Қазақстанды қоқыс құрсауынан Финляндия құтқарады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8325

Еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың 11,5 пайызы, ал өндірістік қалдықтардың 32 пайызы ғана кәдеге жаратылады.

Қазақстанды қоқыс құрсауынан Финляндия құтқарады Фото: tengrinews.kz

Солтүстік Еуропада Финляндия деген мемлекет бар: Қазақстанмен салыстырғанда жер көлемі 8 есе кіші, халық саны 3 есе аз. Бірақ, бұл ел – өнеркәсібі аса қарқынды дамыған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі.

Мәселен, Финляндияда барлық қалдық түрлерінің 97 пайызы қайта өңделеді. Яғни, Суоми елі қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге әлдеқашан көшіп алған. Дүниежүзінде мұндай көрсеткішке қол жеткізіп отырған мемлекет өте сирек. Міне, сол Финляндия Қазақстанды қоқыс өңдеуге үйретпек.

Еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Қазақстандағы тұрмыстық қатты қалдықтардың тек 2,6 пайызы ғана қайта өңделген екен.

"Соңғы үш жылда бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 11,5 пайызға жеткіздік. Бұл өте аз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстандағы өндірістік қалдықтардың 32 пайызы қайта өңделеді. Ал Финляндияда қалдықтың барлық түрінің 97 пайызы кәдеге жаратылады. Оның ішінде өндірістік қалдықтар да, тұрмыстық қатты қалдықтар да бар", – деді Қанат Бозымбаев Астанада өткен Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысында.

Энергетика министрі атап өткендей, қалдықтарды өңдеуді жолға қою үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақстан нарығына фин бизнесін, фин капиталын, фин ноу-хауын тартып, енгізсек жетіп жатыр.

"Егер бұған заң тұрғысынан кедергілер болса, онда заңнамаға өзгерістер енгізу қажет", – дейді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда жаңа экологиялық кодекс әзірленбек. Оны әзірлеу барысында заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте, басқа да заңдарға, соның ішінде салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасалмақ. Осылайша, министрлік қалдықты қайта өңдеу саласы үшін салықтық жеңілдіктер сұрамақ.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қалдықтарды полигонға көму – қалдықтан құтылудың ең соңғы сатысы. Ал оған дейін қалдықты мүлдем болдырмау, қайта пайдалану немесе өңдеп, жаңа өнім шығару, сондай-ақ өңдеудің басқа жолы болмаса, энергетикалық ресурстар алу секілді үш сатысы бар. Өкінішке қарай, Қазақстандағы қалдықтардың 90 пайызға жуығы полигонға көміледі. Ең зияндысы да – осы. Ол экологияны, жер асты суларын ластайды. 

"Фин тәжірибесін пайдалану керек. Өйткені, Финляндия қалдықтарды өңдеу бойынша әлемдегі көш бастап тұрған елдердің бірі. Мәселен, аталған мемлекеттің қалдықтармен жұмыс істеу саясатында "қалдықтар иерархиясы" деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз", – деді энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Гүлшира Атемова Atameken Business арнасына берген сұхбатында.  

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда қалдық өңдейтін 150-ден астам компания бар. Ал 2015 жылы бұл бағытта жұмыс істейтін 100 шамалы кәсіпорын тіркелген.

"2016-2018 жылдар аралығында қалдықтарды жинау және кәдеге жарату шығындарының орнын толтыру үшін 50 компанияға 7 млрд теңге көлемінде өтемақы төленді", – дейді Гүлшира Атемова.

Қалдық өңдейтін компаниялар 20-дан астам өнім түрін шығарады. Мәселен, пластикалық қалдықтардан құрылыс материалдары алынады. Тұрмыстық қалдықтар қағаз өндірісінде пайдаланылады. Техниканың жарамсыз дөңгелектерінен жүгіруге және балалардың ойын алаңына арналған жолақтар жасалады.  

Еске сала кетейік, 2018 жылы республика бойынша 4,3 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның 11,5 пайызы ғана қайта өңделді.

"Писсимистік сценарий бойынша биыл Қазақстандағы тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу көрсеткіші 14 пайыздан асуы керек", – дейді министрліктің өкілі.

Қалай десек те, Қазақстан халқы қоқыс пен қалдық құрсауында ғұмыр кешіп келеді. Енді финдер келіп құтқармаса, жағдайдың жақсармасы анық...

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу