Қазақстандағы ресейлік банктер неге банкрот болмады?

3263

Биылғы жылдың басында ғана отандық банк секторының лидерлері шыңына шығуға таяу қалған көршінің алпауыт 3 банкі қазір мүшкіл хәлде, пұшайман күйде. Олар алдағы қыркүйек айында жағдайларын түзей алмаса, жабылып тынуы мүмкін.

Қазақстандағы ресейлік банктер неге банкрот болмады?

Әлемде кез келген елдің банктік алпауыттарын кімнің бір шыбықпен жатқызып-өргізетіні белгілі болды, оған енді ешкім шек келтіре алмаса керек.

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) ресейлік Сбербанктің қазақстандық еншілес банкі үшін шамалы жеңілдік жасап, оны сату мерзімін ұзартты. Оған сәйкес Қазақстандағы Сбербанкке қатысты мәмілелер қазан айына дейін, яғни қыркүйекте толық аяқталуға тиіс. Атлант мұхитының ар жағындағы Америка Ресей Сбербанкінің қазақстандық еншілес банкіне Қазақстанда 2022 жылғы 11 қазанға дейін ғана еш шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат етті. Содан соң лицензиясынан айырылады. Осыдан кейін "кім босс?" екеніне қатысты пікір таластырудың өзі бос нәрсе болса керек.

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, Сбербанк Қазақстан тек 11 қазанға дейін штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Клиенттеріне сол мерзімге дейін ғана төлемдер мен аударымдарға қатысты операциялар қолжетімді болады.

Бүгінде банк дағдарған жағдайда Ұлттық банк дерегіне жүгінсек, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысында Сбербанк Қазақстанның төл капиталы минусқа кетті (-10,7 млрд теңге). Бұған қоса, 388,9 млрд теңге шығынға отырды.

Сбербанк Қазақстан 2022 жылғы 7 шілдеде акционерлерінің кезектен тыс жиналысын өткізуді жоспарлаған болатын. Онда банкті сату бойынша мәміленің шарттарын өзгерту, яғни тезірек өтуі үшін шарттарды жұмсарту мәселесі талқыланады деп күтілген. Алайда бұл мәселеде бірауыздылық болмады ма, әйтеуір жиналыс сол бойы өтпей қалды. Мұны осы қаржылық ұйымның баспасөз қызметі растады.

Әзірге ресейлік экс-алпауыт қанша ынтықса да, өтпей жатыр, сатып алушылар жоқтың қасы. Бұл жерде біздің жомарт Үкімет қайтадан көмекке келуі мүмкін. Бұған дейінгі жылдары ол БТА банк, Альянс банк, Қазком сияқты банкроттық құрдымына құлаған ұйымдарға Ұлттық қордың қаражатын құйған. Таяуда "Бәйтерек" мемлекеттік холдингі Сбербанктің қазақстандық еншілес ұйымын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны және басты үміткер болып табылатыны хабарланды. Бұл ақпарат сарапшылардың қатаң сынын туғызды.

Жалпы АҚШ ресейлік Сбербанкке қатысты биылғы 6 сәуірде зілбатпан санкциялар салып, оның шетелдік активтерін бұғаттап тастады. Банк SDN (Specially Designated Nationals) атты санкциялық қара тізімге енгізілді, оған сәйкес бұл ресейлік ұйыммен операциялар 2022 жылғы 12 шілдеге дейін аяқталуға тиіс болды. Санкциялар автоматты түрде оның Қазақстандағы, Украинадағы және Беларустегі еншілес банктеріне, сондай-ақ Sberbank Europe AG-ға таралды. Соңғысын еуропалық билік түбегейлі банкроттау туралы шешім қабылдады.

АҚШ Сбердің қазақстандық банкіне толығымен қазақстандық ұйымға айналуға қосымша уақыт беріп отыр. Қазақстан Үкіметі осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатқаны байқалады. Сбердің еліміз бойынша тармақталған желілері, инфрақұрылымы, қаптаған ұйымдары бар. Клиенттері қатарында министрліктер, әкімдіктер, мемлекеттік, ұлттық компаниялар бар. Көптеген кәсіпорындар да соған қарайды.

Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасамағанда, Батыстың ауыр санкцияларына душар болмағанда, сәл уақыттан соң Сбер "Халық банкін" қуып жетіп, Қазақстанның №1 банкіне айналуы ықтимал еді. Айтпақшы, банкрот болардан бір жыл бұрын, 2008 жылы БТА банкі де активінің, төл капиталының және таза табысының көлемі жөнінен №1 банк атанғаны мәлім.

Ұлттық банктің дерегінше, 2022 жылдың бірінші жартысында Сбербанк Қазақстан активінің көлемі жөнінен еліміздегі 22 банк арасында 2-орында тұрды. Активінің жалпы құны 4 трлн 221,5 млрд теңгеге бағаланған. Қазіргі құны белгісіз, әрі құлдырауда.

Атап өтетін жайт, қазақстандық банктер қазанды күтпей-ақ, қазірден бастап, ресейлік осы банкпен қарым-қатынасын үзуде. Нақтылай кетсек, жетекші екі банк – "Jusan Bank" пен "Forte Bank" Сбербанк Қазақстан клиенттерінен теңгедегі аударымдар мен төлемдерді де қабылдаудан түпкілікті бас тартты. Бұған дейін отандық және халықаралық барлық банктер ресейлік осы банктен шетелдік валютада аударымдар мен төлемдерді қабылдауды доғарған болатын. Яғни Сбербанктің тұйықтан шығарына сеніп, оны әлі күнге тәрк етпеген клиенттердің ол арқылы төлген төлемдері өтпейді, аударған қаражаттары жетпейді.

Ресейлік тағы бір банк – "Альфа банк" 905,8 миллиард теңге активімен 11-орында тұрған еді. Батыс оған қарсы санкция енгізген соң оның да акционерлері ұйымды саудаға қойды. Бұл ретте оның қожайындары үлкен икемділік танытып, үміткердің бірден ығына жығылып, құшағына қойып кетті.

Нәтижесінде, биылғы мамырда "Альфа банкті" "ЦентрКредит банкі" сатып алды. Оның қаншаға сатылғаны жария етілмеді, жасырын. Бірақ пайдаға шыққаны анық. Ізінше "Eco Center Bank" 2019-2021 жылдар үшін акциялары бойынша жаңа қожайынына жалпы сомасы 50 миллиард теңге дивиденд аударған.

Бір белгілісі, мәміле OFAC бақылауымен және келісімімен жүргізілген. Ал Қаржылық реттеу агенттігі оның ресейлік атауын жойып, жаңаша атауға тез арада рұқсат етті. "Альфа банк" орнына "Eco Center Bank" атты жаңа банк пайда болды. АҚШ оны SDN санкциялық тізімінен шығарды.

Үшінші ресейлік банк – негізінен заңды тұлғаларға, ірі клиенттерге бағдарланған "ВТБ банк" те соғысқа дейін 506,3 миллиард теңге активімен отандық банктердің жиырмалығына еркін кірді (13-орынға жайғасқан еді). Батыс санкция құрсауына алғанда Ресей мемлекетінің қатысуымен құрылған ВТБ-ның қазақстандық еншілес банкі болашаққа үлкен оптимизммен қарады. Артынша банк қосымша қаржыландырылды, тиісті нормативтерге сәйкес келтіріп, қазақстандық нарықта қызметін жалғастыруға жағдай жасалды.

РФ Қаржы министрі Антон Силуановтың мәліметінше, шілде айында федералдық бюджет бір ай үшін рекордтық 892 миллиард рубль тапшылыққа тап болған.

Дегенмен Кремль оны өз меншігінде сақтап қалуы ықтимал. Себебі ол арқылы Ресей Қазақстандағы елшілігінің, бас консулдықтарының, мемлекеттік құрылымдары мен қаптаған қоғамдық ұйымдары өкілдіктерінің есепшоттарына қызмет көрсетеді, сол арқылы қаржыландырады.

KASE "Сбербанк Қазақстан" мен "ВТБ банкті" қазақстандық биржада мәмілелер жасасудан – валюта сатып алудан және құнды қағаздарын саудалаудан аластатты.  

Қалай болғанда, бүгінде ресейлік банктер тағы бір рейтінгтің шыңына ұмтыла бастады. Олар проблемалық кредиттер жөнінен көшбасшылар қатарына шығуы мүмкін. Өйткені халық – ипотекасын, тұтынушылық және басқа кредиттерін, ал бизнес – заемдарын өтеуден бас тарта бастағаны байқалады.   

Ұлттық банктің дерегінше, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында банктерде несиелер бойынша төлеу мерзімі өтіп кеткен борыштардың жалпы көлемі бірден 100,8 миллиард теңгеге өсіп шыға келді. Нәтижесінде, 2022 жылғы шілдедегі жағдай бойынша төлем төленуі тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен берешектің жалпы сомасы 769,7 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп биылғы 1 қаңтардағыдан 15%-ға немесе 100,8 млрд теңгеге ұлғайған.

"Улы" несиелердің көптігі жөнінен түрік банкінің еншілес ұйымы "KZİ Bank" алдына қара салмайды. Мерзімі өтіп кеткен борыштың үлесі – барлық кредиттерінің 13,71%-ына (11,6 млрд теңгеге) тең. Бірақ сомасы жөнінен Jusan Bank-те көп – 128,7 млрд теңге (11,24%). Сбербанкте – 96 млрд теңге (6,46%-дан астам). ВТБ банкте – 8,4% (9,8 млрд теңге), Eco Center Bank-те (бұрынғы Альфа банк) – 8,37% (13 млрд теңгеден астам), Еуразиялық банкте – 6,39% (60,5 млрд), Нұрбанкте – 5,81% (16 млрд тенге). Қалған банктерде 4-5% айналасында.

Ресей әскері Украинаға баса-көктей енгенге дейін ресейлік банктердің кеудесіне нан пісті, азуын айға біледі, өршіл мақсаттар қойып, өзге бәсекелестерін нарықтан ысырды. Мысалы, Сбербанк тіпті Қазақстанның eGov.kz порталын "GovTech" төл цифрлық тұғырнамасымен ауыстырмақ болды. Былтырғы күзде Қазақстан Үкіметі "Сбер" компаниялар тобымен тиісті меморандумға қол қойды. Егер соғыс болмағанда, ол жоба жүзеге асатын еді. Енді ел Үкіметі санкция астындағы залалды компанияның бұл қызметінен бас тартып отыр. Ресейлік қаржылық институттар Қазақстанда жасанды интеллектерін енгізуге құлаш ұрды. Олардың отандық нарықты одан әрі жаулай беретініне, ен жайлайтынына бірде бір сарапшы шүбәланбайтын. Бірақ соғыс басталғалы алты айға толар-толмас уақытта үш алпауыт та жайрап қала жаздаған жайы бар. Олардың тағдыры жыл соңына қарай түпкілікті анықталып қалуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу