Қазақстандағы машинажасау саласы: пандемия және саладағы өзекті мәселелер

Сала жұмысы әлемдік нарықта бекітілетін шикізат бағасына тәуелді.   

Қазақстандағы машинажасау саласы: пандемия және саладағы өзекті мәселелер

Әлемде машина жасау 37 салаға бөлінеді. Елімізде оның 10-нан астам бағыты бар. Ал "Индустриялық-инновациялық даму" бағдарламасы аясында 6 басым бағыты дамуда. Атап айтсақ, мұнай, тау-кен өнімдері, электр техника мен автомобиль құрастыру, теміржолға арналған жабдықтар және ауыл шаруашылығы техникасын жасау. Қазақстан машина жасаушылар одағының директоры Өмірсерік Ержановтың халық арасында машина жасау тек жеңіл көлік кұрастырудан тұрады деген жансақ пікір қалыптасқанын айтады. Оның айтуынша, бұл ел экономикасының ілгері жылжуына серпін беретін үлкен сала екенін естен шығармау керек.

"Өткен жылы машина жасау саласы 1 трлн 400 млрд теңгеге өнім шығарды, биылғы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асып кетті. Демек секторда пандемияға қарамастан көрсеткіштер жоғары", – дейді ол. 

Өмірсерік Ержанов машина жасауда да бірақ келелі мәселелер бар екенін мойындады. Оның айтуынша, елімізге шойын, болат шыңдау өнімдері аса қажет. Ал аталған саланы игеру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорын базасында немесе жаңа кәсіпорын құру маңызды. 

"Машина жасаушылардың форумында да осы мәселе көтерілді. Ол үшін Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс және Орталық Қазақстанда да осындай зауыт құру аса қажет екені айтылды. Осыған байланысты бірақ тапсырмалар берілді", – деді спикер. 

ҚР Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Машинажасау басқармасының бас сарапшысы Досжан Әлібеков жылдың басында сала 102,5% нәтиже көрсетеді деген болжам жасалғанын айтады. 

"Соған қарамастан 2020 жылдың алты айында 116,3% көрсеткішіне қол жеткіздік. Мұның барлығы отандық кәсіпорындар мен шетел нарығына өнім шығарудың нәтижесі. Бұл саланы қолдау үшін 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленген болатын. Қазірдің өзінде онда қойылған көптеген міндеттерге қол жеткізіп үлгердік", – дейді сарапшы. 

"Қайнар АКБ" ЖШС-ның дамыту жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов пандемия көптеген кедергілер тудырып, саланы біраз тұралатқанын ашып айтты. Оның сөзінше пандемия басталып, төтенше жағдай жарияланған наурыз-сәуір айларында оның зауыты жұмыс істеуді тоқтатқан. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда кәсіпорынның қарқыны бәсеңдеген. 

"Бірақ сала жұмысын жандандыруға рұқсат етілген күннен бастап, өндіріс көлемін арттырдық. Соған қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 6%-ға төмен. Қазіргі басты мақсатымыз 2019 жылғы нәтижелерге қол жеткізу. Мүмкіндік болса өндірісті одан әрі ұлғайтуды көздеп отырмыз", – деді ол. 

Бұл ретте спикер машина жасау саласының алға жылжуын тежеп отырған факторлар туралы ойын ортаға салды. Тұрар Жолмағамбетов бізде машина жасау саласы шикізатқа және оның әлемдік бағасына тәуелді екеніне налиды. 

"Біздің зауыт аккумулятор жасаумен айналысады. Ал оның өндірісіне қорғасын қажет. Аталған шикізат бағасы Лондон нарығында доллармен белгіленеді. Мәселен, тек биылғы жылдың 6 айында ғана қорғасынның бір тоннасы 1600 долардан 2000 долларға өсті. Келесі мәселе теңгенің құнсыздануы. Баға шетел валютасымен белгіленгендіктен өнімдердің өзіндік құны артады", – деген кәсіпорын өкілі бұл экспортқа өнім шығарғанда кедергі келтіретінін жеткізді. 

Бір ерекшелігі қорғасын елімізде өндірілетініне қарамастан, баға әлемдік нарыққа тәуелді. Көрші Ресей отандық зауыттарға шикізатты 10-15%-ға арзан сату туралы механизммен жұмыс жасайды. Ал бізде жағдай басқаша. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында металл бағасын бір деңгейде ұстап тұру үшін арнайы механизм әзірлеуді тапсырды.

Тұрар Жолмағамбетов осы тетік жұмыс істей бастаған соң шикізат бағасы тұрақталатынына сенімді. 
"Әлбетте Президенттің тапсырмасы жүзеге асса өнімдердің өзіндік құны қолжетімді болады. Баға әр тоқсан сайын аса құбылмайды", – дейді ол. 

"Қайнар АКБ" зауыты 20 мемлекетке өнім шығарады. Зауыт әзірлеген аккумуляторлардың 65%-ы Ресей, Орта Азия, Шығыс Еуропа мен Батыс Еурова, Италия, Қытайға экспорталады. Биылғы жылдан бастап БАӘ-ге өнім шығара бастаған. 

"Машина жасау саласына мемлекетті көмек, салықтық жеңілдіктер басқа саладан әлде қайда жоғары болуы тиіс. Себебі соңғы жылдары өндіріс көлемін 7-8 есе арттырдық. Жаңа тауарларды өндіре бастадық. Оның барлығы мемлекетке салық түрінде қайтуда", – деп түйіндеді зауыт өкілі.

 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу