Қазақстандағы уран өндірісі жайлы не білеміз?

30191

Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. 

Қазақстандағы уран өндірісі жайлы не білеміз? Фото: kazatomprom.kz

Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі – уран өндірісі. Еліміз уран өндіруден әлемде бірінші орында, ал уран қоры бойынша екінші орында. 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл – әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. Міне, әлемдік уран өндірісінің осыншама бөлігі Қазақстанға тиесілі. "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атам компаниясы" акционерлік қоғамында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік "Қордай" кен орны 1951 жылы барланған. Ал 1960 жылдардың соңында Қазақстанның оңтүстігінде "Шу-Сарысу", "Іле" және "Сырдария" уран кеніштері анықталды. Бұл аумақтар уран қоры бойынша әлемдегі ең ірі өңірлерге айналды.

 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік балансындағы уранның көлемі – 450 000 тоннадан астам. Ол барлаудан өткізілген 26 кен орнын құрайды. Соның ішінде 14 кен орнында "Қазатомөнеркәсіп" жұмыс жүргізеді.

Уран өндірудің негізгі әдісі – жер асты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) деп аталады. Бұл әдіс әлемде алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қолданылып, 2017 жылы жер шарындағы уран өндірісінің 50 пайызы осы әдіспен өндірілді.

Айта кету керек, бұл әдістің кең тарауының басты себептердің бірі – оның қарапайым, қауіпсіз, әрі арзан болуында. Соның арқасында еліміз кен орындарын игеру барысында уранның өзіндік құнының ең төмен көрсеткішіне қол жеткізген.

Уран кен орындарын шахталық және карьерлік әдістерге қарағанда, ұңғымалы шаймалау әдісімен игерудің жер қыртысына теріс әсері жоқ деуге де болады. Сала мамандары өндіріс салдарынан жердің шөгіп, топырақ бұзылмайтынын және жердің бетінде үйінділер қалмайтынын айтады.

Біздің бағымызға орай жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен игеруге жарамды әлемдік барланған уран қорының 65 пайыздан астамы Қазақстан аумағында орналасқан.

 

"Жер асты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіру әдісі дәстүрлі шахталық немесе карьерлік әдістерге қарағанда қоршаған ортаға кері әсері төмен. Ал металлды өндіруде құмның аз болуы оның ерекшелігі болып табылады. Бұл әдіс бойынша біз су ерітіндісі немесе зауыттан келетін балама ерітіндіні күкірт қышқылымен күшейтіп, құбырлар арқылы айдау ұңғымасымен жер қойнауына жөнелтеміз. Сол жер қойнауында түрлі химиялық әдістер жүреді. Кен орнындағы уран қатты күйден сұйық фазаға өткеннен кейін оны ұңғымалар жер бетіне тартып алады. Әрі қарай құбырлар арқылы өңдеу зауытына жіберіледі", – дейді Түркістан облысындағы "Инкай" кен орнының геотехнология алаңының басшысы Ардақ Оспанов. 

Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстарында өндіріледі. Өндіріс үрдісі бірнеше кезеңнен тұрады. Жер астынан тартып алу ең алғашқы қадам.

"Уран өндірісі үш кезеңмен жүргізіледі. Олар – бұрғылау, өндіру және өңдеу сәттері. Өндіріс 300-350 метр тереңдікте орналасқан уран кен орындарын бұрғылаудан басталады. Ондаған технологиялық қондырғылар жұмыс атқарады, мұнда 1000-нан астам ұңғыма іске қосылады. Айдау ұңғымаларын шаймалау жұмысы экологиялық таза әдіспен жүзеге асырылады және оның бәрі жер бетіне құбыр арқылы көтеріледі. Экологиялық тұрғыдан алғанда бұл әдіс ашық түрде немесе шахталық өндіріс әдістермен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз", – дейді "Орталық" өндіруші кәсіпорнының бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ғалым Нұралиев.

Жыл сайын бір ғана өндіріс аймағының өзінде 900-1000 жаңа ұңғыма іске қосылады. Өндіріс аумағы тоқтаусыз кеңейіп отырады. Қазақстанда жергілікті климатқа байланысты құбырлар жер беті деңгейінен төмен жатады, сондықтан қыстың аязында сұйықтық қатпайды. Ал барлау жұмыстары біткен соң алғашқы уранды өндіргенге дейін небәрі 1 айдан астам уақыт кетеді екен.

"Бір ұңғыманы бұрғылау 3-3,5 күнге созылады. Бұрғылаудың күрделілігі де осында. 3 күннен кейін ұңғыма дайын болады. Әрі қарай байлау кезеңі, технологиялық процеске қосылу кезеңі, қышқылдандыру кезеңі болып жалғасады. Қышқыл таза түрде емес, аралас күйде беріледі.  Шамамен 30-35 күннен кейін уранды жер бетіне жеткізуге болады", – дейді "Орталық" өндіруші кәсіпорнының бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ғалым Нұралиев.

Жер астынан шығарылған уранды сары ұнтақ күйге дейін жеткізіп, әрі қарай өңдеу зауыттарына жібереді. Олар Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Халықтың көкейінде жүрген маңызды сұрақтардың бірі – өндіріс аяқталған соң бұл жер адам өміріне қауіпті болмай ма деген өзекті мәселе. Бұл сұрақты маманға қойған болатынбыз. Онымен қоса әрбір өндіріс алаңының  жойылу мен залалсыздандыру уақыты белгіленеді екен.

"Кеніштердегі жұмыс 30-40-50 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Жұмыс бастапқы келісім-шартқа және уран қорының көлеміне қарай жоспарланады. Кен орнында өндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін рекультивация жүргізіледі. Жер үсті инфрақұрылымы, құбырлар түгел жойылады. Топырақ тексеріледі. Әдетте ластану болмауы тиіс. Алайда ластану анықталса, топырағы таза қабатқа дейін алынып тасталады. 3-5 жылдан кейін жер толығымен қалпына келеді. Нәтижесінде бұл жер бұрын-соңды ешкім болмағандай өзінің табиғи күйіне келеді", – дейді Ғалым Нұралиев.

2020 жылы "Қазатомөнеркәсіп" уранды аффинаждау және конверсиялау бойынша CAMECO технологияларына қол жеткізді. Сәйкесінше уран өндірісінде тағы бір қосымша құн қосылып, кіріс артады. Алайда уранды байыту технологиясы әлі күнге дейін бізге қолжетімсіз болып тұр. Қазақстан бұл процесс үшін өңделген уранды солтүстіктегі көрші елге жіберіп, Ресейдің уран байыту жобасына қатысып келеді. Ал уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді. Сонымен қатар Үлбі металлургия зауытының  базасында қытайлық CGNPC компаниясымен бірге отын құрамаларын өндіру жобасы қолға алынған.

Бүгінгі таңда "Қазатомөнеркәсіп" Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада және де басқа елдерге сатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу