Қазақстандағы кids go free: ақиқат па, аңыз ба?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
20865

Бір жыл бұрынғы жоба жүзеге аспай қалды. 

Қазақстандағы кids go free: ақиқат па, аңыз ба? Фото: Мария Матвиенко

Былтыр мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді, оның ішінде отбасылық туризмді дамыту үшін әуе тасымалын субсидиялау бастамасын көтерді. Сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ел ішінде ұшқан ерлі-зайыптылардың 15 жасқа дейінгі 4 баласы әуетасымалы  қызметін тегін пайдаланатынын мәлімдеді.

"Біз шартты түрде 1 теңге субсидия беріп, 6,5 теңге үнемдейміз. Сол себепті жобаның бекітілуіне аса мүдделіміз. Менің ойымша, бір-екі ай ішінде іске кірісеміз, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қызды-қыздыға келгенде экс-министр отбасылық туризмнен бюджетке 35 млрд теңге түседі, 1+2 үлгісіндегі субсидиялау жүйесі отбасының шығынын 30%-ға қысқартады деп сенімді сөйледі.  

"Жоба жүзеге асса қазақстандықтар шетелге сабылмайды, ел ішінде демалып, отандық туризмді дамытады", – деді ол.

Шіркін-ай десеңші, былтыр бір жылдан кейін, яғни биыл еліміздің барлық өңірінде тегін "Балалар туристік пойызы" жобасы іске қосылатыны және басымдық тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына және үздік оқушыларға берілетіні жарияланып еді ғой...

Айтып-айтпай не керек, министрдің мәлімдемесінің соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бір-екі айдан кейін ата-анасымен бірге ел ішінде тегін ұшуды қиялдаған балалардың өздері емес, армандары көзден де, көңілден де бұл-бұл ұшты. Кейін сөзі мен ісін қабыстырып, уәдесін орындай алмаған министр жөніне кетті. Ал мәселе "жабулы қазан" күйінде қалды.

Күні кеше Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бір жыл бұрынғы бастаманы қайта қозғады. Ол 14 жасқа дейінгі балаларға ел аумағында тегін ұшуға рұқсат берілетінін баяндады.  

Мемлекет ішкі рейстарды орындау барысында балаларды тегін тасымалдаған

авиакомпанияларды субсидиялауға дайын екенін жеткізген комитет төрағасы бір отбасының 4 баласы жеңілдікке ие бола алатынын тілге тиек етті. Бұл – ұшақпен  әкесі - 2, анасы - 2 баланы тегін тасымалдай алады деген сөз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ата-аналарға ұшақта кішкентай сәбиді ғана тегін алып жүру құқығы берілген. Олар 12 жасқа дейінгі балаларына билеттің жарты, 12 жастан асқандарына толық бағасын төлейді.  

Kazakh Tourism АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Хасеновтың сөзінше, кids go free жобасына жыл сайын 7,6 млрд теңге жұмсалады. Қомақты қаржы 100 мың отбасыға ел аумағында жеңілдікпен ұшуға мүмкіндік береді.

Біле жүріңіз, кids go free жобасы әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Катар, Таити, Скандинавия елдерінің халқы  осы жобаның игілігін көріп отыр.

БАӘ әуе тасымалдаушылары да жыл сайын кids go free жобасын жүзеге асырады. Олар жазғы демалыс кезінде оқушыларды тегін тасымалдайды.

Жалпы, неден болса да қорқып қалған жаман ғой. Қазір көпшіліктің көкейінде былтыр жүзеге аспай қалған жоба, биыл ақиқатқа айнала ма, әлде аңыз болып қала ма деген күдік бар. Бұл күдік ата-аналар 14 жасқа дейінгі балаларын ұшақпен тегін тасымалдаған күні ғана сейілетін секілді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу