Қазақстандағы ұшақтар қаншалықты қауіпсіз?

1207

Жақында әуе компаниялары мен олардың өнімдерінің қауіпсіздігіне баға беретін әлемдегі жалғыз сайт – AirlineRatings.com 385 компанияның ішінен 2024 жылғы ең қауіпсіз 25 әуе желісінің рейтингін ұсынған болатын. 

Қазақстандағы ұшақтар қаншалықты қауіпсіз? Фото: inbusiness.kz

Үздіктер қатарына Еуропа, Азия, АҚШ пен Түркия елдерінің компаниялары кірді. Олар ұшу қауіпсіздігі, инновация мен жаңа ұшақтарды іске қосу бойынша теңдесіз деп танылды. Қазақстан әуекомпаниялары бұрыннан сайт бақылауында болғанымен, топ жарғандар арасынан көрінбей келеді. Осы тұста inbusiness.kz тілшісі авиациялық сарапшы Абыл Кекілбаевпен тілдесіп, қазіргі авиация жағдайынан хабардар болды. 

Бірер күн бұрын AirlineRatings.com жыл қорытындысын жасап, келер жылы ең қауіпсіз 25 әуе желісінің рейтингін жариялады. Олардың қатарына: Air New Zealand, Qantas, Virgin Australia, Etihad Airways, Qatar Airways, Emirates, All Nippon Airways, Finnair, Cathay Pacific Airways, Alaska Airlines, SAS, Korean Air, Singapore Airlines, EVA Air, British Airways, Turkish Airlines, TAP Air Portugal, Lufthansa/Swiss Group, KLM, Japan Airlines, Hawaiian Airlines, American Airlines, Air France, Air Canada Group және United Airlines кірді.

AirlineRatings.com бас редакторы Джеффри Томастың сөзінше, бұл әуе компаниялары ұшу қауіпсіздігі, сондай-ақ инновация мен жаңа ұшақтарды іске қосу жағынан теңдессіз саналады. Сонымен қатар, әуе желілерінің қауіпсіздігі рейтингін жасағанда редакторлар кейінгі бес жылдағы әуе апаттарын, екі жыл ішіндегі келеңсіз оқиғаларды, авиация саласындағы жетекші органдар мен алдыңғы қатарлы қауымдастықтардың тексерісін, мемлекеттік тексеріс, флоттың жасы мен жазғы құрам дайындығын талдаған. 

Біздің әуе компанияларымыз байырдан сайт бақылауында болғанымен, көшбасшылар қатарына ілінбей келеді. Сарапшы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, мұндай үрдістің себебі жалпы қазақстандық авиация қауіпсіздігіндегі мәселелермен тікелей байланысты. Әр талапқа жеке-жеке тоқталып, байыбына барып көрелік.

Біріншіден, біздің әуе компаниялар қаншалықты қауіпсіз? Сарапшы бұл сұраққа үзілді-кесілді жауап бере алмайтынын айтып, әуе компанияларының қауіпсіздігінен гөрі жалпы авиацияның жағдайына назар аударуды ұсынды.

"Мен қазақстандық әуе компаниялары қауіпті не қауіпсіз деп кесіп айта алмаймын, бірақ олар ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізіп, оған жүйелі түрде бағынып келеді – көңіл көншітерлік жағдай. Үкімет те көктемде ұшу қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік жоспарды жаңартты, алайда әдіснама мен жеке статистикалық есептеулерге қатысты бірқатар сұрақтар бар. Сондықтан жалпы азаматтық авиация саласында болып жатқан жайттарды ескерсек, мен қауіпсіздікке қатысты үзілді-кесілді шешім шығара алмаймын. Біздің авиакомпаниялардың ұшу қауіпсіздігінің деңгейін объективті бағалау үшін тасымалдау көлемін және маршруттық желіні ұлғайту қажет. Әдетте рейтингтерде бәрімізге мәлім, белгілі бір критерийлер бар, мәселе солар бойынша көшбасы болу емес, жалпы ұшу қауіпсіздігі мәдениетін дамытуда болып тұр", – деді Абыл Кекілбаев.

Соңғы үш жылда ұшақ апаты тіркелмеген

Рейтингтің негізгі критерийлерінің бірі – кейінгі бес жылдағы әуе апаттары болғандықтан, сандарға көз жүгіртсек. ҚР Азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі бойынша талдауына сәйкес, 2022 жылы (2023 жыл бойынша талдау жарияланбаған – ред.) Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде азаматтық авиация әуе кемелерімен адам өліміне әкелмеген 2 апат және 84 авиациялық оқиға тіркелген. Соңғы 12 жылда 22 әуе апаты болды десек (орта есеппен жылына 1,8 апат), адам қазасына әкелген соңғы ұшақ апаты 2019 жылы тіркеліп, талдау статистикасы бойынша 4 адам мерт болған.

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, Қазақстан әуе кеңістігінде нақты қанша апат пен келеңсіз жағдайлардың болғанын соңғы кездері анықтау қиын болып бара жатыр, мұндай ақпараттың қайнар көзі – Ұшу қауіпсіздігі бойынша есеп ашық көздерде жарияланудан қалған. 

"Бұрын мемлекет атынан жыл сайын Ұшу қауіпсіздігі бойынша есеп жарияланып отыратын. Сол есепте барлық қажетті ақпарат пен авиациялық оқиғаларды тергеу нәтижелерінен шыққан ұсыныстар берілетін. Алайда кейінгі кездері аталмыш есепті көзім шалмады. Сондықтан көп оқиғаларға қатысты сұрақтар жауапсыз қалып отыр", – деді сарапшы.

Ал өткен 2023 жылы болған әуе кеңістігіндегі оқиғаларға тоқталар болсақ, сарапшының айтуынша, тек техникалық мәселелерге қатысты бірер жағдай тіркелген.

"Жақында Airbas-тың 320 neo бортында Pratt and Whitney қозғалтқыштарымен проблемалар туындағанын құлағым шалды, қазір авиакомпания өндірушімен осы мәселелерді шешіп жатыр. Сонымен қатар, Boeing компаниясында 737 MAX-пен қиындықтар туындады, бірақ олар да тиісті бюллетеньдер шығарды және жағдай шешілген сияқты. Олардың ұшақтарын SCAT басқарады. 

Тағы бір мәселе Boeing 737MAX9-тің белгілі бір моделіне қатысты шу шықты, алайда біздің авиациялық билік органдарының айтуынша, олар бұл мәселе бойынша тікелей өндіруші зауытпен байланысып, аталмыш модель SCAT ұшақтар есебінде жоқ екенін жариялады", – деп түсіндірді сарапшы.

Жоғарыдағы талдау нәтижелеріне сенсек, соңғы үш жылда оң үрдіс сақталып, ешқандай ұшақ апаты тіркелмеген. Мұндай ақпарат Мемлекетаралық авиациялық комитет есебінде де көрсетілген: 2022 жылы Азаматтық авиация жөнінде келісімге қол қойған мемлекеттер азаматтық авиациясында барлығы 39 жағдай, оның ішінде 28 адамның өліміне әкелген 15 апат болған. Ұшақ апатының дені – 13 жағдай Ресей Федерациясында тіркелген, ал 4 адамның өліміне себеп болған қалған екі апат Беларусь пен Молдова елінде болған. Қазақстан мен Қырғызстанда адам шығынысыз бір оқиға ғана тіркелген. 

Мемлекеттік бақылау 

Жалпы біздің елде ұшу барысындағы авиациялық қауіпсіздік пен техникалық бақылауға 2019 жылы құрылған "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" жауап береді. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 2023 жылы авиакомпаниялардың ҚР Азаматтық авиация саласындағы заңнамасы мен ИКАО стандарттарына сәйкестігіне 122-ден астам түрлі тексерулер жүргізді. 

Сонымен қатар әуеайлақтарда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуеайлақ пайдаланушыларының сертификаттау талаптарына, халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеруге ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта отандық 24 әуеайлақ (әуежай) Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторлары сертификаттауынан өткен.

"Мемлекеттік бақылауды тұтастай алғанда, жүйе енді жақсарып келеді және екі жақтан да сұрақтар туындары сөзсіз. Бірақ бүгінгі күні мәселелер пысықталып, заңнаманың кемшіл тұстарына өзгерістер енгізілуде. Авиациядағы заңдар мен ережелер, өкінішке орай, қанмен жазылады, сондықтан мен авиациялық оқиғалар мейлінше болмаса деп тілеймін. Ол үшін, әлбетте, ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау тиісті деңгейде болуы керек", – деді спикер.

Ұшақтар саны мен сапасы

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, бұл тұста қазақстандық компаниялар кенже қалған жоқ, әуе флоты жеткілікті деңгейде заманауи.

"Менің білуімше, қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелерінің паркі 89-дан 98 бірлікке дейін өсті – бұл тұрақты жолаушылар тасымалын орындайтындар. 

Air Astana және олардың Fly Arystan лоукостерінің флоты 49 ұшаққа дейін ұлғайды. Ұшақтардың орташа жасы – шамамен 5-7 жыл. Qazaq Air – 5 борт, компанияның ұшақтарының орташа жасы шамамен 7 жыл.

Сондай-ақ, SCAT әуекомпанияның 37-ге жуық борты бар және олардың орташа жасы айтарлықтай төмендеді, өйткені соңғы екі жылда авиакомпанияның флоты 12 жаңа ұшақпен толықтырылды. Сондықтан біздің әуе кемелер айтарлықтай замануи деуге болады.

Алайда, біздің авиакомпаниялар АҚШ сияқты алыс елдерге тоқтаусыз ұшуға қабілетті ұзақ мерзімді әуе кемелерін сатып алған жоқ. Сатып аламыз деп жүргенімізге 10 жылдан асты, болашақта біздің авиация аясын кеңейтетін жаңа бағыттар ашылады деп үміттенемін", – деді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу