АҚШ басылымы көрші ел туралы күтпеген тұжырым жасады

350

Америкалық сарапшылар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріндегі ақпараттық ахуалға алаңдаушылық білдірді.

АҚШ басылымы көрші ел туралы күтпеген тұжырым жасады Фото: canva

АҚШ-тың The Washington Post басылымы "Путиннің келесі бағыты" атты мақаласында Ресейге көршілес елдерде ақпараттық ықпал байқалып отырғанын жазады.

АҚШ Президенті Рональд Рейган әкімшілігі тұсында Әскери-теңіз күштері министрінің орынбасары болған, бүгінде Йорктаун институтының президенті Сет Кропси мен осы ғылым ордасының аға ғылыми қызметкері, "Тұран" зерттеу орталығының директоры Джозеф Эпштейн әлгіндей өз байламдарын ортаға салды.

"Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда ахуалдың күрделену қаупі қайта байқала бастады. Бұл елдердегі Ресейдің ықпалы енді танктермен емес, ақпараттық және дезинформациялық әдістермен жүзеге асуда", – деп жазады The Washington Post.

Авторлар Қазақстанның геосаяси жағдайына да тоқталып, оның Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие ел екенін еске салады.

Сет Кропси мен Джозеф Эпштейннің пайымдауынша, қазіргі Ресейдің әскери ресурсы шектеулі болғандықтан, кең ауқымды әскери әрекеттерге баруы екіталай. Дегенмен, ол өз мүддесін ақпараттық ілгерілетуге талпынуы мүмкін.

"Қазақстанның басты күші – Қытаймен, Түркиямен, АҚШ-пен және Еуропалық Одақпен теңгерімді қарым-қатынас орнатуында", – деп жазады Washington Post.

Мақалада Қазақстан басшылығының ішкі тұрақтылықты нығайтуға және идеологиялық негіздерді күшейтуге бағытталған қадамдары да сөз болды.

Жақында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын бекіту туралы" жарлыққа қол қойғаны атап өтілді. Құжатта ел бірлігін сақтау, қоғамдық тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз ету негізгі бағыт ретінде белгіленген.

"Бірлік пен ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылықтың іргетасы. Ел бірлігін сақтау саясаты азаматтық құндылықтарға және заң алдындағы теңдік қағидаттарына сүйенеді", – делінген жарлықта.

Мақалада Қазақстан Президентінің соңғы аптадағы Вашингтонмен байланыс орнату әрекеттеріне де назар аударылған.

29 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті.

Кездесу барысында тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті және C5+1 саммиті аясындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Энергетика, көлік, цифрландыру және минералдар салаларындағы жобалар негізгі тақырып болды.

Армениядағы ахуал

Мақалада Армениядағы жағдай да қарастырылған. Сарапшылардың пікірінше, Ереванның соңғы жылдары Еуропалық бағытқа бет бұруы және Еуразиялық одақтан алыстауы Мәскеудің назарын аударған.

Арменияда соңғы айларда кей кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасады деген күдікпен тергелуде. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл ұйымдардың кейбірі шетелдік қаржыландырумен байланыстырылған.

Премьер-министр Никол Пашинян жуырдағы партия съезінде өз халқын бейбітшілік пен тәуелсіздік бағытына шақырып, бұрынғы идеологиялық көзқарастардың ескіргенін айтты.

"Патриотизм кеңес кезеңінде сыртқы аумақтық ұмтылыс ретінде қалыптасты. Біз енді өз елімізді нығайтуға және бейбіт өмір құруға назар аударуымыз керек", – деді ол.

РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "Армения тарихындағы ауыр кезеңдерді Ресейдің рөлінсіз түсіндіру шындыққа сай келмейді" деп мәлімдеді.

The Washington Post сарапшыларының пікірінше, Мәскеудің ақпараттық және саяси ықпалының артуы посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін белгілі бір ұзақмерзімді тәуекелдер тудыруы мүмкін.

"Егер Батыс елдері Қазақстан мен Арменияны экономикалық, дипломатиялық және технологиялық тұрғыда қолдауды жалғастырса, бұл мемлекеттер өз егемендігін сақтап, тұрақтылықты нығайта алады", – деп түйіндеді басылым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу