Қазақстандағы Ресей банктері жабылғалы тұр ма?

4337

Халық ақшасын ала алмай жатқанына алаңдап, билікке шағымдануда. Егер қазақстандық банктерде ірі соманы алу үшін 1 күн бұрын тапсырыс беру жеткілікті болса, ресейлік еншілес банк бұл мерзімді 5 жұмыс күніне өсірген. Яғни, іс жүзінде кемінде 1 апта күтуге тура келмек.

Қазақстандағы Ресей банктері жабылғалы тұр ма?

Ресейдің еліміздегі еншілес банкі "Альфа-Банктің" клиенті Берік Жұмабаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға арызында банктің долларлық жинағын бермей жатқанына шағымданды. Батыстың санкциясы салдарынан бұл ресейлік банк еуро және доллар аясынан шығарып тасталғаны мәлім.

"Альфа-Банктің Маңғыстау филиалында валютадағы жинағым бар еді. Содан 7 мың долларымды шешіп алмақ болғанымда, проблемаға тап болдым. Маңдай тер, табан ақыммен тапқан адал ақшамды алайын демес, банк оны беруден бас тартты. Банктің дәйектеуінше, санкциялардың енгізілуіне байланысты проблема туындады, сонымен бірге банкте валюта жоқ. Шетелге шығуды жоспарлап отырмын, сондықтан бұл мәселемді қысқа уақыт ішінде шешіп беруіңізді сұраймын", – дейді Берік қаржылық реттеушіге хатында.

Ұқсас проблемаға кәсіпкерлер де кезігіпті. Мысалы, елордалық стоматологиялық клиниканың басшысы Әйгерім Жәнібекқызы да "Альфа-Банкте" компанияның қаражаттары қалып қойғанын, соның кесірінен материал жеткізушілермен есептесу және қызметкерлерге жалақы төлеу қиындағанын жеткізді. Ресейлік банк Visa және MasterCard жүйелерінен де шығарып тасталды, тиісінше, бұларда аталған карталар жұмыс істемейді.

Мұндай дабылдар жетерлік. Бұған қоса, "Альфа-Банктің" кредит беруді доғарғаны белгілі болды. Сонымен бірге қолма-қол ақша беруге және ақша аударуға шек-лимиттер енгізді.

"Қолма-қол ақшаны шешіп алуға және ақша аударуға уақытша шек-лимиттер енгіземіз, тәулігіне 2 миллион теңгеге дейін алуға болады. Кеңес береміз, егер алатын қаражатыңыз 2 миллион теңгеден асса, банкке алдын ала жүгіну және 5 жұмыс күн бұрын қолма-қол ақша беруге тапсырыс беру қажет", – деп хабарлады банк.

Жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру де уақытша, яғни белгісіз мерзімге тоқтатылды. Банктің мәліметінше, бұған дейін кредит алған клиенттердің пайыздық ставкалары бұрынғы деңгейде қалады, ал қолданыстағы келісімдердің шарттары өзгермейтін көрінеді.

"Альфа-Банк" Қазақстан ішінде теңгедегі аударымдар, интернет-банк стандартты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлім етті. Бірақ оған да лимит таралады.

Сарапшылардың дерегінше, қазіргі кезде еліміздегі үш ресейлік еншілес банктерден депозиттердің қазақстандық банктерге "ағып кету" үрдісі жалғасуда. Олардан тек қарапайым адамдар ғана емес, компаниялар мен дара кәсіпкерлер де салымдарын әкетіп жатқан көрінеді. Шектеу осы себепті енгізілуі мүмкін.

Кейінгі деректер бойынша Қазақстандағы ресейлік 3 банктен иелері жалпы сомасы 547 миллиард теңге жинағын алып кеткен. Бұл сома әрі қарай ұлғаюда.

Бірінші кредиттік бюро дерегінше, тек "Сбербанктен" клиенттер 327 миллиард теңгесін қазақстандық банктерге аударып алды.

"ВТБ-банктен" 141 миллиард теңге, ал "Альфа-Банктен" кем дегенде 78 миллиард теңге әкетілген.

Ресейлік банктер бүгінде безгек тигендей қалшылдауда. Ресейдің Украинаға соғыс ашуы салдарынан олар ауыр санкциялардың астында қалды, біразы SWIFT жүйесінен ажыратылды. Халықаралық төлем жүйелерінен тыс қалды. Барлық 3 халықаралық агенттік – Standard & Poor's, Moody's, Fitch ресейлік біраз банктің рейтингтерін қайтарып алды, яғни оларда қазір тіпті "қоқыстық рейтинг" те жоқ. Сарапшыларды түсіндіруінше, бұл "құнсыз, еш бағасы жоқ" дегенді білдіреді, сондықтан олардан инвесторлар теріс айналады.

Енді жинақты алуға шектеу қойғалы, клиенттер қаражатын бөліп-бөліп болса да, алып кетуге жанталасып жатқан көрінеді.

Экономист Алмас Чукин ресейлік банктердің клиенттерін функционалдың азаюы да үркіткенін ескертті. Ресейлік банктердің клиенттері Visa, Mastercard карталарын пайдалана алмайды, не шетелдік валютада депозит аша алмайды. Сондай-ақ валютада депозиттері барлар онысын қазіргі төмендеген бағаммен, теңгемен алуға мәжбүр.

"Енді бұлардың функционалына адамдардың көбінің көңілі толмайды. Тіпті банктегі жинағыңыз сол бұрынғыдай сақталғанымен, не халықаралық карталарды, не доллар мен еуроны пайдалана алмайсыз. Сондықтан клиенттер жаппай кетіп жатыр. Сонымен қатар ресейлік еншілес банктердің Ресейдегі бас банкіне, сондағы қожайындарына қатысты да проблемалар бар. "Альфа-Банктен" негізгі акционері шығып кетті. Санкцияға іліккен олигарх Михаил Фридман оның құрамынан шықсам, банк жазадан құтылатын шығар деп ойлаған, бірақ Батыс бәрібір "Альфа-Банкке" санкция салды", – дейді экономист.

Ресейлік банктердің клиенттері жинақтарынан қолма-қол ақшаны шетелдік валюта түгіл, теңгеде де ала алмай жатқанына шағымданады.

Егер клиенттің бәрі теріс айналса, кез келген банкке жабылудан басқа амал қалмайды. Бұл – бизнес заңы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу