Қазақстанды айналып өтетін орталықазиялық дәліздің егжей-тегжейі жарияланды

4131

Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан еуразиялық елдерге соқпай, Еуропаға тікелей шығаратын теміржол желісі жобасында үлес бөлісті.

Қазақстанды айналып өтетін орталықазиялық дәліздің егжей-тегжейі жарияланды Фото: egemen.kz

Таяуда, 6 маусымда, ҚХР астанасы Бейжіңде аталған үш ел жобаға қатысты үшжақты үкіметаралық келісімшартқа қол қойған болатын. Сонда, салтанатты рәсімде тараптар пафосты жалпылама мәлімдемелермен шектелді де, жобаның жай-жапсарын жайып салмады.

Оның бірқатар "бүге-шігесі" енді ғана белгілі болуда. Тиісті ақпаратты "Узбекистон темир йуллари" АҚ жобалық офисіне сілтеме жасап, Орталық Азиядағы көлік, коммуникация және инфрақұрылым жаңалықтарына маманданған LogiStan арнасы жариялады.

Соның алдында Өзбекстан тарапы "Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан" теміржол бағыты жобасына арнап жасалған бейнероликті де жария етті. Онда да бірқатар тың мәліметтер келтірілген. Ролик авторлары үшжақты келіссөздерге тікелей қатысқан тұлғалар. Онда бұл жобаның жүктерді Қытайдан Еуропаға дейін жеткізуге бағытталғаны айтылған.

Үш елді басып өтетін теміржол жобасын Қытай алғаш рет сонау 1997 жылы ұсыныпты. Өзбекстан мен Қырғызстан президенттерінің саяси ерік-жігер танытуы арқасында жоба 2016 жылы жанданған. Сонда Қытай мен Өзбекстан Ангрен-Пап электрлендірілген теміржол желісін тартты және екі ел арасында, 1400 шақырым биіктікте ұзындығы 19,2 шақырым болатын алып "Камчик" тоннелін салды.

Сондай-ақ өзбек-қырғыз шекарасындағы теміржол желілері электрлендірілуде. Себебі, дизелмен немесе газбен қозғалатын локомотивтерге (тепловоздарға) қарағанда электровоздар әлдеқайда жылдам жүреді.

Сонымен, Өзбекстан тарапы қоғамның игілігіне айналдырған ақпарат бойынша және Бейжіңде қол қойылған құжатқа сәйкес, Қазақстанды, Ресейді және Әзербайжанды айналып өтіп, жаһандық нарыққа шығатын жаңа теміржол бағыты жобасында үлестер келесідей тәртіппен бөлінді:

  •  Қытай халық республикасына – 51%, яғни бақылаушы, бұғаттаушы үлеске ие.
  •  Қырғыз Республикасына – 24,5%,
  •  Өзбекстанға – 24,5%.

Жұртшылыққа жария болған деректер сонымен қатар жобаның Қырғызстан территориясында қаншаға түсетінін, сметалық құнын көрсетеді. Бұл сома 4,7 миллиард долларды құрамақ.

Алайда бүкіл жобаның жалпы құны сол бұрынғыдай құпияда сақталуда.

Қырғыздың Economist басылымы тағы қандай мәліметтердің жоқтығына назар аудартты:

  • құрылыстың нақты қашан басталатыны;
  • теміржол құрылысының қанша мерзімге ұзайтыны;
  •  ол іске қосылғаннан кейін қандай тарифтер белгіленетіні;
  • әрбір ел, соның ішінде үстем акционер Қытай үшін қандай жеңілдік пен артықшылық жасалатыны;
  • түскен табыстарды бөлісу тәртібі де жария етілмей тұр.

Бұдан бөлек, құрылып жатқан бірлескен кәсіпорынның одан әрі теміржол желісін өз меншігінде сақтап қалатыны, әлде құрылыс аяқталған соң оны мемлекеттердің иелігіне тапсыратыны да белгісіз.

Бір белгілісі, жаңа теміржол маршрутінің жалпы ұзындығы 486 шақырымға созылып жатпақ. Яғни, мейлінше қысқа және тауар-жүкті тезірек жеткізуге мүмкіндік береді.

Салыстырсақ, мысалы, қытайдың Ляньюньганынан басталып, Қазақстан территориясын басып өтіп, Ресейдің теңіз порттарына дейін жететін "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" халықаралық автокөлік дәлізінің ұзындығы 8 445 шақырым.

"Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржол бағыты ҚХР аумағындағы Қашғардан бастау алады. Ары қарай Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы мен Қырғызстанның Нарын облысының шекарасында, Тянь-Шань тау желісінде орналасқан Торугарт (қытайша, пиньинь túlūgáĕrtè shānkŏu) асуы арқылы өтіп, Нарын облысындағы Арпа алқабына жетеді.

Содан кейін қырғыздың Кош-Дөбө таулы елді мекені және Джалал-Абад облысындағы Мақмал ауылдарын дендей еніп, одан әрі Өзбекстан шекарасына – Джалал-Абад қаласына бет алады. Өзбекстаннан жүктер Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан арқылы Пәкістанға, Үндістанға, Иранға, Таяу Шығыс елдеріне және Түркия мен Еуропаға шығады деп жоспарланған: қажетті теміржолдар, теңіз көлігі бағыттары жолға қойылған.

Жалпы алғанда, ҚХР, Қырғызстан және Өзбекстан арасындағы жаңа теміржол бағытында жылжымалы құрамдар сағатына 120 шақырымға дейінгі жылдамдықпен қозғалмақ.

Соған қол жеткізу үшін Қытайдағы Қашғардан Қырғыз республикасындағы Мақмал станциясына дейін 170 шақырымдық жаңа теміржол желісі тартылады.

Бір ғажабы, осы жаңа жоба аясында Қырғызстан теміржол бойынша жолтабан енінде (ширина колеи) орыс стандартынан еуропалық стандартқа көшпек. Ресей империясында және бертінде кеңес заманында теміржолдар 1520 миллиметр стандартпен салынғаны белгілі. Тиісінше, Қазақстан мен Орталық Азия елдері де осы жолтабан еніне бейімделді.

Ал, Қытай бірден еуропалық стандартты (1435 мм) қабылдаған.

Жолтабан ендері өлшемдерінің әрбасқа болуы шекараларда жүктерді өңдеуге кететін уақытты арттырады. Салдарынан, теміржол құрамдары қандай да бір елге кіргенде, ары қарай рельстермен жүре алуы үшін шекаралық өтпе станцияларында вагондардың астындағы доңғалақты "арбаша-тележкаларын" ауыстыруға тура келеді.

Жаңа теміржол бағытында теміржол құрамдары көп кідірусіз жүйткуі үшін қытайлық Қашғардан қырғыздың Мақмалына дейін төселетін жаңа теміржолдың жолтабан ені 1435 миллиметр болады.

Алайда жобаның құрылысы тым ұзаққа созылып кетпеуі үшін ары қарайғы жолда қолданыстағы теміржол желілері пайдаланылмақ. Яғни, Мақмалдан Өзбекстанға дейін құрамдар 142 шақырым бойы 1520 миллиметрлік жолтабанмен сапарлайды. Әйтсе де, Қашғар–Мақмал жаңа жолы арқасында вагондардың доңғалақты арбашаларын екі рет емес, бір рет қана ауыстыруға тура келмек.

Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан жаңа теміржол бағытымен тасылатын жүк айналымының жыл сайынғы көлемі 2030 жылы – 8 миллион, 2040 жылға қарай – 10 миллион, 2050 жылға қарай – 13,5 миллион тоннаны құрайды деп күтілуде.

Бұл тұрғыда осы бағыт Қазақстан мен Әзербайжан басшылығы ілгерілетіп жатқан және Ресейді айналып өтетін "Транскаспий халықаралық көлік бағытына" (ТХКБ) бәсекелес болмақ.

Биылғы наурызда әзербайжандық АПА агенттігіне сұхбатында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев осы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалы көлемі алдағы үш жылда 10 миллион тоннаға дейін артатынын болжады. Әзірше, ТХКБ бойынша тасымал ауқымы 2023 жылы 2,7 миллион тоннаны ғана құрады.

"Узбекистон темир йуллари" АҚ жобалық офисінің түсіндіруінше, "Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан" жаңа маршруті құрлық арқылы жүретін қосымша халықаралық дәліздің пайда болуына жол ашады.

"Бұл көлік коммуникацияларын диверсификациялауға, Қытай мен Орталық Азиядан Түркияға, Еуропаға, Пәкістан мен Үндістанға жүк жеткізілімдерінің өзіндік құнын арзандатуға ықпал етеді. Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол бағыты дау туғызбас артықшылықтарға ие. Біріншіден, Қытай мен Еуропаны барынша қысқа маршрутпен – небары 5500 шақырымдық мономодальды теміржол желісімен байланыстырады. Екіншіден, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Ауғанстанның экспорттық және импорттық жүктерді жеткізу логистикасы жетілдіріледі", – деп хабарлады жобалық офис сарапшылары.

Жаңа дәліздің тағы бір артықшылығы сол, ол Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Өзбекстан сияқты Азиядағы ең көп халқы бар елдерді бір теміржол желісімен өзара байланыстырғалы тұр.

Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол бағытында жалпы саны 18 теміржол станциясы болады. Жалпы ұзындығы 26 шақырым болатын 81 көпір салынады. Жалпы ұзындығы 120 шақырымға жететін 41 тоннель қазылады.

Қазіргі кезде тараптар дәліз жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін пысықтап, жобалық-сметалық құжаттамасын бірлесе әзірлеп жатыр.

Таяуда Inbusiness.kz сарапшылардың байламына сүйене отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына кедергі болып тұрған "тар тұстарды" атаған болатын. Орталық Азия елдері алдын орап, шет қалдырмай тұрғанда, Қазақстан ТХКБ-ны дамытуды жеделдеткені жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу