Қазақстандағы Ресей азаматтары көмек сұрауда

2509

Елде қалған шетелдіктерге қатысты сан-салалы проблема туындады. 

Қазақстандағы Ресей азаматтары көмек сұрауда

Мемлекет пандемия және төтенше жағдай кезінде шетел азаматтары қиындықпен жалғыз қалмауы үшін жәрдемдесуде. Билік бұрын ешқашан болмаған жеңілдікке барды. Қазақстан жерінде болу мерзімі аяқталған өзге ел азаматтарын кері департациялау тоқтатылды. Бұдан бөлек, олардың мерзімі өтіп кеткен құжаттарының мерзімі де ұзартылғалы отыр. Осы орайда "Қазақстан азаматтарының және Қазақстан аумағында болатын өзге де адамдардың кейбір құжаттарын жарамды деп тану туралы" Үкімет қаулысының жобасы жарияланды.

Соған сәйкес, ТЖ кезеңінде, сондай-ақ ол аяқталған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде Қазақстан аумағында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен бірнеше құжат түрі тағы үш айға жарамды болады. Бұл құжаттар арасында кіруге және кетуге арналған рұқсат-визалар; Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттар; еңбек мигрантына берілген рұқсаттар; пана іздеуші босқын адамның куәлігі де бар.

Тіпті құқық не заң бұзушылық жасап, сот шешімімен елден аластатылуға тиіс тұлғаларға да қазақ жерінде ары қарай қалу мүмкіндігі берілмек.

"Виза алуды талап етпейтін тәртіпте келген, сондай-ақ Қазақстаннан шығарып жіберу туралы шешім қабылданған шетелдіктердің төтенше жағдай режимі кезеңінде мерзімі өткен Қазақстан Республикасында рұқсат етілген болу мерзімі төтенше жағдай режимінің мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік 60 күнге ұзартылсын", – делінген Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында.

Бірақ өзге ел азаматтары мұны да азсынады. Олар Қазақстаннан әлеуметтік қолдау көрсетуді талап етіп жатыр.

"Мен Ресей азаматтығын алып алған едім. РФ паспортына иемін. Бірақ елде қалып, "СевЕсильЗерно" компаниясында жұмыс жасап жатырмын. Төтенше жағдайдың жариялануы салдарынан тұрақты табысымнан айырылдым, өйткені жұмысқа шыға алмай отырмын. Кәмелетке жетпеген 2 балам бар. 42 500 теңге төлемге өтініш бердім. 42500.enbek.kz сайтында тексерсем, менің ЖСН-ым жеке куәлігімнің нөміріне сәйкеспейтіні туралы ескертпе шықты. Ресей азаматымын ғой, сондықтан РФ сыртқы паспортының нөмірін енгізгенмін. Неге екені белгісіз, жүйе қазақстандық құжаттарды ғана таниды. Өтінішті 6 сәуірде бердім, содан бері не бас тарту келмеді, не қаражат түспеді. Қауырт желілерге де хабарласып көрдім, жауап бермейді", – дейді Т.Колегова.

Ал А.Яроцкий өз жұбайымен бірге 2019 жылғы 11 қарашада солтүстік көршіге тұрақты тұруға көшіп кеткенін әңгімеледі. Алайда ол жақтан тұрақ таппай, 2020 жылғы 8 ақпанда Қазақстанға оралған.

"Нұр-Сұлтанның ХҚКО-сында Қазақстанда тұрақты тұру үшін қажетті барлық анықтаманы тапсырдық. Нәтижесінде, Толстой көшесіндегі пәтерімізде қайта тіркеліп, өзім де, зайыбым да Қазақстанның жеке куәлігін алдық. Бүгінде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табыссыз отырмыз. 42,5 мың әлеуметтік төлемге өтініш бергіміз келеді. Бірақ бере алмай жатырмыз, себебі Egov және басқа да жергілікті базаларда біз Қазақстаннан кетіп қалғандар қатарында тұрмыз. Сол себепті билік әлеуметтік төлем төлеуден бас тартады. Біз Қазақстанда бармыз, ал база "жоқсың" дейді. Неге әлдекімнің жайбасарлығы кесірінен біз зардап шегуіміз керек", – деп ашынады Яроцкий.

Мұндай негізсіз айыптаулар кейінгі кезде "экс-отандастар" тарапынан тым көп айтылуда. Олар Қазақстан азаматтығын тәрк еткен өздері кінәлі екенін мойындамайды. Соған қарамастан, мемлекет бұларға да қолұшын созуға тырысуда. Қайта оралып, азаматтықты қалпына келтірушілер мәселесін шешуді Ішкі істер министрлігі қарастырады.

Елде отырғанның ешқайсысы аштан өліп, көштен қалмайды. Заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіліп, коронавирус жұқтырған шетелдіктерді бюджет есебінен тегін емдеу де жолға қойылды. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған Батыста сақтандырылмаған шетелдікті індеттен емдеу – ақылы. Мәселен, FAIR Health ұйымының мәліметінше, Америкада медициналық сақтандыру полисі жоқ адамдар үшін коронавирустен емдеу 42 486-дан 74 310 долларға дейін түсуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар медициналық шығындардан қаржы үнемдеудің жақсы тәсілі – оқшауланып, сау қалыпта қалу екеніне назар аудартады.

Ал қазақ елі бөтенсің деп бетінен қақпай, ақы алып қанамай, рақым мен мейірім танытып отыр. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, елорданың өзінде Ресей, АҚШ, Ауғанстан, Украинадан барлығы 7 шетелдік коронавирустан емделді.

"Оның бесеуі сауығып шықты. Тек екеуі – америкалық ер және ауғандық әйел кісі ауруханада жатыр. Олардың ахуалы орташа ауыр деп бағаланады. Сырқаттар реанимациядан өтті", – деді С.Қисықова.

Қоғам белсендісі Диана Мұқанова басқа мәселені көтерді. Бұрындары ондаған мың қазақстандық шетел азаматтығын алды.

"Басым көпшілігі Ресей Федерациясының азаматтығын таңдады, біразы сонда тұрақты тұруға кетті. Алайда Қазақстанда олардың меншігінде жер телімдері қалды. Тіпті ауыл шаруашылығы жерлерін, жеке мал ұстауға арналған телімдерді астына басқаны жетерлік. Ол жерде жеке меншік құқығындағы тұрғын үйі, басқа ғимараты тұр. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Тұрғын үй тұрған жер учаскесін қалай мемлекет меншігіне қайтаруға болады?" – деп сұрады ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы Гүлжахан Бимендинаның түсіндіруінше, елімізде шаруа немесе фермер қожалығын, жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, орман өсiру, бағбандық жасау, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес құрылыстарды салу үшін қазақстандықтарға ғана жер жеке меншікке беріледі.

Ал егер осы адам Қазақстан азаматтығынан шықса, онда Жер кодексінің 23-бабының 2-тармағына сәйкес, сол жерлер, тіпті онда аталған құрылыстар салынып қойса да, меншіктен шығарылуы тиіс. Бұл ретте шетел азаматы атанған адамға ол жерді ондағы ғимаратпен не баспанамен бірге сатуға немесе қазақстандық саналатын туыс-туғаны, жора-жолдасы атына қайта рәсімдеуге рұқсат етіледі.

"Жер кодексінің 66-бабы бойынша шетелдік атанған азамат 3 ай iшiнде ол жерді өз иелiгінен шығаруға тиiс. Оны қаламаса, қайта ресiмдеуі керек. Мысалы, ақылы жер пайдалану құқығын рәсімдеуіне, қарапайым тілмен айтқанда, арендаға беруіне болады. Бұл талапты орындамаса, облыстың, қаланың, ауданның әкімдігі жер учаскесін қайтару туралы сотқа талап-арыз береді. Қалай болғанда, Қазақстан азаматтығын жоғалтқан адам жерге иелік ету құқығынан да айырылады. Демек, жерді қайтару мәселесі сол жер телімі орналасқан жергілікті әкімдіктің жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган құзырында", – деді комитет басшысы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу