Бір кездері ел астанасы болған Қызылорда қаласының бүгінгі күні қарқынды құрылыс алаңына айналғаны рас, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы орайда, сырбойылық инженер-құрушы Бекназар Әбсадықов inbusiness.kz сайтының тілшісіне облыс орталығының әлі де келбеті келісті, сәулеті сәнді болуы үшін бірқатар өзгеріс енгізу керегін айтты.
– Кісіні көргенде, оның әуелі жүзі мен сырт киіміне қарағанымыздай, сырттан келгендердің де көзі бірден қаланың сәулеті мен көркемдігіне түседі. Сондықтан, қаланы сәнді-сәулетті, көгалданған әрі көрікті де көркем етуіміз керек. Бірақ, Қызылорда қаласының құрылыс "генпланы" (бас жоспары – ред.) дұрыс бекітілмей, орталыққа бір қабатты жеке үйлер түсті. Осылайша, әркім қалаған жерге ойланбастан үй салып, біз қала сәулетін бұзып алдық. Мұстафа Шоқай мен Астана даңғылы, тағы да басқа көше-даңғылдар бойына бір қабатты жеке үйлер салынып кетті. Ал, бұндай даңғылдарға бірі-бірінен өтетін әсем, әртүрлі және биіктігі бір деңгейдегі бес қабатты үйлер құру керек еді. Мысалы, қала ортасына тым аласа екі-үш қабатты үйлерді тұрғыза берсек, қала жайылып, тым кеңейіп кетеді. Кейін оларды сүріп, орнына биік үйлер салуға тура келеді. Сондықтан, үлкен көше бойына аласа үйлерді құруға рұқсат бермеу керек. Бес қабатты үйлердің бірінші қабаты сауда мен өнеркәсіп орындарына арналса, оның маңдайшасына жазылған түрлі-түсті жазулар түн мезгілінде қаланы өзі-ақ безендірер еді. Бір типтегі көпқабатты үйлер мөлтек аудандарға сай келеді. Автокөліктің бұрылыс жолдарында көп уақыт жоғалтамыз. Түбінде жолға бөгет болған аласа үйлерді сүруге тура келеді, – дейді ол.
Шыны керек, соңғы жылдары кейіпкеріміздің айтқанындай, шаһардағы ірі көшелер бойында 5 қабатты үйлер көптеп бой көтеруде. Мұның өзі жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанға ұқсайды.
– Бес қабатты үйлерге жеделсаты орнатып және пәтердің бөлмелері ұлттық талапқа сай болуын қамтамасыз ету – заман талабы. Осы үйлер ыстық пен суыққа пана болады және энергияны үнемдейді. Аса зәулім үйлер арнайы таңдалған жерлерге құрылса, әйдік архитектуралық ансамбль қала сәулетін көтереді. Қызылорда қаласындағы ең ірі сауда орталығы маңында өзен-көл бар, сол жерге жағалай аса зәулім үйлер салынса, жан-жағы жол арқылы жарқырай көрінеді, – деп сөзін жалғады инженер-құрушы.
Бекназар Әбсадықов облыс орталығына бес қабаттан артық үйлер салудың қажеті жоқтығын ашық айтып отыр. Бұған қарсы айтар уәжі де табылады.
– Бес қабаттан артық биік тұрғын үйлер нақ бізге қажет емес. Егер қала кеңейіп, жер тарылып бара жатса, онда кең жеріміздің бос аймақтарына жаңа қалалар көтеру мақсатқа өте сай келеді. Бұны қешікпей қазір де құрып бастау керек. Техникалық жағынан тым биік үйлердің жоғары қабатына төмен қысымды газ бен суды көтеру мәселесімен қатар өрт қаупі бар. Әрі ондай үйлер біздің ерекше ұлттық жағдайымызға қарсы. Бұрын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (ГАСК) деген құрылыстық орган болатын. Онда ғимарат жобасы сараптамадан өтіп, содан соң ғана жобаларды қала құрылыс кеңесінің хаттамасында бекітуі арқылы құрылысқа рұқсат етілетін. Қазір әркім өз қалауынша ғимарат құрып, қаланың сәулетін бұзды. Архитетура бұл – өнер. Сондықтан, қаланың тез кеңеюіне байланысты аласапыранға жол бермей, оның перспективалық жаңа бас жоспарын жасап бекіту керек. Қала бес қабатты үйлермен жұлдызша кеңейсе әрі оның аралығы жеке үйлер және көгалды болса, таза ауа сақталады. Бұл болашақ метрополитен үшін де ыңғайлы саналады. Әуелі көп ұзамай облыс халқы, сосын қала халқы миллионнан асады. Сол себепті шаһардың алыс шығысынын батысына дейін тура бір бағыт метрополитені құрылса, жаздың шыжыған ыстығы мен қыстың желді аязының және ауыр экологиялық климаттың азабын тартқан халықтың еңсесі бір көтеріліп қалар еді. Міне, метро осындай қажеттікке байланысты пайда болады, – дейді ол ұсынысын үсті-үстіне айтып.
Құрылыс саласының майталманы үлкен ғимараттар төбесін сыртқы күштер әсерінен ауытқымауы үшін оларды "Х" тәрізді мықты етіп байлап қоятын шақты есіне алды.
Ол қала бойынша мұндай байлау (связь) үлкен сауда орнында, яғни бір-ақ жерде ғана бар екенін айтып отыр. "Қалаға көрік беруде көгалдандыру мәселесінің де маңызға ие" деп есептейді.
– Биік өскен ағаштар қалаға көрік берумен қатар, күннің ыстығы мен суық желіне пана болып, ауаны тазартады. Үй жиһаздары мен құрылысқа қажетті теректің оқтай түзу өсетін сортын қала мен далаға өсіру керек. Оған қоса емен, шынар және қарағай ағашын молынан отырғызсақ, қаламыз көгалданған көркем рең алады. Ал, құмды жерлердің топырағын ауыстыру қиын мәселе емес. Жанға жайлы көркем климатта еткен еңбек өнімділігі де арта түседі, – деп сөзін қорытындылады кейіпкеріміз.
Әлбетте, инженер-құрушы Бекназар Әбсадықовтың пікірі көпшілікті ойландырары анық. Құрылыс саласының маманы сөз арасында "мұның бәрі – жанашырлықтан айтылған ой" деп қалды. Шынымен, естуші қоғамда сала ардагерлерінің пікір-ұсынысы ашық айтылуы тиіс. Ал, оның ақылға қонымдысын, пайдаға асатынын "түртіп алу" – жауаптылардың жұмысы сияқты.