Қазақстандағы жер сілкінісіне қатысты жаңа ақпарат белгілі болды

1030

Жауапты мекемелер салғырттықтан арыла алмай жатыр.  

Қазақстандағы жер сілкінісіне қатысты жаңа ақпарат белгілі болды Фото: Inbusiness.kz коллажы

Қазақстан территориясының үштен бір бөлігінен астамы зілзала нәубеті төніп тұрған қауіпті аймақ саналады. Алайда Президенттің өткір сыны мен қатаң ескертуінен бері екі жарым жылдан астам уақыт өтсе де, азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесі баяғы жартас – сол жартас күйінде қалып тұр. Шенеуніктер барлық міндет-тапсырманы шұғыл әрі тап-тұйнақтай орындап тастау орнына сол бұрынғыдай "кезең-кезеңмен жүзеге асыру" деген шабан қимылмен, жайдақ есеппен бас амалдап келеді, деп жазды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Мегаполистегі дүрбелең Президенттің қаһарын туғызды

Бәрі 2024 жылғы 25 қаңтарда басталып еді. Алматыны дүр сілкіндіріп, халықтың зәресін ұшырған жер асты дүмпулерінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең ірі қаласына жедел жетіп, сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша шұғыл жиын өткізген еді.

Мемлекет басшысы соңғы 5 жылда сейсмостанциялар 45 мыңнан астам жерасты тербелісін тіркегенін, апат қаупі күн санап артып келе жатқанын нықтады. Бірақ сын сағатта инфрақұрылым сыр берді.

"Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. 2021–2023 жылдарға арналған Қазақстанның сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кешені аясында, Алматыда жойқын жер сілкіністері туралы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс-ақ. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға антикоррупциялық агенттікпен бірлесіп, бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады, – деп кейіді Мемлекет басшысы.

Ол ТЖ-ның алдын алу және салдарларын жою жүйесінің материалдық-техникалық базасының мүшкілдігін де қатты сынады. Сейсмикалық мониторинг желісінен бастап, құтқару бөлімшелерін заманауи техникамен, жабдықтармен және киім-кешекпен қамтамасыз етуге дейін ақсап тұрғанын нұсқады.

Алматы, Шымкент және 12 облысты қамтитын "Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС-нің 70 сейсмостанциясының 6-уы мүлдем істемей тұрған. Ал, мамандардың есебінше, ел аумағында қосымша 285 сейсмостанция орнату қажет.

Сөзінің түйінінде Президент өте ащы салыстыру жасады: қиядағы Google сервисі алматылықтарға жер сілкінгенге дейін бірнеше секунд бұрын ескерту жібергенде, "біздің жүйелер тіпті мұны да істей алмады". Үкіметке мониторинг пен болжау жүйесін түбегейлі жақсарту, ТЖМ-ге өз жұмысын "сыни тұрғыдан қайта қарау" жүктелді.

Шенеуніктер ЖИ-дің көмегіне жүгінуде

Өткір сынға Үкіметтің жауабы – 2024–2028 жылдарға арналған сейсмология саласын дамытудың жаңа "Кешенді жоспары" болды. Бір қарағанда, ол сырты бүтін, іші мазмұнды құжаттай: өзі ел аумағындағы сейсмикалық тәуекелдерді бағалау, болжамды залалды есептеу, мониторинг желісін кеңейту және ұлттық орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша 52 іс-шараны қамтиды.

Ол қабылданғалы да 2 жыл өтті. Нақты нәтиже қандай? Жоспарланған жұмыстың жартысы да орындалмағаны енді белгілі болды. 52 іс-шараның тек 22-сі ғана аяқталған. Қалғаны "жүзеге асыру кезеңінде" қалып қойған, мерзімдері де үнемі шегеріліп келеді. Шенеуніктер нақты нәтиже көрсетудің орнына жоспардың өзін "өзектендірумен", қайта кесіп-пішумен әуре.

"Қазіргі кезде Кешенді жоспардың 22 іс-шарасы орындалды, қалғандары белгіленген мерзімдерге сәйкес іске асыру сатысында. Оның аясында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сейсмология және сейсмотөзімді құрылыс саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, сейсмикалық мониторинг жүйесін модернизациялау және цифрлық шешімдерді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге, Кешенді жоспарды іске асыру тиімділігін одан әрі арттыру, заманауи цифрлық шешімдерді, соның ішінде ЖИ (жасанды интеллект) элементтерін енгізу үшін бүгінде мүдделі меморгандар оны өзектілендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Бүкіл елге 7-ақ карта: аймақ басшылары неге елге енжар?

Бұған дейін, 2026 жылдың маусымында ескі, қос палаталы Парламенттің депутаттары өкілеттігі аяқталар тұста осы мәселені көтеріп, Үкіметке қайта жүгінген болатын. Олардың хатында планетада жоғары сейсмикалық белсенділіктің басталуы, Қазақстанда урбанизацияның белең алуы және құрылыстың бейберекет жүргізілуі жағдайында әсіресе, Алматы мен Алматы облысына орасан зор қауіп төніп тұрғаны атап көрсетілген. Парламентшілер "сейсмоқауіпті өңірлерді сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарын әзірлеу мен енгізуді тездетуді" талап еткен болатын.

ТЖМ-нің жауабы кезекті ресми сырғатпаға көбірек ұқсады: министрлік "сейсмология саласын жоспарлы түрде дамытып жатқанын", "сейсмикалық тәуекелдерді бағалау тәсілдерін нормативтік тұрғыдан бекітуге кіріскенін" және "халықты ерте хабардар ету жүйесінің жекелеген элементтерін енгізу" ісін қолға алғанын нұсқады.

Ведомстволық бюрократия тілінен қарапайым тілге аударғанда, бұл мынаны білдіреді:

  • қала құрылысы қорғансыз: сейсмоаймақтау карталарын қолдану мәселелері әлі де "кезең-кезеңімен енгізу сатысында" жатыр, ал, көптеген өңірлерде оларды әзірлеу тіпті аяқталмаған.
  • геодеректер шаң астында: қала әкімдіктері әлі күнге дейін құрылыс жүргізу аумақтарын зілзала қаупі бар аумақтардың цифрлық карталарымен еш байланыссыз жоспарлайды. Салдарынан жер сілкінуі мүмкін жерлерде тұрғын үй алаптары жаппай бой көтеруде.
  • сейсмомониторинг желісі дамымаған: бұл жүйе жалпы алғанда, жұмыс істеп тұр, бірақ ол қамтымайтын "соқыр аймақтар" тым көп. "Бақылау желісінің қамту аймағын одан әрі кеңейту және оны елдің сейсмоқауіпті аймақтары бойынша біркелкі орналастыру талап етіледі", – деп, шенеуніктер сол бұрынғыдай қол жайып, қарап отыр.
  • құлақтандыру ісі кенже қалды: Президент сынаған халықты ерте хабардар етудің интеграцияланған жүйесін құру жеделдетілген қарқынмен емес, тым баяу, "кезең-кезеңімен" жүріп жатыр.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде бүкіл республика бойынша бар-жоғы 7 сейсмикалық аймақтау картасы жасалған: ШҚО-да – 2, Алматы, Жамбыл, Абай, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында – 1-еуден.

2025 жылы "Азаматтық қорғау туралы" заңға түзетулер енгізіліп, әкімдіктерге мұндай карталарды әзірлеу мен бекіту өкілеттігі берілген болатын. Бірақ өңірлік билік бұл құқықты пайдалану орнына, елеусіз қалдырып келеді екен.

Үкіметтің мәліметінше, сейсмоқауіпті өңірлердің әкімдіктері тиісті карталарды әзірлеу мәселелерін әлі де "пысықтаумен" жүр. Сонымен бірге, Кешенді жоспар аясында ТЖМ тағы 12 картаны "әзірлеу мәселелерін пысықтауда". Егер өткен онжылдықтарда бары-жоғы 7-ақ карта әзірленсе, қалған 12 жаңа картаға тағы қанша жыл кетер екен?

Жер сілкінсе, әлемде қалай әрекет етеді?

Сонау 2024 жылы Мемлекет басшысы саланы цифрландыруды жеделдетуді тапсырған еді. Жер сілкінісі кезінде әрбір секунд алтыннан да қымбат. Сондықтан сарапшылар "мониторинг, деректерді талдау және ерте хабардар ету жүйелерін сейсмикалық тәуекелдерді басқарудың бірыңғай ұлттық цифрлық контурына біріктіруді" бұрыннан ұсынып келеді.

Мысалы, Жапонияда UrEDAS жүйесі жүздеген станциялардан тоқтаусыз, тұрақты түрде түсіп тұратын сигналдарды нақты уақыт режимінде өңдейді. Жойқын жер дүмпуі басталғанға дейін бірнеше секунд бұрын бұл жүйе адамның қатысуынсыз-ақ, пойыздарды автоматты түрде тоқтатып тастайды. Жарылыстың алдын алу үшін нысандарға газ беруді бұғаттайды.

АҚШ-та ShakeAlert жүйесі сейсмикалық микроаудандастырудың цифрлық карталарымен тығыз біріктірілген. Соның арқасында қатаң зілзала болуы мүмкін нақты жер учаскелерінде құрылыс бастауға рұқсат беруге автоматты түрде тосқауыл қояды.

Ал, Қазақстанда ше? Үкіметтің ресми мәліметінше, бүгінде жер сілкінісі мониторингін 143 сейсмостанция мен күшті қозғалыстар пункті жүргізеді. Былтырғы 2025 жылы Алматыда тағы 70 қосымша станция орнату жобасы бастау алған еді. Бірақ бұл жоба да әлі күнге дейін мәресіне жетпепті.

Сейсмоқауіпті өңірлердегі халықты шұғыл әрі жаппай құлақтандырудың "Mass Alert" жүйесін енгізу ісінің жағдайы да мәз емес. Жүйе 5,5 және жоғары көп баллдық жер сілкінісі кезінде азаматтардың ұялы телефондарына смс-мәтіндік хабарламаларды автоматты түрде таратуға тиіс.

Сондай-ақ ол дабыл-дауыс зорайтқыш құрылғылармен және ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесімен интеграциялануы тиіс болатын.

Президент тиісті тапсырманы 2024 жылы-ақ берген болатын. Бірақ бүгінде бұл жүйелерді бір-бірімен интеграциялау жұмыстарының тіпті басталмағаны анықталып отыр.

Бүгінде ТЖМ тарихи деректердің бірыңғай базасын қалыптастыру үшін архивтік сейсмологиялық материалдарды цифрландырумен айналысып жатыр.

ТЖМ, әкімдіктер, ғылыми ұйымдар, байланыс операторлары мен маңызды инфрақұрылым нысандарының иелері арасында ақпарат алмасу механизмдерін әзірлеу жалғасуда. Бұл деректерді Дағдарыстық жағдайларды басқару орталықтарына, 112 қызметіне және халықты құлақтандыру жүйелеріне жедел ұсынуға мүмкіндік беруі шарт.

Бұдан заңды сұрақ туындайды: егер көбісі сол баяғыдай жүзеге асырылу сатысында жатса, дәл қазір нақты қандай тетік жұмыс істеп тұр? Төтенше жағдайлар министрлігінің жанында ТЖ, соның ішінде сейсмикалық жағдайларды тәулік бойы мониторингтеуді жүзеге асыратын "Тұран" жедел штабы тұрақты негізде жұмыс істейді екен.

Жергілікті жерлерде әкімдіктер мен жауапты құрылымдар ескі сүрлеумен салып ұрып келеді. Баяғы әдістерін жалғастырып жатыр: халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтайды, жүйелерді тексереді және дәстүрлі сейсможаттығулар өткізеді. Осыдан 2,5 жыл бұрын Президент тиімділігіне күмән келтірген дәл сол жаттығулар жалғасуда.

Әрине, мұндай шаралар да қажет. Алайда планета қазақстандық шенеуніктердің кезекті "кезең-кезеңімен жүретін процестерін" аяғына жеткізуін немесе шаң басқан мұрағаттарды цифрландырып болуын күтіп отырмайды. Миллиондаған азаматтың амандығы құрғақ есептерді емес, апатқа дейінгі қас-қағым секундтарда елді сақтандырып, кейіннен апат салдарларын жою үшін мүлтіксіз жұмыс істейтін нақты технологияларды талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу