Ол үшін заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда мемлекеттік мекемелердің коммуналдық шығындарын азайту көзделіп отыр. "Әділет" партиясының депутаттары энергия үнемдеу туралы заңнамаға өзгерістер әзірлеп жатыр. Мамандардың есебінше, ұсынылған шаралар бюджет секторында 11 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұл мәселе партия алаңында өткен кездесуде талқыланды. Жиынға Құрылтай депутаттары, бейінді министрліктердің, Ұлттық энергия үнемдеу орталығының, "Атамекен" ҰКП-ның және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Ұсынылып отырған өзгерістер мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен басқа да мемлекеттік нысандарда энергия тұтынуды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, мемлекеттік бақылауды жетілдіру және жеке инвестицияларды тарту көзделуде.
"Әділет" партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов заңнамаға енгізілетін өзгерістер тек жаңа талаптар қоюмен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге экономикалық ынталандыру тетіктері қажет. Сондай-ақ, энергосервистік компанияларды іріктеу ашық әрі бәсекелі болуы тиіс.
Ал партиядан сайланған Құрылтай депутаты Арман Қалықовтың айтуынша, бұған дейін энергия үнемдеу шаралары негізінен өнеркәсіпке бағытталған. Енді бұл жұмысты мемлекеттік мекемелерде де күшейту ұсынылып отыр.
– Заң жобасы энергетикалық мониторингті әлеуметтік маңызы бар 5 мыңнан астам нысанға кеңейтуді, энергия үнемдеу жоспарларын Экологиялық кодекспен сәйкестендіруді, сондай-ақ ғимараттарды салу және мемлекеттік сатып алу кезінде энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды жетілдіруді көздейді, – деді депутат.
Ұлттық энергия үнемдеу орталығының мәліметінше, 20 мың мемлекеттік мекемеге жүргізілген мониторинг ресурстарды тұтынуды қысқартуға мүмкіндік бар екенін көрсеткен. Есеп бойынша, бюджет секторындағы үнемдеу әлеуеті 11 млрд теңгеге немесе 160 мың тонна шартты отынға тең. Ал өнеркәсіп саласындағы 106 ірі кәсіпорын бойынша қосымша үнемдеу мүмкіндігі 260 мың тонна шартты отынға бағаланып отыр.
Кездесуде ірі кәсіпорындарға энергетикалық бақылауды күшейту мәселесі де көтерілді. Құрылтай депутаты Сұңғат Есімханов бақылау функцияларын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен Энергетика министрлігіне беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі құрылым ірі энергия тұтынушыларды толық қамтуға мүмкіндік бермейді.
Талқылауда жеке инвестиция тартудың энергосервистік шарттар (ЭСКО) тетігіне де назар аударылды. Бұл модель бойынша компаниялар мемлекеттік нысандарды өз қаражатына жаңғыртып, шығындарын кейін энергия ресурстарын үнемдеу есебінен өтейді. Мұндай тәсілді жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінде қолдануға болады.
Отандық өндірушілер де инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысуға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, энергия тиімді трансформаторлар, автоматтандырылған жылу пункттері, жарықдиодты шамдар мен заманауи сорғылар ұсынуға әзір. "Alageum Electric" компаниясының өкілі мемлекеттік секторда энергия тиімді трансформаторлардың өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен екі жыл екенін айтты.
Бұдан бөлек, "Атамекен" ҰКП өкілдері мемлекеттік мекемелерді ресурстарды үнемдеуге ынталандыру үшін бюджеттік жоспарлау жүйесін өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарға жеке инвестиция есебінен күн электр станцияларын орнату мүмкіндігін қарастыру қажеттігі айтылды.
Кездесу қорытындысында депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің ұсыныстары заң жобаларын одан әрі пысықтау кезінде ескерілетіні мәлім болды.