себебі олар айналымды және үнемді сумен жабдықтау технологияларын енгізуі тиіс. Әйтпеген жағдайда, олар үшін ресурстың қолжетімсіз болу қаупі төніп тұр. Бизнес өкілдері жоғары шығындар мен техникалық қиындықтар туралы айтып отыр. Бұл ретте билік жаңашылдықтың заңды екенін алға тартты. Ең ауқымды реформалардың бірі қалай жүзеге асатынын inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.
"Қазақстан Республикасы Көлік жуу бизнесі қауымдастығының" өкілі Святослав Баевтың сөзінше, суды үнемдеу жүйелерін міндетті түрде енгізу талабы бірінші кезекте шағын компанияларға ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Оның есебінше, кәсіпкерлер жаңашылдықты енгізгені үшін ондаған миллион теңге төлеп, өз кезегінде бұл клиенттер үшін бұл бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
Бірлестік қазірдің өзінде көлік жуу орындарында судың шығыны туралы бұрын айтылған деректерді тексеру үшін тәуелсіз сараптама жүргізіп жатыр. Сала өкілінің сөзінше, бұған дейін берілген есептер асыра көрсетілген. Ал нақты көрсеткіштер әлдеқайда төмен және маусымға байланысты өзгеріп отырады, деді ол.
"Біз бұған дейін айтылған бір көлікті жууға 900 литрге дейін су кетеді деген ақпараттың қаншалықты рас екенін түсінгіміз келеді. Бұл мүлде дұрыс емес, өйткені бір көлікті жууға 100-120 литрдей су кетеді, бұл маусымға да байланысты. Қыста көліктерге су көбірек жұмсалады. Ал жазда, қазіргідей уақытта, керісінше аз кетеді. Сондықтан біз мұны тексеріп жатырмыз", – деді Святослав Баев.
Оның айтуынша, бизнес өкілдері суды тазартудың заманауи жүйелерін енгізу кезінде бірқатар кедергілерге тап болған. Қымбат жабдықтан бөлек, техникалық мәселелер де кездеседі.
"Қиындық көп. Біріншісі – қаржы мәселесі. Яғни суды тазартатын, машинаны жууға жарайтындай сапаға дейін жеткізетін жақсы жүйені орнату үшін кем дегенде 20 миллион теңгеден көп қаражат қажет. Екіншісі – осы жүйені орнату. Ол үшін кемінде 10 шаршы метр жер керек. Оны орнатып, қосу үшін қажетті қуат көздері болуы тиіс, ал олардың көбі көлік жуу орындарында жетіспейді", – деп түсіндіреді қауымдастық өкілі.
Кәсіпкерлер қымбат жабдықты орнату қызмет құнының қымбаттауына әкелетінін жеткізді.
"Мәселен, егер мен қазір осы қондырғыға 20 миллион теңге жұмсасам, шығынның орнын толтыру үшін қызмет бағасын қаншалықты көтеруім керек? Оның үстіне бұл құрылғыны орнатқаннан кейін бәрі өздігінен жұмыс істеп кетпейді. Реагенттер, қызмет көрсету де аз ақша емес", – деді Баев.
Өз кезегінде нарық қатысушылары су тазарту жүйелерінің тиімділігіне, әсіресе суды тазалау сапасына күмәнмен қарайды.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев реформаға қатысты талқылауларда қате түсіндірулер бар деп есептейді. Оның айтуынша, жағдайды дұрыс түсіну үшін су пайдаланушыларды бірнеше санатқа бөлу қажет. Біріншісіне суды ең көп тұтынатын салалар кіреді. Өндірістік кәсіпорындар мен энергетика, яғни өндірістік қажеттілік үшін көп көлемде су қолданылады. Екінші санатқа ауыл шаруашылығы кіреді, оған су тұтынудың шамамен 60%-ы тиесілі. Бұл сала азық-түлік өндіруді қамтамасыз етеді. Үшінші санатқа шаруашылық қызметте суды пайдаланатын бизнес өкілдері кіреді. Атап айтқанда, кір жуатын орындар, моншалар және көлік жуу орындары. Төртінші санатқа қарапайым тұтынушылар жатады.
Келесі жылдан бастап суды көп пайдаланатындар арнайы тізілімге енгізіледі. Олардың су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары болған жағдайда ғана арнайы су пайдалану рұқсаты беріледі. Бизнес үшін өтпелі кезең көзделіп отыр. Яғни, 5 жыл ішінде барлық заңды тұлғалар айналымды, қайталама немесе үнемді су пайдалану жүйелерін әзірлеп, оны енгізуі тиіс. Депутат түсіндіріп өткендей, бұл мерзім жоспарлаудан бастап жабдықты іске қосуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Павел Казанцев бұл кезең бизнестің бейімделуі үшін жеткілікті деген пікірде.
"Суды көп пайдалатындар жоспар ұсынбаса және бекітпесе, яғни оларда қағаз түріндегі жоспар болмаса, арнайы су пайдалану рұқсатын ала алмайды. Кодексте 5 жылдық кезең көзделген. Осы мерзім ішінде барлық су пайдаланушылар, яғни, қарапайым көлік жуу орындарынан бастап ірі өнеркәсіпке дейін айналымды, қайталама немесе үнемді су пайдалану технологияларын ұсынып, оны іске асыруы және енгізуі тиіс. (…) Бес жыл кез келген санаттағы кәсіпорын үшін жеткілікті", – деді депутат.
Өтпелі кезең біткен соң су пайдалануды бақылау күшейе түспек. Депутаттың айтуынша, бизнес үшін жаңа технологияларға көшу өзін-өзі ақтайды. Қазірдің өзінде барлық су пайдаланушылар жыл сайын арнайы су пайдалану құқығын алады және олардың бәрі жүйеде тіркелген, тек суды заңсыз пайдаланатындар ғана есепке алынбаған.
Айта кету керек, Қазақстанда суды айналымды пайдалану жүйесі кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай оның үлесі 30% болуы тиіс. Бүгінде бұл көрсеткіш 17%-дан аспайды. Қазірдің өзінде бұл деңгей жоғары болуы қажет.