Қазақстандағы ең жас көпбалалы ана тозығы жеткен үйде тұрады

Жеті баланың анасы Жазира Тұрғыноваға былтыр берілген баспананың қабырғасы түсіп, едені шіри бастапты. 

Қазақстандағы ең жас көпбалалы ана тозығы жеткен үйде тұрады

Түркістан облысы, Төлеби ауданының тұрғыны Жазира Тұрғынова 27 жасында  7 ұл-қызды дүниеге әкеліп, Қазақстандағы ең жас көпбалалы ана атанған. Ол былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жастарды балалы болудан қорықпауға, ел демографиясына үлес қосуға шақырды. Өткен жылдың қаңтар айының соңында шеттей балаларымен пәтер жалдап тұратын анаға  сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Төлеби ауданы, Леңгір қаласынан 4 бөлмелі баспананың кілтін салтанатты түрде табыстаған болатын.

 Тіпті кездесу кезінде аймақ басшысы "Алтын алқа" иегерінің қосымша мамандық алу үшін оқуына және жұмысқа орналасуына, сонымен қатар жолдасы Олжан Әбілдәбековтің де жұмысқа орналасуына көмек көрсетілетінін айтты.

Алайда арада бір жыл уақыт өткенімен, "баспаналы болдық" деп қуанған батыр ана мұңын шақты. Айтуынша, салтанатты түрде табысталған үйдің тозығы жеткен.

"Үйдің салынғанына отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Бізге берген кезде тым мұндай ескі екенін білген жоқпыз. Әрлеп, әктеп көзбояушылық етіп берілгені көрініп тұр. Бір ай өте сала қабырғалары үгітіліп, уақыт өте төбесінен су ағатын болды. Шатыры әбден тозған. Онымен қоймай үйдің ішінен құрт-құмырсқа, ұлу дегендер шыға бастады. Себебі едені шіріп кеткен. Баспананы өзіміз жөндеп алуға шамамыз жетпейді",-деді 3 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырған 28 жастағы келіншек. 

Сұхбат барысында көпбалалы анадан осыдан бір жыл бұрын жолдасының жұмысқа тұруына жәрдемдесеміз деген әкім уәдесі орындалды ма деп сұрағанымызда, оның құрғақ сөз болғанын жеткізді.

"Өтірік болмасын, әкімдік тарапынан екі жұмыс ұсынды. Біреуі - дәмхана күзетшісі, екіншісі - көше тазалаушы. Беретіні 40 мың теңге айлық екен. Ол шеттей бала-шағамның ас-ауқатына да жетпейді ғой. Жолдасымды өзім жүгіріп жүріп  жұмысқа тұрғыздым, қазір тұрақты жұмысы бар. Бірақ тапқан табысы күнделікті ішіп-жемнен артылмайды. Күнкөрісіміз жақсы дей алмаймын. Өзім балалармен үйдемін, аяғым ауыр. Дәрігерлер Алла қаласа егіз болады деп болжап отыр. Жаныма жұбаныш сыйлайтыны - балаларым",-деді келіншек.

Амалы таусылған батыр ана  Түркістан облысының қазіргі әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауына келіп, көмек сұрады.  "Сенбесеңіздер келіп көріңіздер, үй апатты жағдайда, жөндеу  жұмыстары қажет" деп қолдау сұраған келіншекке облыс басшысы көпбалалы отбасының тұрмысын арнайы комиссия тексеріп, қажет болса "Қамқорлық" жобасы аясында көмек көрсетілетінін айтты.

"Алтын алқа" иегерінің сөзінше, комиссияның нақты қай күні келетіні әзірге белгісіз.

Жансая Тәуекелқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу