Қазақстандағы Орал әуежайын алған орыс олигархын АҚШ қудалауға кірісті

5896

РФ бизнесмені В.Вексельбергтің қазақстандық стратегиялық маңызды нысанды сатып алуы билік үшін де "тосынсый" болды. Қауіптісі сол, бұл олигархтың мүлкін АҚШ тәркілеп жатыр.

Қазақстандағы Орал әуежайын алған орыс олигархын АҚШ қудалауға кірісті Фото: baq.kz

Бұрын Батыс Қазақстан облысын басқарған, бүгінде Үкімет басшысының орынбасары лауазымын атқаратын Алтай Көлгінов бүгін Үкімет отырысы залынан шыққанда, журналистер оны қоршай алды. Бәрін қызықтыратын сұрақ біреу: кетіп бара жатқан Үкімет неге аяқ астынан, шұғыл түрде Орал әуежайын Батыстың санкциялық қара тізіміндегі ресейлік бизнесмен Виктор Вексельбергтің бақылауындағы компанияға өтіп кетуіне жол берді? 

Көлгінов мырза ол әуежайды "проблемалы" деп атады.

"Ол әуежай – стратегиялық объект. Мемлекет оны жөндеуден өткізді, ол мемлекетке тиесілі. Бірақ онда біраз проблема бар. Бұл нысанның өзіне де, ұшу-қону жолағына да қатысты. Терминал жекеменшікке өтіп кеткен. Оның үстіне жеке қожайыны ұшу-қону жолағын да, терминалды да жөндеуге бір тиын ақша салмады. Оның бәрін мемлекетке жасауға тура келді. Сондықтан бұл жаңалықтың әлі байыбына бару керек болады", – деп жалтарды А.Көлгінов. 

Вице-премьер әуежайды жөндеу мәселелерімен сол кездегі көлікке жауапты министрлік, облыстық әкімдік айналысқанын еске салды. 

Орал қаласының халықаралық әуежайының терминалы реконструкциядан кейін былтыр пайдалануға берілді. Оны қайта құру құрылысын толығымен мемлекет қаржыландырды. Үкімет 2022 жылы сондай-ақ бұл нысанға Мәншүк Мәметованың атын берді. Терминал Оралда орналасқан қазақстандық жеке компанияның – “Беркут аэропорт” ЖШС-нің сенімді басқаруына берілген. Кейбір дерек бойынша ол ЖШС апаттан кейін лицензиясынан айырылған Bek Аir әуекомпаниясымен сыбайлас (аффилирленген) болған.

Енді міне, сол жеке компанияны ресейлік олигархтың капиталы бар "Орал Аэропорт Холдинг" ЖШС сатып алып отыр. Осылайша, стратегиялық нысан айналма жолдармен РФ қолына көшкенге ұқсайды. Сарапшыларды тіксінткені де осы. 

Сарапшылардың көңіліне күмән салған тағы бір жайт: Орал әуежайының құрылтайшысына айналған "Орал Аэропорт Холдинг" ЖШС-нің үш қожайыны бар болып шықты. Біріншісі – "Ретранс" АҚ, солтүстік көршінің Екатеринбургінде тіркелген. Ол миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысты. Компания шығынды саналады: 2021 жылғы есебінде оның өз иесіне еш пайда әкелмегені, керісінше, жылды 2,1 млн рубль шығынмен аяқтағаны көрсетілген. Күдіктісі сол, оның штатында бір адам ғана бар. Соған қарамастан, "Ретранс" ресейлік Магнитогорск әуежайына иелік етеді. Ол әуе қақпасын аукцион арқылы 1 млрд рубльге жекешелендіріп алды. Бұдан бөлек, "Ретранс" компаниясы “Аэропорты регионов” (екінші қожайын) арқылы Вексельбергтің бақылауындағы “Ренова” (үшіншісі) тобына тиесілі авациялық активтерді басқарумен де айналысады. 

В.Вексельбергтің иелігінде қазақстандық Орал халықаралық әуежайы сыртында, Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Ростов-на-Дону, Новый Уренгой, Петропавловск-Камчатский, Благовещенск, Орынбор және Тобольск әуежайлары бар. 

Олигархтың компаниясы Орал әуежайынан халықаралық хаб жасамақ. Бірақ ол хабтың Ресейге қару немесе басқа да санкциялық өнімдерді заңсыз тасуға пайдаланбасына кепіл бар ма?

Қаржыгер Расул Рысмамбетов көршінің санкция астындағы компаниялары мен тұлғаларынан көш жер аулақ болу қажеттігіне назар аудартты. Оның үстіне шетелдік басқыншылық та әуе қақпалары арқылы жүретінін ұмытпаған жөн.

"Егер қазір Оралдың халықаралық әуежайы арқылы Ресей өзіне әлдебір санкциялық заттардың тасымалын жолға қойса, онда Қазақстанның әуежайы санкцияға тап болады. Биліктің бұған бей-жай реакциясы қайран қалдырады. Бұлар тіпті тұтас облысты Ресейге сата салуы мүмкін ғой. Жалпы, жаңа Қазақстан ескі Қазақстаннан көптеген активті алып қойды. Қалған активтердің бір бөлігі шіріген, қолға алса үгітіліп, сусып түскелі тұр. Сондықтан оны ешкім алғысы келмейді. Коррупцияның үрейлі тұсы осында: жекешелендіруді қалқан етіп, мемлекеттің активін алды, ойына келгенше пайдаланды, жарамсыз етті. Енді кім көрінгенге табыстай салады. Мұнай консорциумын мәжбүрлеп, Орал әуежайын жөндеуге 6,6 миллиард теңге шығын шығарыпты. Тек содан кейін ғана арзанға сата салды", – деп, Facebook парақшасында жазған экономист мұндай былықтарға қараудың өзі жиіркенішті екенін қосты.

Р.Рысмамбетов Орал халықаралық әуежайын санкциямен беделін былғаған орыс олигархына сатқан екен, онда ең құрығанда, одан қазақтың батыр қызының асыл есімін алып тастауды ұсынды. 

Виктор Вексельберг – Ресейдің ең бір бай олигархы саналады. Тіпті шетелдік активтерінің бір бөлігі бұғатталғанымен, оның байлығын Forbes 5,5 млрд долларға бағалады. Ол РФ басшысы Владимир Путиннің демеушілерінің, достарының бірі. Вексельберг 2018 жылдан бастап, Американың санкцияларына ілікті. Ал Мәскеу Украинаға шапқыншылықты бастаған соң, АҚШ пен Ұлыбритания оған қарсы қосымша санкциялар енгізді, мүліктерін тұтқындады.

Қазіргі кезде АҚШ-та санкцияға жауапты орган – Қаржы министрлігінің KleptoCapture (Ұрыны тұту) бөлімшесі орыс тілінде "решалы", ағылшынша "фиксер" аталатын, яғни қомақты сыйақыға ресейлік олигархтарға шетелдік санкцияларды орағытып өтуге мүмкіндік беретін делдалдарға қарсы жаңа майдан ашты. 

Американың осы ведомствоаралық оперативті топ, арнайы қызметтердің көмегімен таяуда РФ азаматы, Америкада тұрақты тұруға ықтияр хаты бар 70 жасар Владимир Воронченконы әшкереледі. Ол бір жағынан Виктор Вексельбергтің досы, іскерлік серіктесі. Екінші жағынан, Петербордағы Фаберже мұражайының директоры. Ал ресейлік әлгі миллиардер заманында шебер Фаберженің қолынан шыққан өнер туындыларын – жұмыртқа түріндегі зергерлік бұйымдарды тегіс дерлік сатып алып, жеке жинағын түзгені мәлім. Олигархтың ірі жылжымайтын мүліктері орналасқан Нью-Йорк пен Флоридада тұрған Воронченко қалқан ретінде ресейлік "Связь времен" мәдени қорына жетекшілік еткен. Бұл қордың да негізін Вексельберг қалады. 

АҚШ Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, Владимир Воронченко Вексельбергке америкалық мүлкін сақтауға және санкцияларды айналып өтіп, оларды пайдалануға мүмкіндік берген көлеңкелі схеманы жүзеге асыруға қатысты. Ресми айыптауда айтылғандай, В.Воронченко Вексельбергтің мүлкін ұстап тұрған және шығыстарын төлеген. Осы мақсатта 4 миллион доллар шығындаған. Фиксердің өзінің ресми табысы одан әлдеқайда аз болған. Бұған қоса, ол жалған фирмаларды қолданып, Вексельбергтің 2 жылжымайтын мүлкін сатуға талаптанды. 

Бүгінде Владимир Воронченкоға "санкцияларды айналып өту мақсатында ымыраласу" (2 бөлімнен тұрады) және "ақшаны жылыстату" (тағы 2 пункт) баптары бойынша айып тағылды. Бұлардың әрқайсысы 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бірақ олигархтың фиксері жауапкершіліктен құтылып кетті. 2022 жылғы мамырда өзіне қарсы іс басталғанын білген Вексельбергтің серіктесі дереу АҚШ-тан Дубайға ұшып, одан ары Мәскеуге оралды.

Вексельбергке қарайтын мәскеулік Renova Group – металлургиялық, тау-кен өндірісі, технологиялық және басқа салалардағы компаниялардың конгломераты. Ол 2018 жылдың сәуірінен бері америкалық санкциялар қыспағына түскен. Бұған Украинадағы қақтығыс емес, Кремльдің 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласуы себеп болған. Украинадағы соғыс басталған соң Құрама Штаттар ресейлік олигархтың Tango атты алып яхтасын және Airbus A319 ұшағын тәркіледі.

Соның қарсаңында 2008–2017 жылдар аралығында Вексельберг жалған фирмалар арқылы АҚШ-та қымбат жылжымайтын мүліктер сатып алды: Нью-Йорктің Парк-авенюінде кең сарайдай пәтер, Саутгемптонда жағалаудағы поместье, Флоридада "Миллионерлер аралы" аталып кеткен Фишер аралында баспана және пентхаус пәтер иеленді. 

Вексельбергтің анықталған жылжымайтын мүлкінің құнын құзырлы органдар 75 миллион долларға бағалап отыр. Бұларды сатып алу рәсімдері қаптаған "корпоративті шымылдырықтармен" жасырылған, адам емес, фирма атына сатып алынған. Олигарх көлеңкелі схемалардың майталман шебері саналады.

Мәселен, АҚШ Әділет министрлігі әшкерелегендей, Флорида штатының Майамиіндегі "Миллионерлер аралында" 2017 жылы пентхаусты орыс олигархының тікелей өзі емес, Бағам аралдарында тіркелген Voxi Management CORP 31,2 млн долларға алады. Ал Воксидің артында Панама елінде тіркелген Medallion Holdings Inc. компаниясы тұр. Айыптау қорытындысында көрсетілгендей, Medallion "Компания 1" деп шартты түрде белгіленген басқа панамалық компанияға тиесілі. Өз кезеніде мұның қожайыны "Fund 1" делінген басқа бір панамалық қор. Осы Қордың эксклюзивті бенефициары британдық Виргин аралдарында тіркелген басқа компания екені анықталды. Міне, соның жалғыз иесі Вексельберг көрінеді. Оның америкалық мүліктерін басқаратын Voxi және Medallion компанияларының да түпкі қожайыны – осы миллиардер. АҚШ билігі соларға қарасты жылжымайтын мүлік атаулыны бұғаттады. Алда оларды мемлекет меншігіне тәркілеу рәсімдері жүргізілмек. 

Олигарх АҚШ-тағы өз адамы В.Воронченкоға да тікелей емес, Бағам аралдарындағы Smile Holding Ltd бақылауындағы жалған компанияның есепшоттары арқылы қаржы аударып отырған. 

Айыптау құжаттарында В.Воронченконың Вексельберг командасындағы ұсталып қалған үшінші "фиксер" екені көрсетілген. Делдалдардың жалпы саны қанша екені, тиісінше олигархтың қанша дүниесі бар екені де нақты белгісіз. Мысалы, оның Орал әуежайына қол жеткізгенін біздің Үкіметтің кейбір мүшелері ақпарат құралдарынан ғана біліпті. 

Америка санкция астындағы Вексельбергтің табылған мүліктерін әлем бойынша іздеп, бұғаттауға кірісті. Мысалы, АҚШ олигархтың ұзындығы 78 метрлік, 90 миллион доллар тұратын Tango салтанатты кемесін испандық Майоркада (Mallorca) тапты. Кемені британдық Ричард Мастерс иелігіндегі испандық фирма басқарған. Бірақ АҚШ мамандары испандық сотта мұның Вексельберг санкцияға түсіп қалғаннан кейін құрылған жалған фирма екенін дәлелдей алды. 

KleptoCapture жедел тобы, АҚШ құзырлы органдары Вексельбергті індете отырып, Қазақстанға да шығып жатса, елдің халықаралық беделіне кетпес дақ түсуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу