Қазақстандағы коронавирус: 20 наурыздағы нақты мәліметтер

2563

Жұқтырғандар саны - 49. Қаза тапқандар жоқ. 

Қазақстандағы коронавирус: 20 наурыздағы нақты мәліметтер

20 наурызда еліміздегі науқастардың саны 49-ға жетті. Соңғы екі жағдай Қарағандыда тіркелді. Алматыдағы аурулардың саны – 22, Нұр-Сұлтанда – 25. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, қазір стационарлық карантинде - 865 кісі, үй карантинінде - 2611 кісі. 

Елімізде 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Қоғамдық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынды. Мектеп оқушылары каникулға жіберіліп, колледждер мен ЖОО-ның студенттері қашықтықтан оқитын болды. 

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кіріп-шығу шектетіліп, балабақшалар жабылды. Сонымен қатар азық-түліктік дүкендер мен дәріханалардан басқа сауда орталықтарының жұмысы тоқтатылып, ХҚКО-ның жұмысы шектетілді. Осы екі шаһардағы қоғамдық көліктердің саны қысқартылды. Тұрғындарға үйден шықпауға, тұмау белгілері мен дене қызуы байқалғанда, жөтел басталғанда дәрігерлерді үйге шақыруға кеңес берілді.

Маска

Маска тапшылығын жою үшін алдағы күндері тәулігіне 1 млн дана маска өндірілетін болады. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді. 

"Медициналық бетперделер мәселесіне келсек, бұл Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін ескерткім келеді. Бүгінгі күнде Қазақстанда 365 мың маска шығарылады. Алдағы күндері өндіріс көлемін күніне 1 миллион данаға дейін жеткізуді нақты мақсат етіп қойдық", - деді Тоғжанов. 

Coronavirus2020.kz сайты іске қосылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы сайттың ашылғанын мәлім етті. Мұнда коронавирусқа қатысты соңғы ресми ақпараттар жарияланып отырады.  

431 мың жаңа жұмыс орны ашылады

"Жұмыспен қамтудың жол картасына" бөлінген 300 млрд теңге төтенше жағдай кезеңінде жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалады. Вице-премьер Ералы Тоғжанов осылай деді. Ол жеке мекеме басшыларын, бизнес қоғамдастықтарын жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге, қысқартуға жол бермеу арқылы әлеуметтік келеңсіздіктердің алдын алуға шақырды. 

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында шағын және орта кәсіп иелерінің айналым капиталы үшін 8% мөлшерлеме бойынша 1 жыл мерзімге 600 млрд теңге сомаға жеңілдетілген несие берілетінін мәлім етті. 

Президент Ұлттық Банкке қарыз алушыға қаражатты берудің нақты тәсілін ұсынуды жүктеді.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын қаржыландыру көлемі артып, отандық бизнесті қолдау үшін 1 трлн теңге бөлінеді", - деді Тоқаев. 

Азық-түлікті қалағаныңызша сатып ала алмайсыз

Нұр-Сұлтан қаласында карантин кезінде бір адамға сусымалы тауардың (күріш, қант, қарақұмық) тек 5 килограмы, күнбағыс майының 5 литрі ғана сатылатын болды. Бұл туралы Елордадағы кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар жөніндегі басқарма басшысы Ерлан Бекмырзаев мәлім етті. Оның айтуынша, енді дүкендер мен супермаркеттердің әкімшілігі сатып алушылар арасындағы қашықтықтың 1 метрден кем болмауын қамтамасыз етуі тиіс. 

Вирусты анықтайтын тест

Нұр-Сұлтанда коронавирусты анықтайтын экспресс-тест жүргізуге арналған мобильді пункттер ашылады. Олардың нақты қай жерлерге орналастырылатыны жуырда жарияланады. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу